Ұлттық құрылтай жанданғалы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Алқалы жиында назарда болған кемшілікті түзету заң шеңберінде бекіп, қоғамның оң бағытқа бет алғанын байқаймыз. Осы орайда Kazinform тілшісі өткен құрылтайлардың нәтижесіне көз жүгіртті, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Ескі үрдіс – есті жол
Халық жер-жерде айтылған ой-пікірдің бір ортада талқыланғанын қалағаны бар. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген ұстанымнан туса керек, талқы мен ұсыныстың саяси алаңын көп күтті. Себебі бұған дейін өңірлердегі қоғамдық кеңестер, азаматтық қабылдау жүйелі жүргенімен, елдік мәселені жалпыға бірдей жария қылуға қауқарсыз еді. Қоғам үні аймақтан әрі аспай, тіпті елордаға жеткен «даттың» еленбей қалатыны көп-тін.
Міне, Мемлекет басшысы осы олқылықты шешу үшін 2022 жыл Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Аты ескі болғанымен, заты заманға сай жаңа құрылымның мақсат-міндеті айқындалып, үш жыл қатарынан алқалы жиын үзілген емес.
– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтің біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруы тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады, – деді Президент Жолдауында.
Бұл - ескі мен жаңаны жалғаған бірегей шешім десек болатындай. Бабалар тәжірибесінде тағдыршешті таңдау мен күрмеулі кедергі алқалы жиында талқыланған. Алтын орданың құрылуына Талас құрылтайы себеп болды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы тұсауын кесіп, кейінгі құрылтайда автономия статусын жариялағаны тарихтан мәлім.
Берідегі дәстүр де есте. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1992 жылы Қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайы өтті. 33 мемлекеттен келген қазақ егемен елдің іргесін кеңейтуді көздеді. Содан бері шетелдегі қандастардың басын қосқан құрылтай тоқтаған жоқ. Жиынның шалғайдағы қандастардың атамекенге оралуына айтарлықтай ықпал еткенін ешкім жоққа шығара алмас.
Инфографика: Kazinform
2022 жылы Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін саяси жүйе өзгеше сипатқа көшті. Конституциялық реформалар, билік құрылымы өзгерді. Бастысы, жаңа ғасырда жанданған Ұлттық құрылтай тарихи тамырымен біте қайнасқан болатын. Алғашқы Құрылтай – ұлт ордасы Ұлытауда, кейінгі кеңес – түркі әлемінің бесігі атанған Түркістанда, өткен жылы – Сарайшық маңындағы Атырауда ұйымдастырылды. Биыл Құрылтай Көкшетау өңірінде өткізілмек.
Құрылтай – құр баратын жиын емес, көптің ойын жалқының тілімен жеткізетін жер. Байқасақ, әуелгіде мән-маңызына дендей қоймаған кеңес мүшелері кейін ашыла түскендей. Мысалы, Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42 ғана ұсыныс түскен. Ал Түркістанда – 106, Атырауда – 149 ой-пікір айтылыпты, яғни уақыт өте кеңес құрамы мен мәселені жеткізу моделі жетіле түсті деген сөз.
Инфографика: Kazinform
Ұлытауда ұйысқан ұлт
Орайы келгенде Ұлттық құрылтайда қандай мәселелер көтерілгенін тарқатып көрейік. Ұлытаудан бастасақ, ұлттық мүддеге жолығамыз. Онда Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен жалғасты бастамаларды сөз етті. Әсіресе, митингілер туралы демократиялық заң, партиялық сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастардың үлесін айтқан. Жаңа технологияларды қоғам игілігіне пайдалану әрі әрбір адамның ұсынысын жеткізу үшін «Quryltai» мобильді қосымшасын әзірлеу идеясы да маңызға ие.
Алайда Ұлытаудағы жиыннан туындаған ең басты шешім 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару болғаны анық. Тәуелсіздік күнінің мәнін түсірмей, жаңа датаға басымдық беруді жұрт құптады. Мемлекет басшысы қос мерекенің ара-жігін ажыратып, қай тұстан жаңашылдық көру керегін меңзеген еді.
– Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, 2022 жылы Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзету енгізіп, қазақстандықтар Республика күнін қайта тойлауға мүмкіндік алды.
Қазіргі «еңбек адамы» ұғымының бастауы Құрылтайға тиесілі. Алғашқы отырыста еңбекке баулу, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты тың ойлар ортаға тасталып, әлемдік еңбек нарығындағы үрдістер талданғаны мәлім. Сол кезде айтылған ұсыныстар аясында биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Құрылысшылар, геологтерге, кеншілерге мемлекетік наградалар табысталды. Еңбек күні бекітіліп, кәсіби мерекелерді атап өтуге ерекше мән беріліп жатыр.
Ұлытауда қанша жыл түйіні тарқамаған латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болған. Президент асығыс қадам жасауды жөнсіз деп бағалады. Латын әліпбиіне көшудің лингвистикалық негіздемесін жетілдіріп, қазақ тіліне арналған орфографиялық қағидаларды қайта қарағанда ғана жобаға қолдау болатынын бүкпесіз жеткізді.
Түркістан төрінде: мемлекеттік награда, шекаралас аймақ, жаңа тарих...
Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы киелі Түркістанда өтті. Мұндағы тақырып алдыңғымен шамалас: құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, маңызды институттардың жұмысын жүйелеу, креативті индустрияны дамытудың жай-күйі бар.
Сол жолы Президенттен Республика күні қарсаңында мемлекеттік марапаттар әзірленетінін білдік. 2023 жылы «Ел бірлігі» атты жаңа награда мереке қарсаңында белгілі азаматтарға табысталып, кейін тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендер жарыққа шықты.
Фото: Ақорда
Түркістандағы Ұлттық құрылтайда тарихқа ерек мән берілгені байқалады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесі, «Ясауитану» ғылыми орталығын құру, Археология институтын жаңғырту, жеті томдық жаңа тарихты жазу ұсынылды. Қазір бұл идеяның біршама бөлігі бітуге таяу.
Жиында жастардың рухани азығы мен тән саулығы назардан тыс қалмаған. Құрылтайдан кейін «Балалар кітапханасы» атты жаңа жоба дүниеге келді, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар қалыптасты. Оған қоса, Мемлекет басшысы нашақорлықпен күрестің кешенді жоспары әзірленетінін айтып, есірткімен күрес жұмысын реттейтін арнаулы құжат бастау алды.
Құрылтайда жекелеген мәселелер ғана емес, тұтас өңірлердің тағдыры шешілгенін көрдік. Ұлттық құрылтайда шығыс шекарадағы Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Тақырыпты жер тұтастығы мәселесімен қабыстыра білген Президенттің «шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз» деуі мемлекет ұстанымының нық екенін білдіргендей.
Атырауда не айтылды?
Сөзсіз, былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың тақырып ауқымы алабөтен. Қоғамдағы қателіктен бастап бизнестегі бағытқа дейін қамтылды. Мысалы, жиында ата-бабасына арнап ескерткіш орнату көбейгені, дәстүрлі емес діни ұстанымдағы азаматтардың құндылықтарға көзқарасы ашық сыналғанын ұмытпадық.
– Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек, – деді Президент.
Құрылтайда лудоманияға шалдыққан қазақстандықтардың саны 400 мыңға жуық екені алғаш айтылды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандардың тағдыры кеңес мүшелерін бейжай қалдырмаған болатын. Кейін онлайн ойындарға қатысты арнайы заң қабылданып, сала оңала түсті.
Жалпы Атыраудағы жиынның көмегі ерекше көп болғанын жоққа шығара алмаймыз. Дәл осы үшінші кеңестің аясында 300-ге жуық мәселе талқыланып, 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданды. Сол жылы Мемлекет басшысы тұрғын үймен қамтуға арналған жоба жүзеге асатынын сүйіншілегеннен кейін «Наурыз» бағдарламасы ашылды. Мұның барлығы - халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға қосылған тамшыдай үлес.
Құрылтай тарқатқан түйін
Бүгінге дейін Ұлттық құрылтайдың бастамасымен бірқатар заң қабылданыпты. Атап айтсақ, әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту туралы заң, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заң қабылданған. Бұл қатарға вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат қосылды. Оған қоса, есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулерді атап өткен жөн.
Бұдан өзге өзгеріс жетерлік. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандар құрылуы – Ұлттық құрылтайдың жемісі. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе берілуі, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта жарыққа шығуы да оң нәтиже санатында.