2026 жылғы 25 қазанда, Республика күні Алматыда Үлкен және Кіші Алматы шатқалдарында, сондай-ақ Медеу аумағында ауқымды экологиялық акция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іс-шара Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында ұйымдастырылды. Оған әкімдік қызметкерлері, ұлттық парк өкілдері, жастар ұйымдарының мүшелері, волонтерлер мен қала тұрғындары қатысты.
Акцияға қатысушылар табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартып, Алматының бірегей табиғатын сақтауға өз үлестерін қосты. Бастаманың мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етіп қана қоймай, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындар мен туристердің табиғатты сақтаудағы жеке жауапкершілігін арттыру.
Алматының таулы шатқалдары – қаладағы ең танымал туристік бағыттардың бірі. Туристер ағынының артуы табиғи аумақтарға түсетін жүктемені де көбейтеді. Тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілгеніне қарамастан, кейбір келушілер қоқысты өздерімен бірге алып кетпей, қоршаған ортаны ластап, табиғи экожүйелерге зиян келтіруде.
Акция барысында жастар туған жердің табиғатына ұқыпты қараудың маңызын атап өтті. ҚазҰУ студенті Сәнияның айтуынша, сенбілікке қатысу ұлттық мерекені игі іспен атап өтіп, ортақ іске жеке үлес қосуға мүмкіндік берді.
«Республика күнінде елімізге пайдамызды тигізіп, ортақ іске үлес қосқымыз келді. Медеуге демалуға келгенде оның әсем табиғатына сүйсінеміз. Сол сұлулықты сақтау да өз қолымызда. Әр адам өзінен кейін тазалық қалдырса, айналамыз да таза болады», – деді студент.
Экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында Алматы қаласының Полиция департаменті таулы аумақтардағы мониторинг пен патрульдеу жұмыстарын күшейтті. Тазалықты сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және экологиялық бақылауды күшейту бағытындағы жұмыстар тұрақты негізде жалғасады.
Ұйымдастырушылар таулы аумақтардың тазалығын сақтау – қала тұрғындары мен қонақтарының ортақ міндеті екенін еске салады. Табиғатқа әр адамның саналы әрі жауапкершілікпен қарауынсыз тіпті ауқымды экологиялық акциялардың өзі мәселені толық шеше алмайды.