ЮНЕСКО-ның тізіміне енген Батыс Тянь-Шаньның Қазақстанға қарайтын жағында жүргізілген зерттеудің арқасында 3290 жан-жануардың түрі табылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Зоология институты» арахнология және басқа да омыртқасыздар зертханасының меңгерушісі Айдын Есжанов 2024–2025 жылы жүргізілген үлкен зерттеудің қорытындысын көпшілікке таныстырды.
Батыс Тянь-Шань — Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстан аумағында орналасқан, жалпы көлемі шамамен 120–140 мың шаршы шақырым болатын үлкен тау жотасы. Оның 35–40 мың шаршы шақырымы Қазақстанға қарайды, бұл шамамен 30%-ы деген сөз. ЮНЕСКО-ның трансшекаралық әлемдік мұра нысандарының қатарына кірген өңір биосфералық резерваттар желісіне де енген. Ол тұщы су қорын жинақтау мен реттеуде, климат қалыптастыруда, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
«Батыс Тянь-Шаньның Қазақстан үшін маңызы зор. Бұл су мен ауыл шаруашылығы ресурсының көзі ғана емес, сонымен қатар кең аумақтар үшін маңызды климаттық буфер. Бұдан бөлек, өңір биологиялық әртүрлілік пен эндемизмнің жоғары деңгейімен ерекшеленеді», — дейді Айдын Есжанов.
Өңірде қазір жануардың 1863 жануардың түрі бар. Оның 70%-дан астамы омыртқасыздар — 1376 түр, омыртқалылардың 487 түрі бар. Олардың ішінде 31 балық түрі, 3 қосмекенді, 12 жорғалаушы, 387 құс пен 54 сүтқоректі тағы бар. Омыртқасыздар арасында 1013 жәндік түрі, 170 гидробионт, 136 өрмекшітәрізді, 50 моллюска мен 7 гельминт түрі анықталған.
Ғалымдар қазба фаунасына да ерекше назар аударды: жалпы 1427 түр тіркелген, оның тек 40-ы омыртқалыларға, басым бөлігі — 1387 түр омыртқасыздарға жатады. Бұл өңірдің ғылыми маңызын айқындайды.
«Соңғы 20 жылда Қазақстандағы Батыс Тянь-Шань аумағында кешенді зоологиялық зерттеу жүргізілген жоқ. Сондықтан қазіргі деректің маңызы зор, олар экожүйені жаңаша бағалауға мүмкіндік береді. Үдерісті толық түсіну үшін жүйелі зерттеуді жалғастыру керек», — дейді Айдын Есжанов.
Ғалымдар Батыс Тянь-Шаньның биоәртүрлілігін сақтау кешенді тәсілді талап ететінін, соның ішінде зерттеулерді жалғастыру мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдаланудың маңызын ерекше атап өтті.