2026 жылғы 30 қазанда Алматы қаласындағы «Достық» үйінде «Ұлттық құндылықтар – адами капиталды дамытудың негізі. Жаңа парадигмалық көзқарас» атты республикалық ғылыми конференция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, адами капиталды дамыту және жас ұрпақтың адамгершілік әрі зияткерлік әлеуетін арттыру мәселелеріне арналған басқосуға ғылыми және педагогикалық қауымдастық өкілдері, қоғам қайраткерлері, білім беру саласының мамандары қатысты.
Конференцияда Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған құндылықтар мен қағидаттар, сондай-ақ «Толық адам» тұжырымдамасы адами капиталды дамытудың негізі ретінде қарастырылды. Тұлғаның адамгершілік, зияткерлік және жасампаздық әлеуетін арттырудың тиімді тетіктеріне назар аударылды.
Жиынға Ұлттық құндылықтар академиясының төрағасы Әділхан Төлегенұлы Дүйсебек модераторлық етті. Іс-шараның ашылуында академияның қызметі туралы бейнебаян көрсетіліп, құттықтау сөздер айтылды, баяндамалар ұсынылды.
Конференция спикерлері қатарында Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, білім беру және адами капитал мәселелері жөніндегі комиссияның жетекшісі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ұлттық құндылықтар академиясының құрметті академигі Аягүл Миразова болды.
Басқосуда ұлттық тәрбие мен білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Ұлттық құндылықтардың тұлға қалыптастырудағы және қоғамды дамытудағы орны конференцияның негізгі тақырыптарының біріне айналды.
Іс-шара офлайн және онлайн қатысуды қамтитын аралас форматта өтті. Бұл еліміздің әр өңіріндегі мамандар мен зерттеушілердің конференция жұмысына қосылуына мүмкіндік берді.
Республикалық конференция ұлттық құндылықтар мен заманауи білімнің сабақтастығын қарастырған ғылыми-тәжірибелік алаң болды. Жиында көтерілген мәселелер адами капиталды дамытуда кәсіби біліммен қатар адамгершілік ұстаным мен ұлттық тәрбиенің де маңызды екенін айқындады.