Біреулер өмірге келген күнімен құттықтағандарды қуана қабылдаса, енді біреулер мазасызданып, тіпті телефонын өшіріп тастайды. Қалай десек те, арамызда бұл күнге мүлде бейжай қарайтын адам жоқ. Неліктен біз өз туған күнімізге әртүрлі қараймыз? Бұл көзқарас нені аңғартады?
«Әкем менің дүниеге келгенімді естіген сәтте бірден дүңгіршекке барып, сол күнгі барлық газеттерді бір бума етіп сатып алыпты - бұл сол күннің “естелік суреті” іспетті. Яғни мен өмірге келген сәтте әлемде қандай жаңалықтар болды, ол күн тарихта қандай датамен байланысты деген сияқты жылы естелік мен үшін, әлі күнге дейін сол сыйлықты көзімнің қарашығындай сақтап келемін», дейді 48 жастағы кейіпкер.
Туған күн - жалғыз әрі қайталанбас күн. Күн, ай, жыл - осы ерекше үйлесім біздің жарық дүниеге келген сәтімізді белгілеп, бүкіл ғұмырымызға серік болады. Өз есіміміздің әуені секілді, бұл күн де біз үшін айрықша, тіпті ең терең, ішкі мәнге толы. Ендеше оған ешқайсымыздың бейжай қарамайтынымыз таңғаларлық емес.
Туған күнімізде біз не ойлаймыз?
«Байқасам, туған күнім жақындаған сайын тіпті бірнеше апта бұрын-ақ істерімде бір түсініксіз қарбалас басталып, көңіл күйім де бұзылады, дейді 32 жастағы кейіпкер. Бәлкім, мен жалпы мерекелерді ұнатпайтын шығармын, тіпті Жаңа жылда да көбіне бір жаққа кетіп қалуға тырысамын, ылғи осы уақытта тірлігімнің қиюы қашатын болғасын ба, туған күнімде қуана алмаймын...»
Мерекені атап өтуді қаламау (әсіресе өз туған күніңді) көбіне өмірде шешілмей жүрген маңызды сұрақтардың бар екенін аңғартады. Біз ол туралы ойлаудан қашамыз немесе жауап таба алмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда, туған күн шын мәнінде Жаңа жылға ұқсайды, ол да жаңа өмірлік кезеңнің бастауы іспетті.
«Бұл күн бізге өз өмірімізге есеп беріп, алдағы жоспарымызды құруға мүмкіндік береді, дейді гештальт терапевт Инна Шифанова. - Біреулер үшін мұндай ішкі жұмыс алға ұмтылуға серпін берсе, енді біреулерді мұңға батыруы мүмкін».
Бұл - түсінікті жайт: жоспары орындалған адам туған күні көбірек қуанады, ал сәтсіздікке ұшырағандар керісінше күйзеліске түсуі мүмкін. Бірақ оның да пайдасы бар. «Өкінген нәрсемізді түсіну нені қалағанымызды түсіну деген сөз, дейді терапевт. - Егер ол армандар әлі де біздің көкейімізде тұрса, жүзеге асырудың жаңа жолдарын іздей аламыз».
Бұл күн бізге өмірдің тоқтаусыз қозғалысын мойындатуға мәжбүр етеді. Бірақ бәрі бірдей өзгеріске дайын емес. Сол себепті «мен отыз жасымды жыл сайын атап өтемін» деген әзілдер де жиі айтылады. Егер Жаңа жылда біз бәріміз бірге жаңа кезеңге қадам бассақ, туған күнімізде бұл қадамды жалғыз өзіміз жасайтындай сезінеміз. Ал өзгелер бізден бір күн бұрынғы орнында қалғандай көрінеді. Әрине, бұл - иллюзия. Бірақ ол тіпті достар ортасында жүрсек те жалғыздық сезімін күшейтуі мүмкін.
Біз тек өз шешімдеріміз арқылы тағдырымызға әсер ете алатынымызды түсінгенде ғана шын мәнінде есейеміз.
Кейбір адамдарды туған күні «қалай қарсы алсаң, солай өткізесің» деген сенім де мазалайды. Кәдімгі кеш ойдағыдай өтпесе, оған аса мән бермейміз. Ал өз туған күнімізде бірдеңе дұрыс болмай қалса, кейде оны бүкіл келер жылдың сәтсіздігіне балап, қатты уайымдаймыз.
«Бұл балалық шаққа тән магиялық ойлаудың әсері, дейді Инна Шифанова. - Біз тек өзіміздің шешімдеріміз тағдырымызға әсер ететінін түсінгенде ғана есейеміз».
Сыйлықтар, құттықтаулар, жақындардың басқосуы, ізгі тілектер... Бала кезде біз үшін әлем шексіз әрі мәңгі көрінеді: ол бізден бұрын да болған, бізден кейін де бола береді. Бірақ туған күн - өмір мен өлімнің арасын жалғайтын ерекше белгі..
Шынында да, мереке көбіне ұжымдық көңіл көтерумен байланысты. Әріптестер, достар, туыстар туған күнімізді олармен бірге өткізеді деп күтеді. Кейбіреулер үшін бұл - қуаныш, өйткені жақындармен жүздесу - ең үлкен бақыт.
«Әдетте қонақ шақыруды экстраверттер ұнатады, дейді Инна Шифанова. - Бірақ егер бұл тек ниет емес, барша назардың ортасында болуға деген мұқтаждық болса, онда бұл күнделікті өмірде жетіспейтін көңілдің орнын толтыру амалы».
Ал кейбіреулер үшін басты рөлдің өзі ауыр. Біреулер туған күнінде айналасынан тосынсый күтеді. Бұл - бала кездегі әсердің жаңғырығы. Ол кезде барлық “ғажайыпты” ата-анамыз жасайтын. Туған күн - адамның қаншалықты есейгеніне де сынақ: біз қаншалықты өзімізге де, өзгелерге де қамқор бола аламыз?
Ең маңыздысы бұл күнді қалай өткізетінімізді өзіміз шешу. Таңдау саналы болуы тиіс: біз оны өз еркімізбен жасағанымызды түсінуіміз керек.
Туған күн және стереотиптер
«Штамптарды жек көремін, сондықтан туған күнді тойламаймын!» дейдіндер де кездеседі. Кейбіреу бұл мерекенің қонақтар, торт, гүлдер... сияқты жаттанды сценарийі үшін наразы.
Алайда дәстүрдің де маңызы бар. Қайталану тұрақтылық сезімін береді, ал белгілі тәртіп жауапкершілік пен мазасыздықты азайтады. Туған күн - адамға кем дегенде жылына бір рет мақтау естуге заңды мүмкіндік беретін күн.
Кейде біз мақтаулардың шынайылығына күмәнданамыз. Бірақ «асыра айтылған болса да, оның астарында шындық жоқ деген сөз емес».
Бұл күн өзін-өзі бағалауды арттыруға мүмкіндік береді. Біз өзіміз туралы жақсы сөздерді қабылдауды үйренеміз.
Бұл күнгі көңіл күйіміз өмірдегі басты құндылықтарымызға байланысты. Егер жастық пен сұлулықты бәрінен жоғары қойсақ, уақыттың өтіп бара жатқаны да көңілге қаяу түсіреді.
«Дене қартаяды, бұл табиғи нәрсе, бірақ біз тек денеден тұрмаймыз. Туған күн - рухани дүниеге келудің де белгісі» дейді гештальт-терапевт маман.
Бұл мерекеге біздің отбасылық тарихымыз да әсер етеді. Балалық шақта туған күн қалай өтетін? Қандай сыйлықтар берілетін? Сонымен қатар, бейсанадағы естеліктер де маңызды.
Егер адам туған күнін ұнатпаса, оның дүниеге келу жағдайына назар аудару керек. Мүмкін, ол ата-анасы "күтпеген" бала болған шығар немесе оның тууы қиын жағдайлармен тұспа-тұс келген шығар.
Жыл сайын бұл күн бізге өз өміріміздің мәнін қайта қарауға мүмкіндік береді.
Осы күні біз өзімізге ең маңызды сұрақтарды қоямыз: жалғызбыз ба, әлде жақындарымыз бар ма? Не істедік, не істейміз? Өміріміздің мәні қандай? Бірақ бір нәрсені ұмытпау керек: алғашқы туған күнімізде біз ештеңені өзгерте алмасақ, енді әр келесі туған күнімізде өмірмен өз шарттарымыз бойынша қайта қауышуға құқылымыз.
Мереке күні дүниеге келгендер
Кейде мұндай адамдар «туған күнсіз қалғандай» көрінеді. Бірақ шын мәнінде керісінше: олар өздерінің жеке мерекесін бүкіл әлем тойлап жатқандай сезінеді. Бұл олардың өзін-өзі бағалауына, тіпті тағдырына да әсер етуі мүмкін.
Психолог Альберт Харрисонның зерттеуінше, АҚШ-тағы көптеген танымал тұлғалар маңызды мерекелердің қарсаңында немесе дәл сол күндері туған.
Оның пікірінше, ата-аналар баланың туған күнінен ерекше мән көріп, соны оған бейсаналы түрде жеткізеді. Мысалы, Тәуелсіздік күні туған балада отаншылдық сезім күштірек болуы мүмкін. Ал бұл оның өмір жолына ықпал етіп, табысқа жетелеуі ықтимал.
P.S Қазақстанның мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қағидасы бойынша өзінің туған күнінде ешқандай салтанатты іс-шаралар өткізбейді, туған күнін де тойламайды.