Іс-шаралар мектеп өмірінің мазмұнын байытып, білім мен тәрбие, ізгілік пен ынтымақтастықтың өзара сабақтастығын көрсетті, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылдың 16–20 қараша аралығында Алматы қаласы Алатау ауданы №196 жалпы білім беретін мектебінде тәрбиелік, білім беру және қоғамдық бағыттағы бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылып, оқушылардың адамгершілік қасиеттерін, білімге құштарлығын және әлеуметтік жауапкершілігін дамытуға бағытталған жұмыстар жүргізілді.
16 қараша күні мектеп оқушылары арасында «Жауапкершілік – адамгершілік қасиеттерінің көрінісі» тақырыбында сынып сағаттары өткізілді. Іс-шара барысында жауапкершіліктің адам өміріндегі маңызы, өз әрекетіне есеп беру, адалдық пен сыйластық құндылықтары талқыланды.

17 қараша күні «Жүректен жүрекке» қайырымдылық акциясы №196 ЖББМ, «Қамқор» жобасы және мектеп құрылтайының ұйымдастыруымен өткізілді. Акцияның мақсаты – оқушылар бойына мейірімділік, жанашырлық пен қайырымдылық қасиеттерін қалыптастыру, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету.
Осы күні 5–6 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың мектепішілік кезеңі және «Бастау» республикалық олимпиадасы ұйымдастырылды. Білім додасына 950 қатысушы қатысып, оқушылардың білім деңгейі, логикалық ойлау қабілеті мен ізденімпаздығы сынға түсті.

18 қараша күні Алатау ауданы №196 ЖББМ оқушылары «Ерте араласудың әлеуметтік қызметтер» орталығында қайырымдылық іс-шарасына қатысып, ізгілік пен қамқорлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
20 қараша күні мектепте «ALMATY TEACHER CUP 2026» – Алатау ауданындағы үздік педагогикалық идеялар тоғысуы ұйымдастырылды. Аталған шара педагогтердің тәжірибе алмасуына, шығармашылық ізденісіне және кәсіби дамуына мүмкіндік берді.

Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларының оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған «Оқырман мектеп» моделі аясында «Ақыл, еңбек, тапқырлық – табыс кілті» тақырыбындағы жоба жүзеге асырылды. Жоба оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, ойлау қабілетін дамытуға және білімге деген ынтасын қалыптастыруға бағытталды.
Аталған іс-шаралар мектеп өмірінің мазмұнын байытып, білім мен тәрбие, ізгілік пен ынтымақтастықтың өзара сабақтастығын көрсетті. №196 жалпы білім беретін мектеп ұжымы жас ұрпақты білімді, жауапкершілігі жоғары, адамгершілігі мол, қоғамға пайдалы тұлға етіп тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Орынгүл Мамутова,
№196 жалпы білім беретін мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі