Алматы қаласындағы Принтмедиа технологиялар колледжінде колледж білім алушылары арасында «Қазақтың мақтанышы — Сәкен, Бейімбет, Ілияс!» атты III қалалық олимпиада жоғары деңгейде өтті.
Руханият пен ізденіс алаңы
Білім додасының шымылдығын Принтмедиа технологиялар колледжінің оқу ісі жөніндегі орынбасары А.Н. Сыгаева құттықтау сөзімен ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Жеребе тасталып, кезең-кезеңімен өткен сайыс кітапхана төрінде жалғасын тауып, жастардың ой ұшқырлығы мен әдеби танымын сынға салды.
Олимпиада бағдарламасы мазмұны жағынан да, талаптары жағынан да жан-жақты ойластырылды:
«Қаламға серт еткен қаламгер» (Эссе): Қатысушылар 250 сөзден тұратын эссе жазып, Сәкеннің сырлы поэзиясы мен қазіргі жастардың рухани әлемін, Бейімбет прозасындағы ұлттық мінез бен шынайылықты немесе Ілиястың эпикалық қуаты мен «Кітап оқитын ұлт» марафонының маңызын талдады.
«Білім – адам баласының ортақ қазынасы» (Тестілеу): 50 минут ішінде 25 сұрақтан тұратын тапсырмалар арқылы білім алушылардың әдеби-теориялық дайындығы тексерілді.
«Тарих. Тағдыр. Тұлға.» (Мерейтойлық жобаларды қорғау): 2026 жылғы мерейтой иелері — Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдығына, Сайын Мұратбеков пен Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына орай қатысушылар деректі хроникалар мен фильмдерден 4 минуттық мәнді үзінді таңдап, бүгінгі күнмен сабақтастыра қорғады.
Тартысты бәсеке және әділ баға
Жастардың ізденісі мен дайындығын бағалаған қазылар алқасы құрамында әдебиет, кітап ісі және білім саласының беделді өкілдері болды. Атап айтқанда, Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне қарасты Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Асхат Құсайынұлы Байұзақов, Кітап баспагерлері, полиграфистер және кітап таратушылар қауымдастығының атқарушы директоры, «Отбасы хрестоматиясы» баспасының директоры Бағдат Болатұлы Құдияр, Мұхтар Әуезов атындағы қалалық орталықтандырылған кітапхана жетекшісі Балнур Аскарқызы Кадырбекова, Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы І. Жансүгіров атындағы №37 жалпы білім беретін орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жадыра Ракымбаевна Кодарова және Принтмедиа технологиялар колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Гулназира Жунсханқызы Молдаханова қатысушылардың өнеріне куә болды.
Қазылар алқасы мүшелері үш бәйтеректің рухани мұрасын насихаттаудың маңызын ерекше атап өтті. Әдебиетке деген сүйіспеншілік өмір бойы білім алуға серпін беретіні, ал мұндай байқаулар жастардың әдеби талдау дағдысын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарға жақындата түсетіні айтылды.
Жеңімпаздар мен марапаттар:
Тартысты өткен білім бәсекесінің қорытындысы бойынша үздіктер анықталды:
БАС ЖҮЛДЕ: Сабит Наргиза (Принтмедиа технологиялар колледжі, жетекшісі — К.С. Керимбаева)
I орын: Қуандық Ұлбүбі (№1 Алматы қазақ гуманитарлық-педагогикалық колледжі, жетекшісі — Н.А. Жапаркулова)
II орын: Айдарбек Нұрсұлу (Алматы гуманитарлық-педагогикалық колледжі №2, жетекшісі — С.К. Сапарбай) және Болатхан Балауса Азаматқызы (Алматы мемлекеттік бизнес колледжі, жетекшісі — Ж.С. Керимкулова)
III орын: Молдаш Кәусар (Халықаралық туризм менеджмент колледжі, жетекшісі — К.М. Нарымбетова), Серік Қарақат (Алматы мемлекеттік бизнес колледжі, жетекшісі — Ж.К. Байтурганова) және Сәрсенбай Ақжан (Алматы политехникалық колледжі, жетекшісі — Г.И. Нарбаева)
Сонымен қатар ерекше көзге түскен бірқатар білім алушыға арнайы номинациялар табысталды. «Шешен сөздің шебері» номинациясы Ерғанатқызы Арайлымға, «Жас қаламгер» номинациясы Құрумбай Нұрасыл мен Бидайбай Азамат Саламатұлына, «Парасат пен пайым» номинациясы Керімбек Әлішер мен Құсайнова Мадинаға, «Тарихи таным» номинациясы Оразхан Мухаммад Болатханұлына, ал «Сәкен поэзиясының өр рухы» номинациясы Абілғазы Мейірбанға бұйырды.
Олимпиаданың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан Принтмедиа технологиялар колледжінің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлеріне, қызметкерлеріне алғыс білдіріліп, мақтау қағаздарымен марапаттау шешілді. Ұлттық әдебиеттің уақытпен бірге жасарып, жас жүректерде жаңа қырынан ашылған бұл дода өзінің тәрбиелік, білімдік және мәдени мақсатын толық орындады.
Молдаханова Г.Ж.
Принтмедиа технологиялар колледжі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы