Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев Президент Жолдауындағы басымдықтардың денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызы зор екенін айтты, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында білімнің, ғылымның, инновациялар мен жасанды интеллектінің қазіргі заманғы прогрестің негізгі қозғаушы күштері ретіндегі рөліне ерекше назар аударылған», – дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы.
Бұл басымдықтардың денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызы зор. Өйткені ғылыми әлеуетті дамыту, озық технологияларды енгізу және медицина мамандарының біліктілігін арттыру медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне тікелей әсер етеді.
Заманауи диагностикалық технологиялар, цифрлық шешімдер, ғылымның жетістіктері ауруларды ерте анықтауға, емдеу мен профилактика әдістерін жетілдіруге, сондай-ақ медициналық көмектің тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Ғылымға, инновацияларға және мамандардың кәсіби дамуына салынған инвестиция - ұлт денсаулығы мен еліміздің тұрақты болашағына салынған инвестиция.
– Мемлекет басшысы медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қатысты мәселелерді, оның ішінде жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту және қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап МСАК учаскелік қызметі мамандарының үздіксіз еңбек өтілі үшін жалақысын 40% дейін арттыру мәселесіне назар аударылды. Бұл 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді. Осы орайда аталған шара еліміз халқы арасында ауруларды ерте анықтауға және емдеуді уақытылы бастауға ықпал ететінін атап өткім келеді.
Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының республика өңірлеріне үйлестіру және ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету бағытындағы рөлін ескерсек, бұл өзгерістер институттың жаңа әдістерді енгізуіне, сондай-ақ сырқаттанушылық пен өлім көрсеткіштеріндегі жағдайға уақытылы ден қоюына мүмкіндік береді.
– Институт мамандары өңірлердегі емханаларға барып, скринингтік тексерулердің сапасын, денсаулық мектептерінің жұмысын ұйымдастыру деңгейін және әртүрлі аурулары бар пациенттерді жүргізу кезінде клиникалық алгоритмдердің сақталуын бағалайды.
Аталған шараларды жүйелі түрде іске асыру, кадрлық әлеуетті нығайту және медициналық алғашқы көмек мамандарының кәсіби құзыреттерін дамыту медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, профилактикалық жұмысты жетілдіруге және халық денсаулығы көрсеткіштерін жақсартуға ықпал ететініне сенімдімін.