Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы аясында тұрғындарға арнап «Тәуелсіздік – тұғырым» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Дауыс беруге келген қала тұрғындары сайлау рәсімімен қатар, ұлттық өнердің әсем үлгілерін тамашалауға мүмкіндік алды. Концерт барысында өнерпаздар домбырамен күй орындап, сондай-ақ көне музыкалық аспап – дутардың сүйемелдеуімен әуезді шығармаларды көпшілік назарына ұсынды.
Ұлттық аспаптардың қоңыр үні сайлау учаскесіне ерекше атмосфера сыйлап, тұрғындардың көңіл күйін көтерді. Өнерпаздар өнерлері арқылы қазақ халқының мәдени мұрасы мен рухани құндылықтарын дәріптеді.
«Тәуелсіздік – тұғырым» атты концерттік бағдарлама сайлау күнін мәдени іс-шаралармен ұштастырып, тұрғындардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік берді.
Осылайша, Алматыдағы сайлау учаскелерінде азаматтық белсенділікпен қатар, ұлттық өнер мен мәдениетке де ерекше мән берілуде.