Қазіргі заманда ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы кинематография саласына да айтарлықтай өзгерістер ала келді. Кино саласында жаңа форматтағы туындылар заманға сай небір әдістермен түсіріліп жүр. Экран өнерінің бір бағыты саналатын телехикаялар да үздіксіз даму үстінде. Кейінгі жылдары веб-сериалдар деген жаңа жанр өркендеп келеді. Веб-сериалдарға деген көрермендердің қызығушылығы жылдан-жылға арта түсті.
Бір жыл бір айдай, бір апта бір күндей зулап бара жатқан қазіргі заманда адамдар ештеңеге уақыт жеткізе алмайтын болған. Жүре сөйлеп, жұмысты да апыл-ғұпыл атқарып, асты да асығып ішеміз. Тіпті, бапталып отырып кино да көрмейміз. Әлеуметтік желіде тараған видеолардың өзі 30 секундтан артық болса, басқасына ауысып, соңына дейін көруге шыдамымыз жетпейді. Осындай зуылдаған заманда қысқа дүниелердің дәурені туды. Бұрынғы жүз бәленбай сериалы «санта-барбаралар» келмеске кетті. Бүгінде телевизиялық сериалдардың орнын веб-сериалдар басты.
Веб-сериалдар үшін күрделі сценарий жазудың қажеті жоқ. Мұндағы әрбір сахна өмірден алынған оқиғаларға негізделеді. Веб-сериалдардың тілдері де жастардың жаргондарына қарай икемделген, диалогтары да қарапайым. Елімізде веб-сериалдар соңғы 3-4 жылда қарқынды дами бастады. Жаңа формат үнемі қозғалыста жүретін, әр сағат, минут, секунд сайын ағылған ақпаратты жылдам қабылдайтын аудиторияға арналған. Мұндай сериалдарды, қысқа фильмдерді көп уақыт жұмсамай-ақ қысқа ғана уақытта, жол-жөнекей де көре беруге болады.
Қазіргі кезде адамдар сюжеті ұзақ, сценарийі күрделі сериалдардан тез жалығады. Ал веб-сериалдарда көркемдік стилистика сақталады, тек оқиға жылдам өрбиді.
Қазақстанда жарық көрген ең алғашқы веб-сериал – «Қарапайым Қайрат». Осы сериал ғаламторға шыққанда балағат сөздерге толы жобаны жабу керек, көрсетуге болмайды деген пікірлер көп болды. Дегенмен, жоба авторлары сериалдың екінші, үшінші маусымдарын түсіруді жөн көріпті, өйткені көрерменнің сұранысы жоғары болған. Веб-сериалдардың сәтті шыққандығы ғаламтордағы қаралымынан байқалады.
Веб-сериалды түсіру үшін де телевизиялық фильмдердегідей режиссер, сценарист, барлық шығармашылық, техникалық топ жұмыс істейді. Бірақ телевизиялық сериалдарда біраз шектеулер болса, ал веб-сериалдарда еркіндік бар.
Бүгінде веб-сериалдарда танымал деген актерлер де бой көрсетіп жүр. «Қарапайым Қайрат» сериалында басты рөлді ойнаған актер Еділ Анарбайдың айтуынша, мұндай ғаламторға арналған фильмдердің артықшылығы – шынайылық. Қоғамдағы кез келген жағдайды шынайы, ашық көрсете алуында.
Веб-сериал авторларының айтуынша, мұндай форматтағы туындылар адамды азғыруды емес, тәрбиелеуді көздейді. «Көрермендер сериал кейіпкерлеріне қарап, өздерін көргендей болады және әрқайсысы болған оқиғадан сабақ алады» дейді мамандар.
Веб-сериалда ойнайтын актерлердің көбі көрерменге көгілдір экран арқылы танылған. Бас кезінде танымал авторларға мұндай форматтағы фильмдерге түсу оңай болмаған көрінеді. Ал қазіргі кезде керісінше, веб-сериалдар арқылы біраз актерлер елге таныла бастады. Оның үстіне қазіргі кезде мамандар экран туындыларына тек өнер деп емес, қаржы табудың көзі деп қарайтын болған. Сондықтан ғаламтордағы веб-сериалдарға сұраныс артқан сайын кәсіби актерлер де осы салаға назар сала бастады. Дәл қазір Youtube-та «Бажалар», «Бала күтушісі», «Аппақ келін» сериалдары трендде, аз ғана уақыттың ішінде мыңдаған көрермен көріп үлгерді.
Әлемде веб-сериал ең алғаш 1947 жылы көрсетіле бастаған. Содан бері бұл жанр үздіксіз дамып келеді. Шығармашылық, көркемдік, техникалық ізденістердің арқасында әлі де тың дүниелердің дүниеге келетіні хақ. Жанрдың тағы бір артықшылығы – түсірілім үшін арнайы павильондар салынбайды, қымбат локациялар жалға алынбайды. Веб-сериал көбіне көшеде, табиғат аясында, қоғамдық орындарда түсіріледі.
Белгілі актриса Жанель Мақажанованың айтуынша, кәсіби актер қай жанрда болмасын түсірілім алаңында өзіне артылған міндетті жүз пайыз орындап шығу керек деп санайды.
Мамандардың айтуынша, веб-сериалдар алғашқы минуттардан-ақ қызықты сюжетімен, актерлердің ойынымен көрерменді жаулап алуы тиіс. Егер жоба белгілі бір уақыт ішінде аудитория назарын аудара алмаса, жобаны жалғастырудың да мәні болмайды. Интернетте жарыққа шығатын сериалдар көрерменнің назарын аудару үшін әр алты секундында бір ерекше оқиға не бейне болуы керек.
Тақырыпқа орай
Перизат МЫРЗАХМЕТ, креативті продюсер: Сұраныс жоғары
Веб-сериалдарды негізінен жастар көреді. Бүгінде теледидарды тек 45–50-ден асқан адамдар көретін болды ғой. Жастар теледидар қарамайды. Сондықтан қазіргі заманда қысқа әрі нұсқа, шағын оқиғалар ғаламтор пайдаланушыларын қызықтырады. Сондықтан веб-сериалдар жетістікке жетіп, миллиондаған қаралым жинауда. Осы уақыт қа дейін Salem social media компаниясы 40-тан астам веб-сериалдар түсірді. Осы туындыларға деген көрерменнің қызығушылығы ерекше. Бүгінде еліміздегі кино мамандары да веб-сериал форматына әбден төселіп келеді. Кейінгі кезде отбасылық құндылық, әлеуметтік мәселелер тақырыбына арналған веб-сериалдар түсіріле бастады. Меніңше, веб-сериалдардың болашағы зор. Сұраныс артқан сайын бұл форматтағы сериалдардың сапасы да жоғарылай береді.