Қазіргі уақытта есірткінің шығу тегі мен жеткізілу арналары анықталып жатыр, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымына қатысты екі деректі анықтады. Жедел іздестіру іс-шаралары "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Орал қаласында жүргізілді.
Бірінші жағдайда полицейлер 34 жастағы қала тұрғынын ұстады. Оның үйінің ауласынан екі үлкен қорап табылып, ішінен өсімдік тектес зат салынған 12 полиэтилен қап тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша, тәркіленген зат кептірілген марихуана болып шықты. Жалпы салмағы – 198 келі 16 грамм.

Екінші дерек бойынша, 45 жастағы Орал тұрғынының пәтерін тінту кезінде 23 келі кептірілген марихуана табылды.
Осылайша, екі дерек бойынша заңсыз айналымнан жалпы салмағы 221 келіден астам марихуана тәркіленді. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта есірткінің шығу тегі мен жеткізілу арналары анықталып жатыр.
Өңірде есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жалғасуда.