Бүгін Түркістан қаласының жастары мен еріктілерін және үкіметтік емес ұйымдардың басын қосқан алғашқы практикум өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – еріктіліктің қоғамдағы маңызын дәріптеу, түркістандық жастардың азаматтық белсенділігін арттыру және әлеуметтік жауапкершілік құндылықтарын нығайту. Сонымен қатар, еріктілерді әлеуметтік кәсіпкерлікке бейімдеу арқылы олардың қаржылай тұрақтылығын қалыптастыру көзделген.
Практикум барысында қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің қыр-сырымен танысып, халықаралық және отандық гранттарға жоба дайындау мен пичинг тәсілдерін үйренді. Сондай-ақ табысқа жетудің нақты тәжірибелері мен ұйымдық брендинг құндылықтары да талқыланды.
Шараға Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Түркістан облысы Мәслихатының депутаты Инара Намазбаева және өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымның өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.
Шарада сөз алған Әзімбек Пазылбекұлы: "еріктіліктің қазақ халқының қанына сіңген асыл дәстүр" екенін атап өтті:
"Еріктілер – қоғамымыздың рухани тірегі. Қазақтың "Асар" дәстүрі – соның айқын дәлелі. Бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерлік – мемлекет қолдап отырған, әлеуметтік мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретін қуатты құрал. Демек, еріктілік – тек бастама емес, әлеуметтік кәсіпкерлікке жол ашатын үлкен трамплин", – деді ол. Сондай-ақ ол: "Қазіргі таңда Түркістан қаласында 257 үкіметтік емес ұйым болса, соның 130-ы қаладеңгейінде тіркелген. Бұл – ашық қоғамның басты көрсеткіші. Әрбір ұйымның бастамасы мен еңбегі қаламыздың дамуына, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп отыр. Осы ретте, Сіздердің барлық ұсыныстарыңызға құлақ асып, қолдауға әрқашан дайынбыз" деді.
Практикумның басты спикері, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті, "Global kishkentai" инклюзивті шеберханасының негізін қалаушы Гүлмира Пармышева Түркістан қаласында жастарға осындай мүмкіндік жасалғаны үшін алғысын білдірді:
"Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға арналған бұл бастама – Түркістан үшін үлкен серпіліс. Әкімдікке және ұйымдастырушыларға қолдау көрсеткендері үшін зор ризашылығымды білдіремін", – деді ол.
Шара қорытындысында қоғам белсенділері жастарға әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсететінін атап өтіп, қатысушылар өз идеяларын ортаға салды. Ұйымдастырушылар мұндай практикумдарды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді.