AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
    • Жолдау
    • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
    • • Жолдау
    • • Келешек мектептері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Мұны білген жөн / Әуе қалқаны: Алматы аспанын кімдер күзетіп тұр?

Әуе қалқаны: Алматы аспанын кімдер күзетіп тұр?

Мұны білген жөн Бүгін 13:35 46 Гүлжанат Сембаева
Әуе қалқаны: Алматы аспанын кімдер күзетіп тұр?
Автордан

Бүгінгі әлем соғыстан аулақ тұрған жоқ. Тіпті, соғыс дүмпуі бізге көршілес елдер мен аймақтардан естіліп тұр. Бейбіт өмір сүру үшін жәй ғана бейбітшілікті жақтаудың жеткілікті болмайтынын қазіргі жаһандық жағдай көрсетіп берді. Технологияның дамуымен соғыстардың да сипаты өзгеріп, әуе қорғанысы мен әуе күштерінің маңызын бұрынғыдан да арттыра түсті.

Алматы – келбеті келіскен, бейбіт тіршілігі қайнаған таңғажайып шаһар. Олай болса, осы аялы шаһардың аспанын, оның миллиондаған тұрғындарын, стратегиялық маңызды нысандарын, көктен төнетін түрлі қауіптерден кімдер қорғап тұр? Біздің әуе күштерінің әлеуеті қандай? Толығырақ aqshamnews.kz тілшісінің материалында.

Ұшқан құс та бақылауында

Кез келген елдің қауіпсіздігін ең бірінші кезекте әуе қорғанысының қауқарына қарап бағалайды. Қауіп төнсе, ең алдымен Әуе қорғаныс күштерінің сарбаздары мен олардың сенімді техникасы көкке көтеріледі. Ал олардың аспанға көтерілуіне жағдай жасап, алып техниканы дайындап отыратын, әуе шабуылына қарсы қорғанысты ұйымдастыратын тылдағы мамандардың еңбегі ерен. Міне, біз аспан қауіпсіздігін күзететін осындай ерлердің қызметін бүкпесіз көрсету үшін Алматының аспан кеңістігін күзететін қала маңындағы №97617 әскери бөліміне барып, сала мамандарының еңбегін көзбен көрдік, жұмыс барысын бақыладық.

Күндіз-түні 20 мың метр биіктік пен 600 шақырым радиусты жіті бақылап отырған №97617 әскери бөлімі – ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің құрамындағы Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасы. Негізгі міндеті – Алматы өңірінің әуе кеңістігін бақылап, стратегиялық маңызы бар нысандар мен әкімшілік-өнеркәсіптік орталықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта еліміздің әуе кеңістігіне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, әскери бөлімдер қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Күнделікті тіршілігі құжаттарды реттеп, бұйрықтарды орындаудан және әскери міндеттерді үйлестіруден тұрады. Әрине, қауіпсіздік үшін бізге әскери құпияға сәйкес,  техниканың нақты қай жерде тұрғаны сияқты өзге де ақпараттар жария етілмеді.

Әскерилер тек соғыс ұшақтарын емес, біз ұшып жүрген жолаушылар ұшақтары мен тікұшақтарды да қадағалайды. Тіпті, Алматы аспанынан ұшып өткен құс та әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерилерінің бақылауынан тыс қалмайды. Әуе кеңістігінен ұшып өтетін рейстердің кестесі мен бағыты әскери бөлімге алдын ала беріледі. Әрбір ұшақтың қай жерде ұшып бара жатқанын қалт жібермей бақылап отырады.

Орталық Азияда көшбасшы

«Аспанды бақылау жұмысы бір секундқа да тоқтамайды», - дейді әскери бөлімге барғанымызда бізді күтіп алған бөлімнің командирі, полковник Ахат Жүнізбеков.

Полковниктің сөзінше, әуедегі жағдай қас-қағым сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Сондықтан кезекші топтағы мамандар тәулік бойы тапжылмай жұмыс істейді. Қазақстанның әуе қорғанысы жүйесінің мамандары тек ел ішінде отырмайды. Халықаралық деңгейдегі және ТМД елдері арасындағы ірі оқу-жаттығуларға жиі қатысады. Ондай жарыстар мен сынақтарда біздің әскерилер өздерінің өте жоғары дайындығын көрсетіп, үздіктердің қатарынан көрініп келеді.

Әлем елдерінің әскери қуатын бағалайтын ең беделді халықаралық ұйым – Global Firepower (GFP) сараптамалық орталығының ресми деректерінде ТМД-ның Орталық Азия аймағында Қазақстан әскери қуаты мен әуе күштерінің заманауи жарақтандырылуы бойынша 1-орында тұр. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның Өзбекстаннан (әлемде 58-бағытта қатарлас) озып, Орталық Азияда жетекші орынға шығуына дәл осы авиация саласының (су жаңа Су-30СМ жойғыш ұшақтары, заманауи әскери-көліктік ұшақтар мен тікұшақтар паркі) әлеуеті тікелей әсер еткен.

«Әуе қозғалысы басқару орталығында маңызды әрі жауапты міндетті атқаратын өз ісінің шеберлері қызмет етеді. Біздің негізгі мақсатымыз – белгіленген жауапкершілік аумағында әуе кеңістігін үздіксіз бақылау. Әлемде жүріп жатқан соғыстар әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштеріне түсетін жүктің қаншалықты ауыр екенін дәлелдеп берді», – дейді бөлім командирі Ахат Жүнізбеков.

ХХ ғасырдың 40-жылдарындағыдай  бүгінде ешкім жаяу әскермен соғыспайды, соғыстағы басты қауіп – заманауи ұшақтар мен басқарусыз ұшу аппараттары мен дрондар.  Сондықтан бұл бөлімнің басты бағдары – Алматыны әуе ұшақтарынан және қанатты зымырандардан қорғау. Ал өңірлік гарнизондар бұдан өзге де қауіптерге қарсы жұмыс істейді.

Маңызды басқарма

Қазақстан бойынша әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағытында 9 бірдей ірі бригада бар. Арнайы тоқталып, кететін тағы бір жайт еліміздің аспан тыныштығын күзететін біз барған құрылым елдегі ең маңызды басқарма.

«Техникалық мүмкіндіктерге келер болсақ, жоғарыда аталған роталар мен бөлімшелердің әрқайсысы өзі тұрған нүктеден бастап 600 шақырым (км) радиустағы әуе кеңістігін толық бақылай алады. Осы бөлімшелердің бақылау шекараларын қосқан кезде біздің жалпы позициялық ауданымыздың сыртқы қорғаныс шебі құрылады. Біз әуедегі нысандарды 20 000 метр (20 км) биіктікке дейін анық көріп, қадағалай аламыз», – деді полковник.

Бригададағы мамандар көкке көтерілген әр ұшақтың қай уақытта шыққанын, қай бағытта бара жатқанын біледі.  Ақпараттық технологиялар мен автоматтандырылған басқару жүйесінің арқасында әуежайлардағы диспетчерлерімен де байланыс орнатылған. Егер әуеде қандай да бір апаттық жағдай болып, ұшақ бағытынан ауытқыса, әскерилер оның себебін бірден анықтап, бақылауға алады.

Нөмірі бірінші дайындық

Бөлім командирінен басқарманың жауапкершілігіндегі кеңістікте күдікті нысан байқалса не істейтінін сұрадық.

«Әскери бөлімнің бүкіл тыныс-тіршілігін, яғни жауынгерлік есебін басқаратын ең негізгі адам – бригаданың жедел кезекшісі, ол бүкіл процестің бас үйлестірушісі. Оған ақпарат жинайтын орталықтар, экранға қарап отыратын операторлар, картамен жұмыс істейтін планшетшілер, радистер мен байланыс мамандарының бәрі тікелей бағынады. Егер Алматы аспанында ресми рұқсаты жоқ, ұшу кестесінде көрсетілмеген күдікті белгі –  ұшақ, дрон немесе зымыран пайда болса, шұғыл жоспар іске қосылады. Ең алдымен, шеткері аймақтарда орналасқан радиолокациялық станциялар көре сала, ақпаратты орталық командалық пунктке жолдайды. Жедел кезекші бұл жағдайды жоғары әскери басшылыққа секунд ішінде баяндайды», деді командир.

Ал одан кейін барлық әскери бөлімшеге дабыл қағылып, мамандар «Нөмірі бірінші дайындық» режиміне көшеді. Яғни, бұл дегеніңіз, кез келген сәтте соққы беруге әзір болу деген сөз. Осы сәтте қосымша әскери техникалар мен қорғаныс жүйелері жедел іске қосылып, әрбір маман  өздеріне бекітілген орындарына барып отырады. Соңғы кезеңде жоғары қолбасшылықтан нақты пәрмен түскен сәтте, әскерилер әуедегі нысанды жою үшін әрекетке көшеді. Қысқасы, аспандағы кез келген күдікті нысан санаулы минуттың ішінде анықталып, жоғары дайындықтағы әскери сүзгіге ілінеді.

Бұған дейін әуе кеңістігінде түрлі инциденттер мен түсініксіз объектілерге қатысты жағдайлар жиі болды. Көрші мемлекеттер арасында да осыған ұқсас мәселелер көтеріліп тұрады. Алайда, бұл ақпараттар мемлекеттік құпия және қарсы барлау талаптарына сай келетіндіктен, оларды ашық айтуға заң бойынша тыйым салынған. Кез келген заңсыз жарияланым үшін ірі көлемде айыппұлдар мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Тек жақын күндері әуе кеңістігімізде ешқандай қауіп тіркелмегенін біле алдық.

Көктегі шеп берік қолда

«Қазақстанның әуе қорғанысы күштерін жоғары деңгейде бағалаймын. Әрине, территориямыз өте үлкен болғандықтан, белгілі бір жетіспеушіліктер болып тұрады. Бірақ біз ТМД елдерінің арасында өтетін халықаралық әскери оқу-жаттығулар мен сынақтарда әрдайым алдыңғы қатардан көрініп келеміз. Соғыс тәжірибесі болмаса да, біздің әскери дайындығымыз оқу-жаттығу кезінде өзінің жоғары тиімділігін толық дәлелдеді», деді сөзінің соңында Ахат Жүнізбеков.

Осы әскери бөлімде борышын өтеп жатқан қатардағы жауынгер Бекболат Жаңабайұлымен де аз-кем тілдескен едік:

«Түркістан қаласынан келдім. №97617 әскери бөліміне шақырылып, Отан алдындағы борышымды өтеп жатқаныма алты ай болды. Мұндағы әскери өмір маған өте ұнайды. Ешқандай қысым жоқ, ас-суымыз уақытылы, тамағымыз да жақсы. Басшылық құрам да кез келген мәселеде қолдау көрсетіп, әрқашан көмектесуге дайын тұрады. Жалпы, бұл әскери өмір бізді ең бірінші кезекте төзімділікке, темірдей тәртіпке және бауырмалдыққа үйретіп жатыр».

Әр өңірдегі әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері соңғы үлгідегі заманауи техникамен толық жарақтанған. Біз өз көзімізбен көрген әскери бөлімнің әлеуеті  – осы сөзімізге толық дәлел. Кем дегенде 70 шақырым қашықтықтағы зымыранды, ұшақ пен тікұшақты қағып түсіруге қауқарлы,  дыбыстан жүйрік, жойқын қару-жарақты басқарған әскерилер ел аспанын кірпік қақпай күзетіп тұр. «Отан аспаны берік қолда» деп нық сеніммен айта аламыз.

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Алматы #әуе #әуе қорғанысы #қорғаныс
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматы жастары экологиялық мәдениетті түзуге атсалысты

Бүгін 14:10

«Заң мен Тәртіп» жобасы аясында жастарға арналған құқықтық квест-марафон өтті

Бүгін 12:24

Қазақстандық артист Даяна Жетпісова XII Халықаралық «Цирк ханшайымы» фестивалінде Күміс тәж иегері атанды

Бүгін 12:19

Алматыда есірткіге тәуелді адамдардың саны азайды

Бүгін 11:32

Freedom Holding Corp.-тың 2026 ж. ж. түсімі $2,2 млрд құрады

Бүгін 11:29
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);