Бұқаралық спортпен айналысатын адам – дене мәдениетін өмір салтына айналдырған, салауатты әдеттерді ұстанатын, өзін жетілдіруге ұмтылатын белсенді тұлға. Ол спортты тек жарыс немесе нәтиже үшін емес, шәкірт тәрбиелеу, қоғамда белсенді болу, денсаулығын жақсарту, тіпті көңіл-күйді көтеру үшін де серік етеді. Біз бүгін сондай жандардың бірі туралы айтпақпыз.
Үлкенмен де, кішімен де дос
Амра Шалбарбаев – «Ардагерлердің волейбол федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қаласы филиалының директоры. Қазақстанның волейбол және спорт педагогикасы саласындағы ең беделді мамандарының бірі. Тәжірибелі төреші. Спорт шеберіне кандидат, педагогика ғылымдарының магистрі, ұстаз-ғалым, мегаполистегі Нархоз университетінің аға оқытушысы.
Оның шапшаңдықты, дәлдікті, зеректікті, тактикалық ойлау қабілетін талап ететін волейболды серік етіп келе жатқанына 25 жылдан асты.
Бойы да, ойы да келіскен азамат Алматы облысының Кетмен ауылында дүниеге келген. Әкесі Мұқатай – бар өмірін колхоз ісіне арнаған абыройлы еңбек адамы болған. Анасы Тұрсынбибі де алты перзентінің бойына адамгерлішік, мейірім, бауырмалық дәнін сепкен аяулы жан еді.
Кейіпкеріміз Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, 1995 жылы Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясына түсіп, үздік тәмамдап, «Волейболдан жаттықтырушы» мамандығын алып шықты. Дипломды жігіт бірден мегаполистегі №104 қазақ орта мектебіне дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып қабылданады. Күнделікті сабақ берумен қатар, спорт десе жанып тұрған оқушыларды мектепішілік және қалалық жарыстарға дайындап, жасөспірімдердің бойында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қосты. 2000-2004 жылдар аралығында шәкірттерімен бірге көптеген жарыста жүлделі орындарға қол жеткізді. 2004 жылдан университетте аға оқытушы, волейболшы студенттердің жаттықтырушысы. Сонымен қатар алматылық ардагерлерден құралған волейбол командасына жетекшілік етеді. Яғни жастармен де, аға буынмен де үнемі бірге.

Ардагерлер аттан түспейді
Спортты сүйетін талай жасты даңғыл жолға салған Амра Мұхатайұлының 8 студенті 2024 жылы «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат» атағын иеленді. Бұл кейіпкеріміздің жаттықтырушылық әдіснамасының жоғары деңгейін және ұлттық спорттың дамуына қосқан елеулі үлесінің көрінісі. Ол аға оқытушы ретінде тек кәсіби білім берумен шектелмей, волейбол спорты арқылы жастардың жігерін жанып, командалық рух, өзара сенім мен жеңіске ұмтылыс секілді қасиеттерді дарытып келеді.
Оның жетекшілігіндегі команда 2023 жылы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде волейболдан қыздар командалары арасында өткен жарыста үздік ойын көрсеткені тағы бар. Былтыр Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің өнер факультеті және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория студенттері мен қызметкерлері арасында «Ұлы Абайдың 180 жылдығы», «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» және «Қазақстан Республикасы Ассамблеясының 30 жылдығы» құрметіне волейболдан өнер майталмандарының арасында жолдастық кездесу өткенде, Амра Шалбарбаев «Үздік шабуылшы» мәртебесін иеленген.
Жалпы, ардагер волейболшылар федерацияның басты мақсаты – волейбол спортын аға буын спортшылар арасында кеңінен насихаттау, олардың да уақытын тиімді өткізуіне, спортпен айналысуына мүмкіндік туғызу, сондай-ақ салауатты өмір салтын дәріптеу, сол арқылы ардагерлердің өзара достық қарым-қатынасын нығайту. Құрамында кәсіпкер, әскери маман, профессор, генерал, дәрігер, жұмысшы да бар. Қазір олар алдағы ақпанда БАӘ-нің астанасы Абу-Дабиде өтетін үлкен додаға дайындалып жатыр.

Шетелдік федерациялар мойындаған
Иә, алматылық ардагер спортшылар жетістігі де аз емес. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының М.Есембаевты еске алуға арналған волейболдан ардагер командалар арасындағы ашық турнирде – І орын; әйгілі қаламгер Олжас Сүлейменовтің 80 жылдық мерейтойына арналған Х халықаралық турнирде – ІІІ орын; мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың құрметіне арналған ардагерлер командалары арасындағы VIII халықаралық турнирде – І орын; Алматы қаласындағы ЖОО оқытушылары мен қызметкерлері арасында профессор Б.Қаражановты еске алуға арналған волейбол турнирінен І орын иеленген. Бұл жеңістер бір парасы ғана.
Амра Мұхатайұлы Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Бразилиядағы жарыстарда Қазақстанның атынан өнер көрсетті. Әсіресе, Бразилия елінде 41 команданың ішінде 2-орын алып қайтқан сәттерін ешқашан ұмытпайды. Ол спортшы, жаттықтырушы және ұйымдастырушы ретінде қатысып, шетелдік федерациялардың мойындауына ие болды. Бұл дәреже халықаралық EB-1A критерийіне сәйкес келеді. Оны былтырғы мамырда Өзбекстандағы халықаралық турнирдің бас төрешісі және ұйымдастырушысы арнайы шақырды, бұл мәртебе де ресми түрде танылды. Ол бірнеше рет ҚР Спорт және туризм министрлігінің, Волейбол федерациясының, республикалық комитеттердің және шетелдік ұйымдардың беделді марапаттарын иеленген.

Тәртіп, төзім, жігер
Амра Мұхатайұлының отбасы – білім мен парасат, сүйіспеншілік пен татулық үйлесім тапқан берекелі шаңырақ. Зайыбы Қаламқас Алайдарқызы да шәкірт тәрбиелеп келе жатқан ұлағатты ұстаз, экономика ғылымдарының кандидаты. Алтын асықтай үш ұлы бар.
Спорт оған тек физикалық күш емес, әрдайым рухани сергектік, тәртіп, төзімділік және жігер сыйлайды. Міне, осындай жандар өз ортасына үлгі болып, салауатты өмір салтының маңызын насихаттауға бейім келеді. Иә, волейболшы бейнесі – жастар үшін үлгі, қайсарлық пен ұстамдылықтың символы. Ол – спорттың тек дене тәрбиесін ғана емес, рухани да тәрбие беретінін дәлелдеп келе жатқан жаттықтырушылардың бірі.
Блиц-сауал
«ЖЕҢІС ТЕ, ЖЕҢІЛІС ТЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ»
– Ұстаздықтың миссиясы неде?
– Бұл жерде шәкіртке тек білім беріп қана қоймай, мінез қалыптастыру, дүниетанымды байыту, адамгершілікке баулу секілді күрделі міндеттер тұр. Студенттерімнің өмірде өз орнын тауып, арманына жеткенін көргенде жүрегіме қуаныш, қанағат сезімі толады.
– Спорт, нақты айтқанда волейбол сізге не берді?
– Кейде спортта бір ұпай үшін қанша күш жұмсайтыныңды білесің, ал бұл өмірде мақсатқа жету үшін не керек екенін түсіндіреді. Жеңіс те, жеңіліс те адамды тәрбиелейді.
– Сәтсіздіктерден қандай сабақ алдыңыз?
– Сәтсіздік – бұл тоқтау емес, қайта түзелу кезеңі. Әр жеңіліс маған «қай жерде мүлт кеттің, не жетпеді?» деген сұрақтарға жауап іздеуді үйретті. Спортта да, ұстаздықта да табандылық керек.
– Бүгінгі жастар туралы ойыңыз?
– Бүгінгі жастардың мүмкіндігі өте көп. Бірақ уақытты бағалау жағы кейде ақсап жатады. Тез нәтиже күтетіндер көбейген. Ал нәтиже ешқашан тез келмейді. Осыны түсінсе, жастар бәріне де жетеді.
– Қандай құндылықтарды биік қоясыз?
– Адалдық, жауапкершілік және адамға құрмет. Қанша қиын болса да ар-ұяттан аттамау – адамды ұстап тұратын ең маңыздытірек.
– Уақыт өткен сайын адамға не маңызды бола түседі?
– Адамның артында қалдырған ізі. Бұл – шәкірт, еңбек, жақсы сөз, жақсы іс. Материалдық дүниенің бәрі уақытша, ал із – мәңгі.
– Өміріңізді бір сөйлеммен түйіндесеңіз?
– Адал еңбек абырой биігіне көтереді.