Бүгін әлемдегі ең танымал интернет-энциклопедия "Википедияға" 25 жыл толды. Шағын ғана онлайн жоба ретінде басталған платформа бүгінде әлемдегі ең көп қаралатын он сайттың қатарына кіріп отыр. Миллиондаған адам күнделікті ақпарат алу үшін жүгінетін бұл ресурс бір мезгілде еркін білімнің символына да, даулы пікірлердің нысанына да айналды. "Википедия" қалай пайда болды? Бұл тақырыпты Aqshamnews.kz тілшісі талдап көрді.
"Википедия" қалай пайда болды?
1990-жылдары интернеттің қарқынды дамуы адамзатқа қажетті барлық өзекті ақпаратты бір жерге жинақтайтын цифрлық энциклопедия құру қажеттігін туындатты. Осы идея жетегінде америкалық кәсіпкер Джимми Уэллс 2000 жылы "Нупедия" жобасын іске қосты. Бұл энциклопедияда мақалаларды тек кәсіби мамандар жазып, олар міндетті редакторлық сараптамадан өтуі тиіс еді.
Алайда бұл тәсіл тым баяу болып шықты. Сол себепті 2001 жылдың қаңтарында кез келген қолданушыға мәтін жазып, оны өңдеуге мүмкіндік беретін вики-қозғалтқышты пайдалану идеясы ұсынылды. "Нупедия" қатысушыларының бір бөлігі бұл бастаманы қолдамаған соң, вики-негізінде жаңа жоба - "Википедия" құрылды. Ондағы алғашқы түзету 2001 жылдың 15 қаңтарында жасалғандықтан, бұл күн жобаның ресми туған күні болып саналады.
Тілдік нұсқалар және қамту аясы
Алғашында "Википедия" тек ағылшын тілінде болды. Алайда 2001 жылдың наурызында неміс және каталон тілдеріндегі бөлімдер ашылып, көп ұзамай басқа да тілдер қосылды. Бүгінде "Википедияның" 350-ден астам тілдік бөлімі бар.
Ең ірі бөлім - ағылшын тіліндегі "Википедия". Онда 7 миллионнан астам мақала және айына кемінде 100 түзету енгізетін 260 мыңға жуық белсенді редактор бар. Екінші орында Филиппиндерде таралған сибуан тіліндегі нұсқасы тұр. Мұндағы мақалалардың басым бөлігі боттардың көмегімен жазылған.
Орыс тіліндегі "Википедия" мақалалар саны бойынша 8-орында (2,08 млн), ал белсенді редакторлар саны жағынан 12-орында.
"Википедияны" кім басқарады?
"Википедияны" америкалық Wikimedia Foundation басқарады. Қордың штаб-пәтері Сан-Францискода орналасқан, сондықтан жоба АҚШ пен Калифорния штатының заңдарына бағынады.
Маңыздысы - қор мақалаларды өзі жазбайды және олардың авторлық құқығына ие емес. Барлық материалдар еркін лицензиямен таратылады.
"Википедияда" орталық редакция жоқ. Мақалаларды ерікті қолданушылар жазады. Әр тілдік бөлімде әкімшілер бар: олар мақалаларды қорғауға, өшіруге немесе пайдаланушыларды бұғаттауға құқылы. Әкімшілер онлайн дауыс беру арқылы сайланады.
Осы ерекшеліктерге байланысты "Википедия" абсолютті сенімді дереккөз ретінде қарастырылмайды, сондықтан ондағы ақпаратты қосымша тексеру ұсынылады. Соған қарамастан, оның танымалдығы жылдан-жылға артып келеді.
Жанжалдар мен дау-дамайлар
25 жыл ішінде "Википедия" бірнеше ірі жанжалдың ортасында болды. Ашық редакциялау жүйесі кейде жалған ақпараттың таралуына себеп болды.
Мысалы, 2007 жылы түрік тарихшысы Танер Акчам туралы мақаладағы жалған дерекке байланысты Канадада уақытша ұсталды. Ал 2009 жылы Германия министрі Карл-Теодор Гуттенбергтің атына қате түрде қосымша есім қосылып, бұл ақпаратты БАҚ жаппай қайталаған.
2006 жылы АҚШ Конгресі қызметкерлері саясаткерлер туралы мақалалардан жағымсыз деректерді өшіріп отырғаны анықталып, үлкен дау туындады. Сол кезде болашақ президент Джо Байден мен вице-президент Майк Пенс туралы мақалалар да өңделген.
Бұғаттаулар мен шектеулер
Ақпараттың саясилануы мен тексерілмеуі кейбір елдерде «Википедияның» шектелуіне әкелді. Қытайда сайт толықтай бұғатталған. Сонымен қатар әр жылдары Иран, Пәкістан, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Тунис және Өзбекстанда да шектеулер болған.
Еуропада да даулы жағдайлар кездесті. Ұлыбританияда The Scorpions тобының Virgin Killer альбомы туралы мақалаға тыйым салынды. Францияда 2013 жылы барлау қызметі әскери нысан туралы мақаланы өшіруді талап етіп, әкімшілердің бірін уақытша ұстаған.
Ресейде 2012 жылдан кейін есірткі мен суицидке қатысты бірнеше мақала бұғатталып, 2015 жылы чарас туралы мақала үшін "Википедия" уақытша жабылған.
Қазақша Уикипедия: ұлттық білім кеңістігі
Қазақша Уикипедия (Qazaqşa Uikipediia) - "Википедияның" қазақ тіліндегі бөлімі. Ол 2002 жылдың 3 маусымынан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл бөлімнің бірегейлігі - мақалалар ұзақ уақыт бойы үш әліпбиде (кириллица, төте жазу және латын) қатар жазылып келді. Осы тәжірибе басқа көпәліпбилі Уикипедияларға үлгі болды.
2026 жылғы 15 қаңтардағы дерек бойынша:
- 241 994 мақала бар;
- 172 777 тіркелген қатысушы
- соңғы 30 күнде белсенді болған 397 редактор
- 16 администратор
- жалпы өңдеу саны - 3,5 млн-нан асқан.
Қазақша Уикипедия мақалалар саны бойынша 49-орында, ал ай сайынғы қаралым саны 26,8 миллионға жуық. Бұл көрсеткіш қазақ тіліндегі онлайн білімге деген сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді.