«Alatau Aqparat» ЖШС ұйымдастырған Almaty aqshamy мен «Вечерний Almaty» газеттерінің тұрақты оқырмандарына арналған байқаудың жеңімпаздары белгілі болды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жалпы, газет оқырмандары арасында ұтыс ойынын өткізу қос басылымның игі дәстүріне айналған. Осыған орай «Alatau Aqparat» ЖШС ұжымы жыл сайын жазылушылар арасында дәстүрлі «Жазыл да, ұтып ал!» байқауын ұйымдастырып келеді. Қала тұрғындары бұл жолы да белсенді қатысып, бақтарын сынады.
Aport Mall East сауда-ойын-сауық орталығында өткен байқауға қатысушылар саны көп болды. Арнайы комиссия құрылып, газетке жазылғанын растайтын түбіртектерін жолдаған оқырмандар арасынан кездейсоқ таңдау арқылы жеңімпаздар анықталды.
– Байқауға жаңадан қосылған және көптен бері бізбен бірге келе жатқан тұрақты оқырмандар тең дәрежеде қатысты. Оқырмандарымызға ұсынатын материалдарымыздың мазмұнды, өзекті әрі қызықты болғанына қуаныштымын. Біз Алматы қаласының тыныс-тіршілігі туралы шынайы, тексерілген әрі пайдалы ақпарат ұсынып келеміз. Барлық қатысушыға алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да бұл байқауды дәстүрлі түрде жалғастырамыз. Жүлделердің құндылығы арта түседі деп сенемін. Almaty aqshamy және «Вечерний Алматы» газеттері бүгінде де жоғары сұранысқа ие, – деді «Alatau Aqparat» ЖШС коммерциялық директоры Қуаныш Дюскалиев.
Байқау қорытындысы бойынша Almaty aqshamy газетінің оқырмандары арасынан Әмірбеков Нұрмұхамет, Шантиев Асқар және Жақсылық Тазабек жеңімпаз атанды.
– 1996 жылдан бері Almaty Aqshamy газетінің тұрақты оқырманымын. Жыл сайын байқауға қатысамын, биыл жолым болып, жүлдеге ие болдым. Қуанышымда шек жоқ. Редакция ұжымына алғысым зор. Газеттегі материалдарды қызыға оқимыз. Басылымның өркендей беруіне тілектеспін, – деді жеңімпаз Жақсылық Тазабек.
Ал «Вечерний Aлматы» газетінің оқырманы Сәуле Сейілханқызы өз әсерімен бөлісті:
– Бұл газетпен мен балалық шағымнан бастап есейгенге дейін бірге келемін. Көп жыл әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де орыс тілі пәнінен дәріс бердім. Қазір де «Вечерний Алматы» газетін сүйіп оқимын. Редакция мен оқырман арасындағы байланыс әрдайым нығая беруі керек. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамдағы төртінші билік өкілі, маңызды күш. Еліміз аман, аспанымыз ашық болсын, – деді ол.
Жеңімпаздарға тұрмыстық техникаларды ұсынған «Панасоник Маркетинг ТМД» компаниясының Орталық Азия бойынша даму менеджері Эдгар Деревянко іс-шараның маңыздылығын атап өтті:
– Бүгінгі іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Осындай игі бастамалар оқырман мен басылым арасындағы байланысты нығайта түседі. Әсіресе, Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келуі бұл күннің маңызын арттыра түсті. Мұндай іс-шаралар адамдарға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамдағы бірлікті де күшейтеді. «Панасоник» компаниясы үшін де осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларға қолдау көрсету – үлкен жауапкершілік. Біз алдағы уақытта да осындай бастамаларға атсалыса береміз, – деді ол.
Ұтыс жеңімпаздары мұндай игі дәстүрді жалғастырып келе жатқан «Alatau Aqparat» ЖШС ұжымына алғыстарын білдірді. Биыл газетке жазылушылар санының артқаны да ерекше байқалды.