Алматыда «Air Astanaның операциялық қызметі: мәселелер және даму жоспарлары» атты брифинг өтті.
Жиын барысында Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостер барлық басты қызметкерлерімен бірге бүгінгі күні орын алып жатқан қиындықтардың себебін түсіндіріп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Компания президентінің айтуынша, соңғы уақытта орын алған әуе рейстерінің кешігуі, ұшу кестесінің сақталмауы сынды қолайсыздықтарға ішкі жағдайдан бөлек, жалпы әлемдегі өзгерістер әсер етуде. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының мәліметінше, жолаушылар санының артуы әлемдегі ең ірі әуежайларда көлік дағдарысына және халықаралық әуе компанияларының рейстерінің кешігуіне әкелді. Мұндай жағдайға Air Astana-да тап болған, жаздың алғашқы екі айында өткен жылмен салыстырғанда, жолаушылар саны 17%-ға артқан. Сондай-ақ, әуе компанияcының ұшақтары ірі торапты әуежайларға ұшатындықтан, халықаралық хабтардағы іркілістер компания кестесіне әсер еткен. Жағдайды ушықтыратын факторлар қатарында Қазақстан әуежайларындағы ұшу-қону жолақтарын жөндеу, қарбалас мерзім кезінде әуежайлардың жабылуы және құстармен соқтығысудың көбеюі сынды себептер аталды. Нақты айтқанда, құстармен соқтығысу саны өткен жылмен салыстырған-да 22,3%-ға өскен.
Дегенмен Air Astana барлық кінәні сыртқа артып қоймай, өздерінен кететін олқылықтар барын мойындады. Әуе компаниясының ұқыптылық көрсеткіші (кесте бойынша уа-қытылы ұшып-қонуы) 2015-2016 жылдары 92-91% болса, одан кейін бұл көрсеткіш төмендей берген. 2018-де 86%, 2020 мен 2021-де 85%, биыл жарты жылдық көрсеткіш бойынша 74%-ды құрады. Әсіресе, жазғы уақытта рейстердің кестесі жиі бұзылған. Наурыз айында жолаушылардың 87% уақытылы жолға аттанса, маусым мен шілдеде бұл көрсеткіш 66%-ды ғана көрсеткен.
«Air Astanaның бүкіл командасы рейстерді уақытылы орындау үшін жұмыс істейді. Кешігулер санын азайту үшін және қызмет көрсету сапасын арттыру үшін біз рейстер санын қысқартып, Airbus A320 резервтік ұшағын бөлдік. Сондай-ақ, рейстердің кешігуіне байланысты жедел желі аштық. Жолаушылар сағат 8.00-ден 24.00-ге дейін +7 (7272) 44-44-78 нөміріне хабарласа алады», – деді Air Astana компаниялар тобының президенті Питер Фостер.
Сонымен қатар, компания басшылығы 2022 жылдың соңына дейін Air Astana авиа-паркі үшін 2 ұшақ, FlyArystan флоты үшін 3 ұшақ сатып алуды жоспарлап отырғанын хабарлады. 2020 жылдың ортасынан 2022 жылдың наурыз айына дейін флотты 13 ұшақ толықтырған. 2025 жылға дейін тағы 24 әуе кемесін алу жоспарланған.
Брифинг барысында елордада құны 10,4 миллион АҚШ долларын құрайтын ұшқыштар мен бортсеріктерді оқыту үшін арнайы жаңа оқу орталығы салынатыны айтылды.