Қазір әлеуметтік желідегі «жылтырақ» өмір көп адам үшін шынайы болмыстан да маңызды көріне бастады. Әдемі сурет, қымбат көлік, бренд киім, сәнді саяхат – мұның бәрі кейде адамның қоғамда өзін дәлелдеудің құралына айналып барады. Алайда сырт көзге мінсіз көрінетін бұл өмірдің артында қарыз, күйзеліс, ішкі сенімсіздік пен психологиялық қысым жатуы мүмкін. Aqshamnews.kz тілшісі әлеуметтік желіде талқыланған оқырман оқиғасын негізге алып, психолог Ұлмекен Сәндібекқызымен сөйлесті.
"Әдемі өмір" үшін миллиондап қарызға кіргендер
Threads желісінде қолданушы өзінің танысының оқиғасын бөлісті. Оның айтуынша, бір отбасы әлеуметтік желідегі "идеалды өмірге" еліктеп, қарызға белшесінен батқан. Блогерлердің сәнді өміріне қызығып, несиеге көлік алған, қарызға саяхаттаған, қымбат киім киген. Ақырында ерлі-зайыптылар қарыздарын жаба алмай, қиын жағдайға тап болған.
Бұл оқиға желіде қызу талқыланды. Көпшілік мұндай жағдайдың бүгінде жиі кездесетінін айтып, "абырой үшін", "жұрттан қалмау үшін", "әдемі көріну үшін" несие алудың қауіпті екенін жазды.
Көзбояушылықтың түбі – ішкі сенімсіздік
Психолог Ұлмекен Сәндібекқызының айтуынша, адамның әлеуметтік желіде өзінен «идеалды образ» жасауға ұмтылуы көбіне ішкі сенімсіздікпен байланысты. Яғни адам өзін шынайы болмысымен қабылдай алмаған кезде сыртқы дүниемен – киіммен, көлікпен, саяхатпен, қымбат заттармен бағасын көтергісі келеді.
«Әлеуметтік желіде адам өзін “идеалды” етіп көрсеткісі келеді. Мұның түбінде кедейлік пен жетіспеушілік жарақаты, өзін өзгелермен үнемі салыстыру, қызғаныш, өз-өзіне төмен баға беру сияқты себептер жатуы мүмкін. Лайк пен пікірлер адамның көңіл-күйіне, өзіне деген сеніміне әсер етеді. Сол арқылы ол өзін уақытша болса да маңызды сезінеді», – дейді психолог.
Маманның сөзінше, мұндай жағдайда адам шынайы қажеттілігі мен сыртқы әсердің айырмасын ажырата алмай қалуы мүмкін. Ол өзіне шынымен керек дүниені емес, өзгелерге көрсетуге болатын дүниені таңдай бастайды.
Несие – сән-салтанат құралы емес
Психолог қарызға бату механизмінің де психологиялық сипаты бар екенін айтады. Әсіресе, адам әлеуметтік желідегі «әдемі өмірді» ұстап тұруға тырысқанда, қаржылық шешімді ақылмен емес, эмоциямен қабылдауы мүмкін.
«Әдемі өмірді сақтап қалу үшін кей адамдар қарызға батудан тайынбайды. Бір несиені жабу үшін екіншісін алу – импульсивті шешімнің нәтижесі. Мұндай сәтте үміт пен иллюзия басым болып, сыни ойлау әлсірейді. Адам стресс жағдайында тек мәселені тез шешуді ойлайды. Сол кезде қарыз алу жалғыз жол сияқты көрінеді», – дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.
Алайда маман мұндай шешім уақытша жеңілдік бергенімен, кейін үлкен қаржылық және психологиялық қысымға әкелетінін ескертеді. Қарыз көбейген сайын адамда қорқыныш, ұят, кінә, ашу, күйзеліс күшейеді.
"Жұрт не дейді?" деген ой қарызға итермелейді
Қазақ қоғамында «абырой сақтау», «ұят болады», «жұрттан қалмау» деген түсініктердің де ықпалы зор. Психологтың айтуынша, кей адамдар қымбат той жасауға, бренд киім киюге, жаңа көлік алуға немесе саяхатқа шығуға шын мүмкіндігі жетпесе де, елдің алдында жақсы көріну үшін қарызға кіреді.
«Миллиондап қарызға кірген адамның бойында ұят, қорқыныш, кінә, күйзеліс қатар жүреді. Бұл жағдайға салқынқанды қарауға мүмкіндік бермейді. Кейде адам өзін ақтап, барлығын “қалыпты жағдай” деп қабылдай бастайды. Мұндайда ең алдымен қорқыныш пен ұятпен жұмыс істеу, қолдау ортасын табу, құндылықтарын қайта қарау қажет», – дейді маман.
Психолог адамның қадірі ақша, көлік, үй, киім немесе саяхатпен өлшенбейтінін түсіну маңызды екенін айтады. Әлеуметтік желідегі көрініс – адамның толық өмірі емес, тек таңдап көрсеткен бөлігі ғана.
Ысырапшылдық – қалтаға ғана емес, санаға да салмақ
Қымбат затқа құмарлық, несиеге той жасау, қарызға саяхаттау, «жұрт көрсін» деп шығындану – мұның бәрі жеке адамның ғана емес, қоғамның да мәселесіне айналып барады. Ысырапшылдық қаржылық сауаттың төмендігін ғана емес, құндылықтар жүйесіндегі дағдарысты да көрсетеді.
Бүгінде әлеуметтік желі көп адамға шабыт беретін алаң ғана емес, салыстыру мен жарыстың да кеңістігіне айналды. Біреудің демалысы, біреудің көлігі, біреудің үйі өзгеге өз өмірін төмен бағалатуы мүмкін. Бірақ әр суреттің артында шынайы жағдай қандай екенін ешкім білмейді.
Сондықтан мамандар «әдемі өмірге» емес, шынайы өмір сапасына мән беруге шақырады. Қарызға алынған сән-салтанат уақытша әсер қалдырғанымен, оның салдары ұзаққа созылуы мүмкін.
"Әдемі көріну" үшін емес, тыныш өмір сүру үшін таңдау жасау керек
Психолог әлеуметтік желідегі көзбояушылықтың ықпалынан шығу үшін бірнеше нәрсеге мән беру қажет екенін айтады. Ең алдымен адам өзін өзгемен емес, кешегі өзімен салыстыруы керек. Шынайы қарым-қатынас орнатып, өзінің нақты жетістіктерін бағалай білуі маңызды. Сонымен қатар әлеуметтік желіге кететін уақытты шектеу де пайдалы.
Маманның айтуынша, бала кезде жетпеген мақұлдау, мадақтау, қабылдау сезімдерін адам ересек кезде өзіне өзі беруді үйренуі керек. Қажет болған жағдайда психологпен жұмыс істеу де артық болмайды.
Ең бастысы – әлеуметтік желідегі «мінсіз өмірге» қызығып, өз мүмкіндігіңнен тыс өмір сүруге ұмтылмау. Себебі қарызға құрылған сән-салтанат шынайы бақыт әкелмейді. Керісінше, адамды тәуелділікке, уайымға, қаржылық тығырыққа тіреуі мүмкін.
Шын мәнінде, абырой – қымбат көлікте немесе сәнді суретте емес. Абырой – адал еңбекте, қаржылық жауапкершілікте, отбасындағы тыныштықта және өз өміріңді өзгемен салыстырмай бағалай білуде.