Ұйықтамайтын Алматы: түнгі қалада полиция қызметкерлері қалай жұмыс істейді?- фоторепортаж

  • 08:31, 27 қаңтар 2026
Ұйықтамайтын Алматы: түнгі қалада полиция қызметкерлері қалай жұмыс істейді?- фоторепортаж сурет: Нұрбол Ынтымақұлы/aqshamnews.kz

Тіршілігі тынымсыз Алматы жұртының тынысы түнге қарай саябырсығандай көрінгенімен, қала ешқашан толық тыныштыққа кетпейді. Біреулер үйіне асығып барады, біреулер жұмыстан қайтады, ал біреулер үшін түн - ең жауапты уақыт. Аqshamnews.kz тілшілері Алматы патрульдік полициясының мамандандырылған батальонында қызмет ететін аға инспекторлар Данияр Сүлейменов және Аян Рысхановпен бірге түнгі 01:00-ден таңғы 04:00-ге дейін қала көшелерін аралап, "ұйықтамайтын Алматының" тыныс-тіршілігін торуылдап қайттық. 

Түнгі 01:00. Рейд неден басталды?

Рейд Алматының басты артерияларының бірі - Әл-Фараби даңғылынан басталды. Түнгі қалада көлік қозғалысы сирек болғанымен, тәртіп бұзушылар да кездеседі.

Көп ұзамай Халиуллин көшесі мен Құлжа тасжолы қиылысында оғаш маневр жасап келе жатқан Hyundai Elantra көлігі назарға ілікті. Тексеру барысында жүргізушінің жүргізуші куәлігі жоқ екені анықталды. Жолдың оң жақ жиегіне арнайы пәрмен тоқтаған жүргізуші өз уәжін айтты:

"Мен куәлігімнің жоқ екенін білмедім. Себебі заттай түрде қолымда тұр. Былтыр жазда ЖКО-ға түсіп, екінші көлік иесімен ауызша келіскен едік. Бірақ ол кейін сыртымнан арыз жазып жіберіпті… білмей қалдым", - деді ол.

Алайда патруль қызметкерлері жағдайдың құқықтық жағы нақты екенін түсіндірді: азамат ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 3-тармағына сәйкес жауапкершілікке тартылып, қамауға алынатыны хабарланды. Түнгі рейдтің алғашқы минуттары-ақ бір нәрсені аңғартты: жолда "кездейсоқтық" болмайды - тәртіп те, талап та нақты.

02:13. Әл-Фараби - Сайын қиылысы: заң ғана емес, көмек те бар

Түнгі қалада патруль жұмысы тек тоқтатып-тексерумен шектелмейді. Әл-Фараби - Сайын қиылысында апаттық шамын қосып тоқтап тұрған көлік байқалды.

Белгілі болғандай, Toyota көлігінің жүргізушісінің жанармайы таусылып, жолда қалып қойған. Инспекторлар жағдайды бірден түсініп, қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жүргізушіге көмектесті. Артынша көлік иесі ризашылығын жасырмады:

"Көп рақмет. Риза болдым. Дер кезінде байқап, бірден қол ұшын созды", - деді ол.

02:54. Тұман түсті. Қаладағы әрбір нүкте назарсыз қалмайды

Түн ортасында ауа райы күрт өзгерді. Қаланы тұман баса бастады. Мұндайда жол-көлік оқиғасының қаупі арта түсетіні белгілі. Инспекторлар бұл жағдайды да назардан тыс қалдырмады: рация арқылы Құлжа трассасы маңында тұман қалыңдағанын ескертіп, әріптестеріне дереу хабарлады.

Көп ұзамай тағы бір маңызды ақпарат түсті: Әл-Фараби даңғылындағы жарықтың өшіп қалғаны жөнінде ескерту жасалды. Қарапайым жүргізуші үшін бұл - жай ғана "қараңғылау" көше болғанымен, ал патруль үшін бұл - қауіпті фактор, алдын ала әрекет етуді талап ететін белгі.

03:10. Алматыға "Сергек" камераларының көзімен қарағанда

Инспекторлар бізге жұмыс барысында пайдаланатын "Қорғау" қосымшасы жайлы да түсіндірді. Бұл жүйе арқылы қаладағы сергек камераларына қолжетімділік ашылып, жолда тәртіп бұзғандарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Қосымшаның көмегімен:

  • ереже бұзған жүргізушілер,
  • айыппұлы төленбеген көліктер,
  • құжат мерзімі өтіп кеткен жағдайлар
    жедел анықталып, экипаждарға бағыт-бағдар беріледі.

Патруль қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс күндері заң бұзушылық аса көп болмайды. Себебі, қала тұрғындары "ертең жұмыс" деп көбіне шырт ұйқыға кетеді.  Ал жұма–сенбі–жексенбі күндері шақырту да, тәуекелді жүргізу де көбейеді: жылдамдықты шамадан тыс асырғандар, түнгі "қатты айдау" әдеті, шақыртулар саны артады.

03:37. Әуежай маңы: өшкен бағдаршам, қолмен реттелген қозғалыс

Рейдті әрі қарай жалғастырамыз. Әуежай маңын аралау барысында Майлин - Бұқтырма көшелерінің қиылысында бағдаршамның өшіп қалғаны байқалды. Мұндай жерде бір сәттік абайсыздық үлкен апатқа айналуы мүмкін.

Патруль қызметкерлері дереу тоқтап, жол қозғалысын қауіпсіздендірді. Аға лейтенант Аян Асқарұлы көліктер легін қолмен реттеп, жүргізушілерге белгі беріп, қиылыстағы тәртіпті уақытша өз бақылауына алды.

Түнгі қалада жарық өшсе - қозғалыс тоқтамайды. Сол сәтте тоқтататын да, реттейтін де - осындай кезекші экипаждар.

Таңғы 04:00. "Біздің тыныштығымыз - біреудің ұйқысыз түні"

Сағат таңғы төртке жақындағанда қала біртіндеп тыныштала түсті. Аға лейтенант Аян Асқарұлы осы тұста көпшілік елемейтін тыныш ұйқының артында көзге көрінбейтін еңбектің барын айтты. 

"Сырт көзге біздің жұмыс білінбеуі мүмкін. Таңертең адамдар әдеттегі өміріне аттанады. Қала тыныш. Ал осы тыныштықтың артында түнімен жұмыс істейтін полиция қызметкерлері тұрғанын көбі байқамайды. Біз түнімен қаланың тыныштығын күзетіп, тұрғындардың бейбіт әрі тыныш ұйқысы үшін қызмет етеміз. Отбасымыз барынша түсінеді. Әрине оңай емес. Біздің күніміз бен түніміз ауысып кеткен. Отбасымызға тек демалыс күндері көңіл бөлуге тырысамыз", - дейді маман.

Айта кетейік, жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Turkistan газетіне берген көлемді сұхбатында қала әкімі Дархан Сатыбалдыға Алматыны Нью-Йорк, Мәскеу, Париж сияқты "ешқашан көз ілмейтін қалаға" айналдыруға тапсырма бергенін айтқан еді. 

Еске салайық, бұған дейін 24/7 жұмыс істейтін кітапхана туралы жазған едік. 

суреттер: Нұрбол Ынтымақұлы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

09:36

09:26

09:12

09:01

08:42

08:31

22:14

22:04

22:00

21:54

21:50

21:46

18:29

18:24

18:18

17:57

17:53

17:48

17:44

17:41

17:29

17:15

16:50

16:24

16:15