Күнді ат адым ұзартып, жылдың қысқа айы (кейде 28, кейде 29 күннен бітеді) ақпан да өз мәресіне жетуге таяу. Қысқа болса да, елге, әсіресе, шаруа адамдарына ұзақ болып сезілгені шындық. Бабалар бұл айды: «тұрақсыз», «алдамшы», «адуынды», «жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт», тағы басқа теңеулермен айшықтаған. Өте нақ, дәл берілген анықтама. Осы айтылған сипаттамалардың бәрін ақпанның бойынан көруге болады, көрсетіп те жүр...
Ақпан айы адуынды «Ақпан» амалымен басталып, «Үт» амалымен бітеді. «Білмесең білдірем, білсең бүлдірем» деген «ақпан амалы» аяқталды. Қазір «Үштің айы – күштің айы» атанған айдың соңғы аптасы өтуде. Аса қауіпті амалдардың қатарынан орын алған «Үт» амалы жүріп жатыр.
Үт сөзі туралы түрлі болжамдар мен аңыздар барын өткенде айттық. Біреулер оны қазақтың сиыр деген көне сөзі десе, енді біреулер киіз үйдің саңлауынан түскен сәуле дейді. Қалай десек те, қазекең терезеден түскен жарық сәулені көргенде кәдімгідей қуанған. Жәй қуанып қоймаған, «Үт келді – құт келді!» деп бөркін аспанға атқан. «Қыстың қауқары бітеді, енді көктем келеді, күн ұзарады, жер көгереді, қой төлдеп, көген кеңейеді» деп шаттанған.
Негізі, қазекең «үт» деп саңлаудан түскен сәуленің ішіндегі қозғалып жүрген есепсіз тозаңды айтқан. Ол – табиғаттың өзгерісі мен шуақты күндердің жақын екендігін білдіретін тозаң.
Дегенмен, Үт барлық жерге бірдей құт болып келмеген. Көктем ерте шығатын еліміздің оңтүстік аймақтарына құт болғанымен, қысы ұзаққа созылатын (арқаның қысы алты ай) солтүстік өлкелер үшін жұт болып келген. Жемі мен шөбі таусылуға шақ қалып, жүдеп, жұтап отырған мекендерге оңай тимеген. Сондықтан да Үт кімге – құт, кімге – жұт...
Ал саудагерлер болса, бұл шуақты пайдаланып қыстаудағы малшыларға шай-қант сатып, тері-терсегін арзанға бағалап алған. Осы әрекеттеріне қарап қазекең «үт кіргенде, саудагердің к... құрт кіреді» деп саудагер сарттарды мысқылдаған. Қазақтың табиғат тамыршылары: «Ақпанның он бесінші жұлдызы – қыс пен көктемнің алғаш ұшырасатын күні. Осы күнгі ауа райы қандай болса, көктем де сондай болады» деп жорамалдағанын өткенде жазғанбыз...
Алдағы аптада ауа райы тұрақсыз болатын сыңайлы: ашық күн де, жауын-шашын да көрініс беруі мүмкін. Таңертең ызғар, түнге қарай айтарлықтай суық орын алады.