Барын бағалай білу, тоқшылыққа масаттанбау, қарапайым да салиқалы өмір салтын ұлықтау – ұлттық болмысымыздың өзегінде жатқан асыл қасиет. Ұлттық тәрбиемізде керісінше даңғазалықты, көрсеқызарлықты, «еріншек, бекер мал шашпақты» сынға алады. Мұның астарынан ысырапшылдықты шектеп, үнемшілдікті жақтайтын өскелең өнеге жатыр. Ал турасына келгенде бұл өркениетті қоғамға сай мәдениет.
Екінші дүниежүзілік соғыстан жеңіліс тауып, қисапсыз соғыс шығынын өтеуді мойнына алған жапон жұрты бірнеше онжылдықтан кейін әлемнің озып алдына шықты. Неге? Ол жайында ел аузына аңыз боп тараған мынадай бір ғибратты әңгіме бар: Күйреу мен күйзеліс ортасынан елді қалай аман алып шығамын деп император Хирохитоның басы қатады. Сонда бір қарт уәзірі келіп жөн көрсетіпті-мыс. «Бізді тек үш нәрсе құтқарады, біріншісі – үнемдеу, екіншісі – үнемдеу, ал үшіншісі – тағы да үнемдеу» деген қарт уәзір. Содан бастап жапон жұрты император жарлығымен әрбір сіріңке шырпысынан тартып, әр тамшы суға дейін үнемдеуді өмірлік дағдыға айналдырыпты. Ақыры әлемдегі озық елдердің қатарына қосылыпты.
Әлбетте, бұл әңгіме шынайы өмірде болсын-болмасын, Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қатаң үнемшілдік саясатын ұстанғаны – нақты факт. Үнемшілдік – бүгінгі жапон жұртының ең абзал қасиеті, әрі жұртқа үлгі болар өнегесі.
Қазіргі қоғамда үнемшілдікті ақша үнемдеумен ғана шектеуге келмес. Бұл – ресурсты қадірлеу, мүмкіндікті дұрыс пайдалану, болашақты ойлау және саналы өмір сүру мәдениеті. Алайда бүгінгі тұтыну дәуірінде адамдардың басым көпшілігі қажеттілік пен даңғазаның, шынайы мұқтаждық пен мәртебе жарысының арасын ажырата алмай бара жатқандай. Соның салдарынан ысырап тұрмыстан бөлек, су, энергия, қаржы, уақыт секілді барлық салада байқалады. Сарапшылар мұны экономикалық мәселемен қатар, қоғамдық сана мен мәдениетке қатысты құбылыс ретінде бағалайды.
«Тарта жесең тай қалады...»
Жақында Үндістан премьері Нарендра Моди өз халқына үндеу жасап, бір жыл бойы үйлену тойларына алтын сатып алмауға және валюталық резервтерді үнемдеу үшін импорттық тұтынуды азайтуға шақырды. Үндістан алтын импортына тәуелді ел, оның үстіне жыл сайын 430 мың тонна алтынды тек үйлену тойлары үшін сатып алады. Егер ел жетекшісінің бұл бастамасы жүзеге асса бұл тіпті әлемдегі алтын бағасына әсер етіп, құны қазіргіден 15 пайызға дейін арзандауы мүмкін екен. Бұл даңғазалықты шектеудің тұтас әлемге қалай әсер ететінін анық көрсететін мысал.
Бұл тақырып біздің қоғамға да тікелей қатысты. «Той – халықтың қазынасы» десек те, кейінгі жылдары оның мазмұны өзгеріп бара жатқандай. Бұрынғы салмақты салтанаттың орнын даңғаза мен дарақылық, ысырап пен жасандылық басуда Қазір бесік той, тұсаукесер, сүндет той, сырға салу, қыз ұзату, үйлену тойы сынды онсыз да көп дәстүрлі жиындардың қатарына гендер-пати сияқты жаңа рәсімдер қосылды. Ал әр қуаныш аста-төк шығынмен өтетін болды.
Бір тойда екі мәрте аста-төк дастархан жайып, сағаттап сөз сөйлеп, ырду-дырду өткізетін халық, мүмкін, әлемде біз ғана шығармыз. Той мәдениетін реформалау, заманға сай және қарапайым, тиімді дағдыларға қарай бейімдеу туралы бастамалар даңғазаға бой үйреткендер үшін әлі де қабылданбай жатыр. Ең бастысы даңғазаға толы тойлар той иесімен қоса қонақтарды да уақыты мен қаржылық шығынға ұшырататынын ескере бермесек керек.
Той үшін несие алып, қарызға батуды саналы қоғам қалай қабылдамақ. Көп жағдайда «елден қалмау», «ұят болмасын» деген түсінік ресурстардың қалыптан тыс шығынына жол ашып келеді. Қымбат мейрамхана, ұзын кортеж, шетелден әнші шақыру, ерекше шоу ұйымдастыру – бәрі мәртебе көрсеткішіне айналып кеткендей. Нәтижесінде той қуаныштың емес, жарыс пен бәсекенің алаңына ұқсап барады.
Негізінде қазақы той – тек көңіл көтеретін жиын емес. Ол – ұрпаққа өнеге беретін, салт-сананы сабақтайтын, ағайынның басын қосатын рухани орта. Сондықтан тойдағы әр сөз бен әр әрекет тәрбиелік мәнге ие болуы тиіс. Себебі бүгінгі көргенін ертеңгі жас буын қалыпты дүние ретінде қабылдайды. Оның үстіне «Тарта жесең тай қалады, қоя жесең қой қалады, қоймай жесең не қалады?!» деген тәмсіл қалдырған халқымыз аста-төк ысырапшылдықты ұрпағына мұра еткісі келмейтіні анық.
Тұтыну тұзағындағы сана
Адамдардың көзсіз бәсекелестігі бүгінде әлеуметтік құбылысқа айналып барады. Бұл құбылыс көбіне ысырапшылдықпен, яғни қажеттіліктен тыс шығынмен тікелей байланысты. Ғылыми зерттеулер бұл мәселенің терең әлеуметтік және психологиялық негізі бар екенін көрсетеді.
Әлеуметтанушылардың пікірінше, қазіргі тұтынушылық мәдениет адамның өзін көрсету қажеттілігін бұрынғыдан да күшейткен. Америкалық экономист Торстейн Веблен мұны «демонстративті тұтыну» деп атап, адамдардың тауарды оның пайдасы үшін емес, өзгеге өзінің мәртебесін көрсету үшін тұтынатынын айтқан. Бұл құбылыс әсіресе киім, көлік, той мәдениеті және тұрмыстық деңгейде анық байқалады. Қазіргі зерттеулерде мұндай мінез-құлық «status consumption» – мәртебелік тұтыну ретінде сипатталады.
Бүгінде әлеуметтік желілер бұл үрдісті одан әрі үдетіп отыр. Адамдар Instagram, TikTok немесе басқа платформаларда «идеал өмір» көрсетуге ұмтылады. Қымбат көлік, сәнді демалыс, аста-төк той, брендтік киім – бәрі әлеуметтік мәртебенің символына айналғандай. Соның салдарынан көптеген адам өз мүмкіндігінен артық шығын жасап, өзгеден кем көрінбеу үшін қарызға батуға дейін барады.
Экономистер мұндай мінез-құлықты әлеуметтік теңсіздікпен де байланыстырады. Яғни табыс айырмашылығы артқан сайын адамдардың статус үшін жарысы да күшейеді. Сондықтан ысырап мәселесін қаржы немесе тұрмыс мәселесі ретінде ғана қарастыру жеткіліксіз. Бұл – мәдениетке, тәрбиеге және қоғамдық құндылықтарға қатысты мәселе. Саналы тұтыну мәдениетін қалыптастыру ғана ысыраптың ауқымын азайта алады.
Теңіз де тамшыдан құралады
«Отын – олжа, су – қорлық» деген аталы сөздің астарында «Судың да сұрауы бар» дейтін тағы бір баба тағылымы жатыр. Яғни, отынды олжа сынды тауып аларсың, су жоқ болса дүниенің қорлығы деп түйсе керек. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, XXI ғасырдың ортасына қарай 4 миллиардтан астам адам тұрақты су тапшылығында өмір сүруі мүмкін. Соңғы 50 жылда су ресурстарына қатысты 500-ден астам қақтығыс тіркелгені де судың табиғи ресурстан басқа, стратегиялық маңызы бар факторға айналғанын көрсетеді.
Ғалымдар 2025 жылды «жаһандық су тапшылығы кезеңінің бастауы» деп бағалап отыр. Сондықтан көптеген мемлекеттер су үнемдеу мәдениетін күшейтуге көшті. Мысалы, Еуроодақ су жобаларына жыл сайын миллиардтаған еуро инвестиция салады. Францияда «ластаушы төлейді» қағидасы енгізілсе, Израиль ағынды суды қайта өңдеу арқылы су тапшылығын азайтып отыр.
Қазақстан үшін де бұл мәселе аса маңызды. Климаттың өзгеруі, мұздықтардың азаюы және халық санының өсуі Орталық Азиядағы су қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Отандық сарапшылар суды тиімді пайдалану ең алдымен оны дұрыс есептеуден басталатынын айтады. Осы бағытта елімізде цифрлық биллинг жүйелері енгізіліп, су шығынын нақты бақылау жұмыстары жүргізілуде.
Алматының өзінде халық тәулігіне шамамен 520 миллион литр су тұтынады. Бұл – орасан көлем. Бірақ үлкен мәселенің шешімі кейде қарапайым әрекеттен басталады. Егер әрбір алматылық күніне небәрі 3 литр су үнемдесе, жылына 2,5 миллиард литр су қоры сақталып қалады. Бұл бірнеше ірі су қоймасымен тең ауызсу қоры. Тіс жуғанда шүмекті жауып қою, ағып тұрған кранды уақытында жөндеу, суды орынсыз ағызбау – өте қарапайым әрекеттер секілді көрінуі мүмкін. Егер миллиондаған адам мұны күнделікті әдетке айналдырса, нәтижесі орасан болады. Сондықтан су үнемдеу коммуналдық қызметтермен ғана шектелмей, әр азаматтың жауапкершілігіне айналуы тиіс.
Көзге көрінбейтін ысырап
Электр қуаты – қазіргі өркениеттің күретамыры. Бірақ біз осы игіліктің қадірін көбіне жарық өшкен кезде ғана түсінетіндейміз. Электр энергиясының ысырап болуы – артық төлеммен бірге, табиғи ресурстардың азаюы мен экологияға түсетін ауыр салмақ.
Қазір адамдар энергияны бұрын-соңды болмаған көлемде тұтынады. Бірақ оның едәуір бөлігі шынайы қажеттілікке емес, бейқамдық пен артық әуестікке жұмсалып жатыр. Әлеуметтік желіде сағаттап мағынасыз видео қарау, телефонды қайта-қайта қуаттау, бос бөлмеде жарықты жағып қою, қаралмай тұрған теледидарды өшірмеу – бәрі ұсақ нәрсе болып көрінгенімен, миллиондаған адам қайталаған кезде орасан энергия шығынына айналады.
Сандық дәуірдегі ысыраптың жаңа түрі де дәл осы – көзге көрінбейтін энергия шығыны. Бір ғана смартфонға кететін қуат аз секілді көрінеді. Бірақ күн сайын миллиондаған құрылғы қуатталғанда, бұл тұтас электр станциялары өндіретін энергия көлеміне әсер ететін үлкен жүктемеге айналады.
Дамыған елдер энергияны үнемдеуді әлдеқашан өмір салтына айналдырған. Мәселен, Жапонияда адамдар артық жарық жақпауға тырысса, Германия мен Қытай күн панельдерін кеңінен қолданады. Кейбір елдерде көшедегі шамдар адам жүрген кезде ғана жанады. Әлбетте, бұл – технология мен үнем мәдениетінің үйлесімі.
Еліміз үшін де энергия үнемдеу аса маңызды бағыттардың бірі. Қайта жаңартылатын энергия көздерін дамыту уақыт талабы болғанымен, адамдардың энергияны үнемдеу мәдениеті қалыптаспайынша мәселе толық шешілмейді. Бөлмеден шыққанда жарықты сөндіру, қажетсіз құрылғыларды тоқтан ажырату, энергия үнемдейтін техникаларды пайдалану – қарапайым әрекет болғанымен, үлкен нәтижеге бастайды.
Есепсіз тірлік – кредиттік құрық
Соңғы жылдары қоғамда «бөліп төлеу» мәдениеті қалыпты құбылысқа айналды. «0-0-12», «қазір ал – кейін төле» секілді ұсыныстар адамдарға тауарды бірден иеленуге мүмкіндік береді. Бір қарағанда бұл өте ыңғайлы жүйе секілді көрінеді. Алайда сарапшылар мұның астарында байқалмайтын үлкен қаржылық тәуекелдер жатқанын айтады.
Экономистер Buy Now Pay Later (BNPL) жүйесін «көмескі қарыз экономикасы» деп атайды. Себебі адам үлкен қарыз алып жатқанын толық сезінбейді. Ол тек ай сайынғы аз төлемге назар аударады. Соның салдарынан бірнеше бөліп төлеуді қатар рәсімдеп, жалпы қарыз көлемінің қаншалықты өскенін аңғармай қалады.
Бұл үрдіс Қазақстанда да айқын байқалады. Соңғы жылдары тұтынушылық несиелер көлемі күрт өсті. Қазір көптеген адам смартфон, тұрмыстық техника, киім-кешек, тіпті демалыс пен той шығындарын да бөліп төлеу арқылы жабады. Бұрын адамдар ақша жинап барып сатып алуға тырысса, қазір тауарды бірден алып, кейін төлеуді қалыпты өмір салты ретінде қабылдай бастады.
Сарапшылардың айтуынша, бөліп төлеудің ең қауіпті тұсы – оның психологиялық әсері. Адам қарызды ауыр міндеттеме ретінде емес, күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде қабылдай бастайды. Әсіресе жастар арасында бұл жүйе тез таралып келеді. Цифрлық сервистер арқылы бірнеше минутта рәсімделетін қаржы құралдары тұтынуды жеңілдеткенімен, оның жауапкершілігін азайтпайды.
Әрине, бөліп төлеуді толықтай зиянды құрал деуге болмайды. Бірақ бақылаусыз пайдаланылған жағдайда адам болашақ табысын бүгінгі тұтынуға айырбастай бастайды. Сондықтан мәселе бөліп төлеудің өзінде емес, оны пайдалану мәдениетінде. Қаржыгерлер ең алдымен қаржылық жоспар құруды ұсынады. Өйткені бүгінгі ыңғайлылық ертеңгі қаржылық еркіндікті шектемеуі керек.
Үнемшілдіктің жаһандық мәні
Өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз етуге деген ұмтылыс – адамзат эволюциясының қозғаушы күші. Алайда бүгінгі қоғамның тұтыну деңгейі тарихтағы барлық кезеңнен жоғары. Тіпті қазір адамзат өзінің тұтынуынан артық материалдық байлықты өндіреді. Біз адамдардың Жер климаты мен экожүйелеріне орасан зор әсер етіп жатқанын білеміз. Климаттық және экологиялық дағдарысты шешу адамдар санына емес, біздің қанша тұтынатынымызға байланысты.
Материалдар, энергия және қызметтерді тұтыну деңгейінің жылдам өсуі – жаһандық және жергілікті экологиялық өзгерістердің негізгі қозғаушы күштерінің бірі. Қорыта айтқанда, үнемшілдік – кедейлік емес, үлкен мәдениет. Су, электр энергиясы, уақыт, қаржы – мұның бәрі шексіз ресурс емес. Өмірімізде саналы тұтыну мәдениеті қалыптаспайынша, ресурс та, қаржы да, қоғамдық құндылықтар да ысырап бола береді. Сондықтан қарапайым әрекеттерден басталатын үнем мәдениеті – болашаққа салынған ең маңызды инвестициялардың бірі.