ffin.kz

Ұлттық  спорт – ұлт  келбеті  десек...

Ұлттық  спорт – ұлт  келбеті  десек... almaty-akshamy.kz

Мақсат – ұлттық брендті ұлықтау, атқа міну мәдениетін қалыптастыру


Жер бетіндегі кез келген халықты әлем жұрты ұлттық ерекшеліктеріне қарап таниды.  Оларды өзге мемлекеттерден даралап тұратыны – ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрі мен  мәдени-рухани бағдарлары, ұлттық ойындары  мен  өнері.  Солардың арасында  ұлттық ат спорты  түрлерінің орны ерекше.  Бүгінде бұл бағыт қоғамда   қарқынды дамып келеді. Біздің  болмысы бөлек ұлттық спорт  жанашыры, жылқының қадірін біліп, табиғатын қапысыз ұққан азамат, «Дәукей көкпар клубының» негізін қалаушы – Данияр  Дәукеймен әңгімеміз  осы бағдарда өрбіді.


Құндылықтарымызды құлдыратпау өз қолымызда


– Данияр аға, бүгінде спорт пен өнер ұғымдарының  аражігін ажырата алмай жүрген секілдіміз. Қазақтың саятшылық, атбегілік өнерін спортқа теліп жатады. Жалпы, ұлттық «спорт – ойын – өнер» ұғымдары арасындағы  айырмашылықты  қалай талдап берер едіңіз?


– Орынды сұрақ. Бізде Ұлттық спорт қауымдастығы бар болғанымен, өкінішке қарай, бұл ұжым  өз міндетін толыққанды атқара алмай отыр. Ұлттық спорт, өнер мен ойынның жас ұрпақты тәрбиелеуде қаншалықты маңызы бар екенін ескерсек, үшеуін жеке-жеке  бөліп қарастырған жөн. Бөлек қауымдастық құрса да артықтық етпейді. Біз, ең алдымен, спорт пен дәстүрдің арасын ажыратып алуымыз керек. Қазақтың құсбегілік, саятшылық пен атбегілігі – ұлттық дәстүрге, яғни өнерге жатады. Құсбегі мен атбегі – спортшы емес. Ал көкпар – ұлттық спорт түрі. Көкпар палуаннан жүректілікті, ептілік пен батылдықты талап етеді. Әрине, ұлттық өнер де спорт секілді дайындық пен қаражатты қажет етеді. Құсбегілік – қазақ халқының қанына сіңген көне дәстүр, ата-бабадан қалған мұра. Басқа басқа, ұлттық өнердің бұл түрі қазаққа етене жақын болғандықтан  кенжелеп қалмауы тиіс. Құсбегілікпен айналысатындар үшін арнайы қауымдастық құрылып, мемлекет тарапынан қолдау болу керек деп санаймын. Бір қуантарлығы, бізде ұлттық өнерге жаны ашитын азаматтар көп.


Ұлттық спорт түрлері деп  көкпарды, теңге ілуді, аударыспақты, бәйгені, жамбы атуды айтсақ  болады. Бізде спорт қауымдастығы бұл тізімге  асық атуды қосып, оған арнайы қаржы бөледі. Негізінде, асық атуды спорт түріне жатқызу дұрыс емес. Ол –  кез келген қазақтың баласы білуге тиіс ұлттық ойын.


Жалпы,  бұл ұлттық құндылықтарымыздың  үшеуі де қазаққа керек. Оларды құлдыратпау өз қолымызда.


–  Көкпар да, бәйге де, қазақша күрес те  күні кешеге дейін  тек Наурыз мерекесінде, ас-тойларда жылына 2-3 рет қана ұйымдастырылатын. Соңғы жылдары қазақ күресінен  спорттық жарыстар жиілеп, бұл сала  жақсы дамып келеді.   Ұлттық спорт  түрлерінің әлемдік деңгейде дамуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?


–Ұлттық спорт түрлері халқымыз пайда болғалы өмір бойы дамып келе жатыр. Әлі де дамиды. Уақыттың ыңғайына қарай біртіндеп, әлемдік деңгейде де дамитын болады. Ол үшін, біріншіден, біраз саланың дамуына тұсау боп келген, қоғамды жайлаған жемқорлықты түбірімен жою керек. Басшылыққа жемқор адам келсе, оның зардабы бәрінен де ұлттық спортқа тиеді. Жемқорлық болмаса, бізде намысты, ұлттық спортқа деген жанашыр жандар көп. Осы саланың басшылығында отырғандар ұлттық спортты дамыту арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттауға жол ашылатынын ұқса деймін. Сонда ғана өзінің ұлтына тән спорттың, өнері мен ойынның болмысын өскелең ұрпақ бойына сіңіріп өседі. Жастардың ұлтқа деген жанашырлығы, құрметі оянады.  Екіншіден, спорт түрлеріне бұқаралық сипатта мән беріліп, қолдау білдіру керек. Қазіргі таңда елімізде бірнеше елге пайдалы, адал компаниялар бар. Бірақ олар ұлттық спортты дамытуға, көкпарды қолдауға қызықпайтыны өкінішті.


Көкпар – ат спортының төресі



–Көкпарда бастысы күш пен әдіс  ұштасуы керек. Палуанға  тағы қандай қасиеттер тән?


–Ұлттық ат спортының төресі – көкпар саналғандықтан, көкпар палуанына тән қасиеттер бар. Басқа спорт түрінде, мәселен бокста спортшы қарсыласын ұрады, қазақша күресте жамбасқа лақтырады. Ал көкпарда адамға зиян келтіруге болмайды. Қазақ философиясының кереметтілігі сол, тәрбиесі мен спортына дейін бір-біріне сәйкес келеді.


Әрине, күш пен әдіс ұштасу керек. Әдіс жағынан әр палуан қарулы болуы аса маңызды. Аттың құлағында ойнап, оны бағындыра алу керек. Көкпарда жәй ғана атқа міну, шаба алу аздық етеді. Кез келген адам  аттың бабын тауып, ыңғайын жақсы білер, бірақ көкпар тарту мүлдем бөлек нәрсе. Палуанда айла, әдіс-тәсіл, жүректілік бәрі бір арнада ұштасуы керек. Ер азаматтың күші мен шыдамдылығы сыналады. Дегенмен, мұның өзі де жеткіліксіз. Бірнеше келілік серкені тартып, көкпар ережесін сақтап, қазандыққа салым салу рухы мықты шабандоз палуанның ғана қолынан келеді. Көкпарға қатысып, жеңіске жетудегі басты талап – батылдық. Көкпар 2 түрге бөлінеді. Жаппай және командалық көкпар. Жаппай көкпар дәстүрге жатады.


Сырт көзге қарапайым болып көрінгенімен, екінің бірі көкпаршы бола алмайды. Кез келген палуан көкпар додасына қатыса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, көкпар спортында ептілік пен қара күш сынға түседі.


–Көкпарда жылқының жылдамдығы әсер ете ме?


–Иә, жылдамдық әсер етеді. Көкпарда ат жүйрік, белді болу керек. Салмақты палуандар үшін жылқы белді болуы міндетті. Мықты, ақылды жылқы қарсыластың жылқысын серкеге, қазандыққа жақындатпайды. Осылайша, палуанға ойын барысында серік болады. Олай болмаса ойын жүрмей қалады.


Шабуылшы жерден серкені іліп алып жүреді. Бұл палуанға ат биік болмауы керек. Биік болса палуан ойын барысында тез шаршайды да, серкені жерден іліп алу қиынға түседі. Ал қорғаушыда ат ірі, шалт, жылдам болуы керек.


Бақ пен бап  сыналатын дода


–Арық ат тез болдырады, семіз ат ентігіп тұрып алады. Көкпарға атты қалай таңдайсыздар?


–Көкпар клубындағы аттардың бәрі – қазақтың қарабайыр тұқымды жылқылары. Дені – айғыр. Көкпарға шетелдік тұқымды аттар төтеп бере алмайды. Қарабайыр тұқымды аттар ғана шыдай алады. Шетелдік тұқымды аттар үйірде өспегендіктен,  нәзік болады. Ал үйірде өскен жылқы төзімді келеді. 


    Көкпар додасына түсетін жылқылар да бөлек болады. Кейбірі додадан қорқады. Әсіресе, Еуропаның аттары додадан қашады. Қазақтың қарабайыр тұқымды жылқысы үйірде өскендіктен, додадан қашпайды. Керісінше, додаға ұмтылып тұрады. Өйткені, ол оған үйір сияқты көрініп, тартыс барысында өзін жайлы сезінеді.



 Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт.


–Өзіңіз көкпарға қалай келдіңіз?


–Осыдан 15 жыл бұрын жайлауда әуесқойлықпен  көкпар тартатынмын. Сол кезде көкпар – қазақ үшін нағыз керек ұлттық спорт  түрі екенін ұғындым. Оған дейін баскетболмен айналысқанмын. Ол да  тартысты спорт түрінің бірі. Бірақ баскетболда қарсыластармен, командаластармен байланыс орнату жетпей қалады. Ал көкпарда байланыс үзілмейді. Сөйтіп, 2012 жылы Алматы көкпар федерациясын басқаруға шақырту алдым. Кейін Бауыржан Момышұлы атындағы әскери училищесінде көкпар бөлімі ашылып, «демеуші де, атқарушы да өзім  боламын, маған тек көкпарға үйрететін сарбаздар берсеңіздер болды» деп бар міндетті өз мойныма алдым. Әскери училищедегі көкпарға қызығатын 8 баланы таңдап, апта сайын жаттығу өткізіп тұрдым. Бұл мен үшін спорттағы жаңа жоба болды. Оған дейін көкпар тартып көрмегенмін. Бір жылдың ішінде балалар көкпарға тез бейімделіп кетті. Біраз уақыттан кейін әскери училище басшылығы ауысып, көкпар бөлімі жабылып қалды. Бірақ балалардың жартысы көкпарда қалды. Кейін Жастардың көкпар лигасын ашу ойы туындады. Мақсатым орындалды. Көкпар лигасы құрылды. Алматыдағы 5 университетті мүше ретінде қабылдадық. Спорттан хабары жоқ студенттер көкпар тартып үйрене бастады. Жылына көкпардан 2 жарыс өткізіп жүрдік.


  – Өзіңіз басқаратын көкпар клубы  қашан құрылды?


–Жастар көкпар лигасы ашылғаннан кейін «жастарға көкпар тартатын арнайы орын ашсақ жақсы болушы еді» деген ой келді. Жайлау Түрген жақта, қаладан қатынайтын спортшылар үшін Түргенге бару қиын болғандықтан, алаңды  қалаға жақын маңнан ашу керек болды. Ыңғайлы алаң боларлық жер іздеп жүріп,  2018 жылы «Дәукей көкпар клубын»  құрдық. Міне, 4 жылдан бері көкпар клубы  ұлттық спорт үшін біраз жұмыс атқарып келеді. Көкпаршыларға ыңғайлы жаңа алаң, жылқыларға арнайы қоралар салынды. Бүгінде  клубымыздың мүшелері өте көп. Былтыр  олардың арасында көкпардан жарыс өткізгенбіз. Сол кезде 16 команда болды. Көкпаршылардың бәрі әртүрлі салада жүрген әуесқой жандар. Бірі – заңгер, бірі – дәрігер, кәсіпкер де бар арасында. Көкпаршылардың басым бөлігі кәсіпқойлар емес. Дейтұрғанмен, көкпар тарту қазақтың қанында бар екені бірден байқалады.


Қазақ аттан түспеу керек!


Ұлттық спорт комитетінің осыдан  2-3 жыл бұрынғы мәліметтерінде ұлттық спорт түрлерімен 322 мыңнан астам адам айналысады деген дерек келтіріпті.  Бұл тым мардымсыз аз көрсеткіш  қой?


 –Меніңше, ұлттық спортпен одан да көп адам айналысады. Қазақстанның оңтүстігінде жаппай көкпар жақсы дамыған. Бүгінде  бұл ұлттық спорт түрінің сәнге айналғаны, әр өңірде  көкпаршыларымыздың көптігі  қуантады. Жаппай көкпарда жүлде қоры –  ауқымды. Сондықтан көкпаршылар жүлдеге таласып, салым салады. Кәсіп болып кетті. Жаппай көкпар экономиканың бір бөлігіне де айналып үлгерді. Тіпті,  көкпар жылқыларының ас-суы, ат-әбзелдері, палуандардың көкпарға арналған киімдері бар. Бұл спорт түрі  үлкен индустрияға айналып барады. Дәл осы кезде көкпар кенже қалған өзге аймақтарда жиі-жиі  атшабар жасап, жастар көкпар лигасы форматында болсын, жаппай формат болсын көкпарды жиі ұйымдастырып, палуандарға да,  көкпар көрермендеріне де жан-жақты жағдай жасалуы керек.


–Қазақ көкпаршылары  елден тыс аймақтарда  ұйымдастырылатын жарыстарға қатыса ма?


 –Ең үлкен жетістіктеріміздің бірі – Франция мемлекетіндегі ауқымды жарыс. Ол жерде аңшылықтың арнайы фестивалі өтті. Біз үш күн өнерімізді көрсеттік,  18 мың көрермен көкпар көрді. Шөптен жасалған қазандық, серке-муляж болды.


–Ұлттық спорт саласында  жаппай көкпар мен командалық көкпардың қайсысының дамығаны тиімді? Екеуінің айырмашылығы қандай?


–Екеуінің де орны бөлек, екеуінің де дамығаны тиімді. Жаппай көкпарда жақсы шабатын палуан командалық көкпарда шаба алмайды. Айырмашылығы көп. Жаппайда қарулы, мықты, денелі палуан болуы керек. Себебі, серкенің салмағы ауыр болып, дода тартысты өтеді. Ал командалық көкпарда серке жеңілірек болады. Бірақ қағыс көп болады.


–Серке демекші, соңғы уақытта шетелдіктер серкені тарту – мал-жануарға жасалған қиянат екендігін айтып жүр. Жасанды серке-муляжды пайдалану туралы ұсыныстар бар. Көкпар үшін қайсысы дұрыс?


–Жаппай көкпарда серкені ғана тартады. Өйткені, ол ертеден келе жатқан ата-дәстүр. Арнайы муляжды ойлап тапқан кезде «муляж неге керек, көкпарды серкемен ғана ойнау керек» деген  біраз пікір айтылып жатты. Қазіргі кезде командаларда муляжбен тартады. Қауымдастықтың түрлі чемпионаттарында серкемен шабады.


Көкпар қай күндері өткізіледі?


Біздің клубымызда  көкпар жиі ұйымдастырылып  тұрады. Әр жексенбі күні  балалар көкпар тартады. Бұрын балалар ақылы түрде қатысатын. Биыл «Балалар жылы» аясында  Алматы әкімдігі балалардың көкпарға қатысуы үшін қаржы бөлді, сондықтан ниеттенгендер  тегін келіп қатысады. Бүгінде 36 бала көкпар тартып үйренуде.


Әңгімемізді ат спортының болашағымен түйіндесек...


 –Қазақ аттан түспеу керек!  Біріншіден, атқа міну – сүннет, екіншіден – ата-бабадан қалған мұра. Қазақ пен жылқы – егіз ұғым. Көшпелі халқымызды жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Мақсат – атқа міну мәдениетін қалыптастыру, балаларымызға  атқа мінуді үйретсек, ат спортының болашағына сеніммен қадам жасай аламыз.


–Мәнді, мағыналы әңгімеңізге көп рахмет!


Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА.  


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51

11:00

10:53

10:51

10:37

10:13

10:04

09:54

09:53

09:38

09:35

09:05

08:58