Заңға сәйкес, кондоминиум объектісін басқарудың жеке нысанын енгізу жоспарланып отыр.
Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Заңға сәйкес, кондоминиум объектісін басқарудың жеке нысанын енгізу жоспарланып отыр. Тікелей бірлесіп басқару тетігі пәтерлер саны он алтыдан аспайтын тұрғын үйге қатысты қолданылады. Жай серіктестік құру үшін де пәтерлер саны қысқартылады. Ондай басқару жүйесін отыз пәтерден аспайтын тұрғын үйлерде қолдануға болады. Ал қалған көп пәтерлі тұрғын үйлерде меншік иелері бірлестігі құрылуы шарт.
Тұрғын үйді басқару бойынша жалпы жиналыстың құзыреті де регламенттеледі. Сол жерде қаралатын мәселелер нақты көрсетіледі. Олар:
- үйді күтіп-ұстауға арналған шығыстардың жылдық сметасын белгілеу;
- жерасты тұрақ пен қойма орындарын күтіп-ұстау үшін ақы төлеу мөлшерін бекіту;
- пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесіне кондоминиум объектісі ортақ мүлкінің бір бөлігін мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру туралы шешім қабылдау.
Заңда ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салатын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау тетігі қарастырылған.
Сенат енгізген өзгерістер:
- егер пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иесі мемлекет қатысатын ұйым болып саналса, онда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды төлеу кезінде "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы заңының қолданысы қолданылмайды деген норма енгізіледі;
- бюджет қаражатының қайтарылуын қамтамасыз етуді ескере отырып, тиісті хаттаманы ресімдеу арқылы осы кіреберіс тұрғындарының шешімі бойынша көппәтерлі тұрғын үй кіреберістерінің біріндегі лифтіні бюджет қаражаты есебінен ауыстыру мен жөндеуді ұйымдастыру және қаржыландыру тетігі заңнамамен бекітіледі;
- кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін жеке меншікке иеліктен шығаруға тыйым салынады;
- орынтұрақ орындарының және қоймалардың меншік иелерінің құқықтары мен міндеттері нақтыланады;
- көп пәтерлі тұрғын үй тіркелген күннен бастап алты ай ішінде көп пәтерлі тұрғын үйдің тапсырыс берушісінің (құрылыс салушысының) көп пәтерлі тұрғын үйдің сыртқы инженерлік желілері мен құрылыстарын коммуналдық меншікке өтеусіз беруді қамтамасыз ету міндеті регламенттеледі.