Алматыда есірткіге тәуелді адамдардың саны азайды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда есепте тұрған есірткіге тәуелді адамдар азайды. Қазір наркологтардың бақылауында 1148 адам бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға аз. Жыл басынан бері 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдап, оның ішінде 19 науқас есептен шығарылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Психикалық денсаулық орталығы директорының наркологиялық қызмет жөніндегі міндетін атқарушы орынбасары Айгүл Әбдікерова осылай деді.
Оның айтуынша, қаладағы нашақорлық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 47,9 адамды құрайды екен. Былтыр бұл көрсеткіш жоғары болып, 100 мың тұрғынға шаққанда 50,8 адамды құраған. Есепте тұрған кәмелетке толмағандардың саны да 17-ден 12 адамға дейін едәуір азайыпты.
«Біз оң динамиканы байқап отырмыз. Бұған тек емдеу шаралары ғана емес, белсенді профилактикалық жұмыстар да ықпал етіп жатыр. Есірткіні қолданудың салдары туралы ақпарат алатын адамдар саны артып, олар дер кезінде көмекке жүгіне бастады. Ем неғұрлым ерте басталса, толық сауығып кету мүмкіндігі де соғұрлым жоғары болады», – дейді Айгүл Әбдікерова.
Биылғы алғашқы бес айда есірткіге тәуелді 63 адам есепке алынды, оның ішінде кәмелетке толмаған бір жасөспірім де бар. Осы уақытта 65 адам бақылаудан шығарылып, толық сауыққан 19-ы есептен шығарылыпты.
Психикалық денсаулық орталығының мамандары жасөспірімдер, жастар мен ата-аналардың жұмысты жалғастырып жатыр. Жыл басынан бері дәрігер-наркологтар ішкі істер органы қызметкерлеріне арналған 60-тан астам дәріс пен оқыту семинарын ұйымдастырып, оған 1600-ден астам адам қатысқан.
Қалада нашақорлықтың алдын алуға арналған екі жалпы қалалық және аудандық ата-аналар жиналысы өтті. Оған 250-ден астам адам қатысты.
«Есірткіге тәуелділікті емдеу – ұзақ уақытты қажет ететін жұмыс. Ол тек медициналық көмекті ғана емес, психологиялық қолдауды, оңалту мен әлеуметтік бейімдеуді де қамтиды. Есірткіге тәуелділіктің емделетінін, ешкім қоғамнан сырттап қалмайтынын түсінуі керек. Мұнда мамандар мен жақындарының қолдауының маңызы зор», – деп атап өтті спикер.
Психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, биылғы бес айда есірткіге тәуелділігі бар 300-ден астам адам стационарлық ем қабылдаған.
Маусым айында Алматыда Нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы халықаралық күнге орай бірнеше іс-шара өтпекші. Атап айтқанда, 5 маусым күні сағат 09:00-де Медеу ауданы әкімдігі мен «Наркостоп» ұйымын бірлесіп «Есірткісіз өмір» атты флешмоб ұйымдастырады. Акция барысында тұрғындар психологтар мен дәрігер-наркологтардан кеңес ала алады.
19 маусым күні сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін Мақатаев көшесі, 10 мекенжайында орналасқан Психикалық денсаулық орталығында Ашық есік күні өтпек. Барлығы мамандардан тегін кеңес алып, өздерін мазалаған сұраққа жауап ала алады.