Туристік қызмет көрсету сапасы артып келеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда 200 гид пен экскурсия жүргізушісі экскурсияны қызықты әрі мазмұнды өткізу, бағытты дұрыс жоспарлау және туристердің әртүрлі санатымен жұмыс істеу бойынша оқудан өтті. Курсты 15-27 қазан аралығында қалалық туризм басқармасының өкілдері ұйымдастырды.
Сабақтарды Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) ұлттық тренерлері жүргізді. Қатысушылар Алматының тарихын зерделеп, туристік топ алдында сөйлеу, экскурсиялық бағытты әзірлеу және халықаралық қызмет көрсету стандарттарын қолдану дағдысын меңгерді.
Курстың практикалық бөлімінде мүмкіндігі шектеулі туристерге ілесіп жүру ерекшелігі мен дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсету мәселесі қамтылды. Сондай-ақ мамандар тұрақты туризм қағидаттарымен танысты.
Оқыту бағдарламасы Алматыдағы экскурсиялардың сапасын арттыруға бағытталған. Алған білімдері гидтерге қаланың көрікті жерлері туралы мәлімет берумен қатар, туристердің қажеттілігін ескеруге, саяхат кезінде олардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Курс аяқталғаннан кейін 200 қатысушының барлығына сертификат табысталды.