Республика күні қарсаңында Алматы қаласындағы бір мектептің оқушылары халықаралық академиялық жетістіктерімен қуантты. 11-сынып оқушысы Жүсіпқызы Жасмин SAT халықаралық емтиханынан 1600 балдың 1600-ын жинап, ең жоғары нәтижеге қол жеткізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сонымен қатар, осы мектептің тағы 12 оқушысы SAT емтиханынан 1500-ден жоғары балл жинады. Бұл көрсеткіш оқушылардың жоғары академиялық дайындығы мен халықаралық деңгейдегі білімге ұмтылысын айғақтайды.
Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектепте академиялық біліммен қатар, оқушылардың сыни ойлауын, шығармашылық қабілетін және ұлттық құндылықтарға құрметін дамытуға ерекше мән беріледі. Мектепте грант негізінде білім алатын оқушылар да бар.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мектеп өмірінің маңызды бөлігі саналады.
Оқушылар 1-сыныптан бастап домбыра тартуды үйренеді. Ұлттық өнерге деген құрмет шетелде білім алып жүрген түлектердің де өмірінен көрініс табуда. Осы мектептен Гарвард университетіне түскен екі түлек Республика күніне орай шетелден күй орындап, мерекелік құттықтау жолдады.
SAT (Scholastic Assessment Test) — шетелдік жоғары оқу орындарына түсу кезінде қолданылатын стандартталған емтихан. Ол математика, оқу және жазу дағдыларын бағалайды. Емтиханның ең жоғары нәтижесі — 1600 балл.
Алдағы тоқсанаралық демалыс кезінде мектептің тағы бірнеше оқушысы SAT емтиханына дайындықтарын жалғастырады. Сондықтан алдағы уақытта жаңа нәтижелер жариялануы мүмкін.
Оқушылардың бұл жетістіктері — жүйелі еңбектің, сапалы білімнің және үлкен мақсаттарға ұмтылыстың нәтижесі. Республика күні қарсаңында қол жеткізілген бұл көрсеткіштер Қазақстанның зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосатын білімді ұрпақ өсіп келе жатқанын көрсетеді.