AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • Басты бет
  • Барлығы
    • Ресми бөлім
    • Спорт
    • Керек кеңес
    • Медицина
    • Білім және ғылым
    • Заң мен тəртіп
    • Оқиға
    • Не? Қайда? Қашан?
    • Эксклюзив
    • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
Қазақ Qazaq قازاق Русский
Қазақ Qazaq قازاق Русский
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті
  • 🏠 Басты бет
  • Барлығы
    • • Ресми бөлім
    • • Спорт
    • • Керек кеңес
    • • Медицина
    • • Білім және ғылым
    • • Заң мен тəртіп
    • • Оқиға
    • • Не? Қайда? Қашан?
    • • Эксклюзив
    • • Алматы көшелері
  • Жаңа Конституция
  • 📰 Газет архиві

Біз әлеуметтік желілерде:

💱 Валюта бағамы:

Басты бет / Әлеумет / Ұлттық музыка ғылымының негізін қалаған тұлға

Ұлттық музыка ғылымының негізін қалаған тұлға

Әлеумет Бүгін 13:44 85 Bakyt
Ұлттық музыка ғылымының негізін қалаған тұлға
aqshamnews.kz

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Түркі мәдениеті және мұрасы қорының қатысуымен академик Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған «Ахмет Жұбанов және қазіргі замандағы музыкатану ғылымы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті.

Конференцияның ашылу салтанатында «Ғылым ордасының» Орталық ғылыми кітапханасы әзірлеген Ахмет Жұбановқа арналған кітап көрмесі көпшілікке ұсынылып, оның бай ғылыми әрі шығармашылық мұрасын кеңінен танытуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Ахмет Жұбановтың тікелей бастамасымен іргесі қаланған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің кіші құрамы өнер көрсетіп, шараның мазмұнын айрықша әрлеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Ауқымды конференция жұмысына Қазақстан, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан елдерінің жетекші ғалымдары, музыкатанушылары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Жұбановтар әулетінің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, жиында Батыралы Сыдықов атындағы Қырғыз-Өзбек халықаралық университетінің, Әзірбайжан мемлекеттік педагогикалық университетінің, Ресей ғылым академиясы Уфа федералдық зерттеу орталығының Құрмет белгісі орденді Тарих, тіл және әдебиет институтының, Ресей ғылым академиясы Сібір бөлімшесінің Моңғолтану, буддология және тибеттану институтының, Үзеир Ғаджибейлі атындағы Баку музыка академиясының зерттеушілері, сондай-ақ Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының, Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің оқытушы-профессорлары мен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары баяндама жасады.

Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы, оның ішінде композиторлық, дирижерлік, ғылыми, ұстаздық, қоғамдық және әкімшілік қызметтері, сондай-ақ ғылым мен білім салаларындағы Жұбановтар әулетінің мұрасы, әдебиет, тіл, өнер бағыттарын игерудің заманауи талаптарына қатысты мәселелер конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында жан-жақты талқыланды. Бұл ғылыми басқосу ұлттық музыка мұрасын зерделеу мен оны заманауи ғылыми тұрғыда қайта пайымдаудың өзекті мәселелерін талқылауға мүмкіндік берді.

Пленарлық отырысты М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, академик Кенжехан Матыжанов жүргізді. Конференцияға Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаевтың, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлованың, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің директоры Медет Қуанышевтың, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Гаухар Тасбергенованың, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаевтың атынан құттықтау хаттар келіп түсті. Бұл, өз кезегінде, Ахмет Жұбанов мұрасының ұлттық мәдениет пен ғылым кеңістігіндегі айрықша орнын нақтылай түсті.

Пленарлық мәжіліске Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының басшысы Жеңісбек Төлен, Түркі мәдениеті және мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің директоры Медет Қуанышев, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ғылым жөніндегі проректоры Қабыл Халықов, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған қазақ музыкалық мектеп-интернатының директоры Данияр Байжұманов қатысты.

Пленарлық баяндамаларда Ахмет Жұбановтың қазақ музыка өнерін қалыптастырудағы тарихи рөлі, оның ғылыми және педагогикалық қызметінің айрықша маңызы, сондай-ақ ұлттық музыкатану ғылымының іргесін қалаудағы орны терең әрі жан-жақты сарапталды. Сонымен қатар ғалым мұрасын заманауи ғылыми мәселелер аясында қайта зерделеу кеңінен қамтылып, өзекті ғылыми пайымдаулар ұсынылды. Басқосу барысында Ахмет Жұбановтың композиторлық және ғылыми мұрасының қазіргі орындаушылық өнер мен музыкалық білім беру жүйесіндегі айрықша мәні кеңінен айқындалып, жан-жақты негізделді. Сондай-ақ ұлттық музыкалық қазынаны сақтау, жүйелеу және цифрландырудың өзекті мәселелері терең талқыланып, жаңа зерттеу әдістері мен инновациялық бағыттар төңірегінде мазмұнды пікір алмасу өріс алды.

Жиын аясында Ахмет Жұбанов дәстүрін жалғастырып, күй шығарған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәміл Әбілтаевтың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа Конституцияны» қабылдауына байланысты жазылған «Жаңа Конституция» күйі тарту етілді.

Іс-шарада А. Жұбанов және оның ізбасарларының мақалалары топтастырылған «Қазақстанның академиялық ғалымдарының музыкалық-сыни мақалаларының таңдамалы үлгілері» атты еңбектің, сондай-ақ «Ахмет Жұбанов және қазіргі замандағы музыкатану ғылымы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары жинағының тұсаукесері өтіп, қалың жұртшылыққа таныстырылды. Аталған екі жаңа басылым бүгінгі таңда ғылым мен білім, өнер мен мәдениет бағыттары бойынша ауқымды әрі мазмұнды еңбектерді жариялап, жоғары сапасымен танылып келе жатқан «Arna-B» баспасынан жарық көрді. Бұл еңбектерді құрастырып, баспаға жоғары ғылыми деңгейде әзірлеу жұмысын Ахмет Жұбанов іргесін қалаған М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің мамандары атқарды.

Конференцияның секциялық мәжілістерінде түркі халықтарының музыкалық-фольклорлық мұраларының пәнаралық байланыстары жан-жақты ашылды. Мұнда ғалымдар музыкатану, театртану, фольклортану, мәдениеттану, тілтану салаларымен қатар, филология және бейнелеу өнерінің өзекті бағыттары бойынша мазмұнды баяндамалар ұсынды. Қатысушылар Ахмет Жұбанов мұра етіп қалдырған «Музыка әліппесі», «Қазақ халық композиторларының өмірі мен творчествосы», «Құрманғазы», «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі», «Ән-күй сапары», «Өскен өнер» атты еңбектерінің музыкалық-теориялық қырларын, композиторлық шығармаларындағы поэтика мен стильдік ерекшеліктерді, ұлттық өнердің сахналық интерпретациясын, сондай-ақ түркі халықтарының мәдени сабақтастығын ғылыми тұрғыда талқылады.

Алқалы жиын аясында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы А. Жұбановтың 120 жылдығына орай «Өскен өнер» атты концерт өткізді. Концертте Рамазан Стамғазы, Талғат Мұқышев, Мұрат Әбуғазы, Болат Жомартов, Нұржан Жампейісов, Шолпан Даржан, Талғат Әбуғазы, Қорлан Картенбаева, Армат Исламғалиев, Сырым Нұрмолдин, Жанболат Жұмағазин, Қаламқас Қадырбаева, Тоғжан Дүйсенбекқызы, Жанат Мұқанов, Ғали Кәкімбай, Сатыш Ескендір өнер көрсетті. Сондай-ақ академияның домбырашылар ансамблі мен студенттік хорының орындауында Ахмет Жұбановтың шығармалары көрерменге ұсынылды. Хор жетекшісі – Сырымбет Сайлыбаев.

Мерейтойлық концертті жүргізген Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, күйші, ҚР «Мәдениет қайраткері» Мұрат Әбуғазы Ахмет Жұбановтың өмірі мен шығармашылығы жайында сыр шертіп, оның ұлт руханиятындағы өшпес ізін көрерменге әсерлі түрде жеткізді.

Қорыта айтқанда, Ахмет Жұбановтың 120 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция оның ұлттық музыка өнері мен ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесін жан-жақты пайымдауға мүмкіндік берді. Ауқымды басқосу барысында ғалым мұрасын заманауи ғылыми парадигмалар тұрғысынан қайта зерделеудің өзекті бағыттары айқындалып, ұлттық музыкалық мұраны сақтау, жүйелеу және цифрландыру мәселелері бойынша маңызды ғылыми тұжырымдар ұсынылды. Конференция нәтижелері отандық музыкатану ғылымының дамуына серпін беріп, Ахмет Жұбановтың рухани мұрасының уақыт өткен сайын маңызын арттыра түсетінін тағы бір мәрте дәлелдеді.

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының
«Музыкатану» бөлімінің меңгерушісі,
өнертану ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
ҚАЗТУҒАНОВА Айнұр Жасанбергенқызы

Телеграм арнаға жазылыңыз
#Ахмет Жұбанов #Қазақ #Музыка
Бөлісу:
Жүктелуде...

Соңғы жаңалықтар

Алматы баскетболшылары 15 жасқа дейінгі командалар арасында Қазақстан чемпионы атанды

Бүгін 14:06

Қазақстанда шетелдіктер үшін арнайы виза пайда болмақ

Бүгін 12:52

Екі алтын: Қазақстан триатлоннан Азия кубогында төрт жүлде жеңіп алды

Бүгін 11:35

Қазақстандық студенттер әзірлеген ЖИ жобасы АҚШ-та жеңіске жетті

Бүгін 10:58

Жаңбыр жауып, 3 градусқа дейін үсік жүреді: ауа райы болжамы

Бүгін 09:25
Telegram
Жазылыңыз
AqshamNews.kz - "Алматы-ақшамы" қоғамдық-саяси газеті

"Alatau Aqparat" медиахолдингі

Сілтемелер

  • Біз туралы
  • Байланыс
  • Жарнама
  • Жазылу
  • Газет архиві

Байланыс

  • Республика Казахстан. 050022, г. Алматы, Адрес: ул. Шевченко, 106 а
  • +77272930803
  • alatauaqparat@gmail.com
Copyright 2026, "Alatau Aqparat" медиахолдингі
Яндекс.Метрика
// SMI24 виджет setTimeout(function() { if (typeof Smi24 !== 'undefined') { Smi24.init('[data-smi-widget-id="130"]'); } }, 1500);