Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында цифрлық теңгені енгізудің болашағына қатысты жасалған зерттеуді таныстырды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Онда цифрлық теңге жүйесі департаментінің сарапшылары Axellect компаниясының өкілдерімен бірлесіп, цифрлық валютаның экономикаға, бизнес пен халықтың күнделікті есеп айырысқанына қалай әсер ететінін журналистерге баяндап берді.
«Орталық банктің цифрлық валютасы: жаһандық сын-қатерден Қазақстанда іске асқанға дейінгі кезеңі» атты зерттеу халықаралық тәжірибені жинақтап, енгізудің беталасын бағалайды. Бүгінде әлемдік ЖІӨ-нің 98%-дан астамын құрайтын 100-ден аса ел орталық банктердің цифрлық валютасын зерттеп, онымен бірге сынақтан да өткізіп жатыр. Бұл мұндай құралдардың жаһандық қаржы жүйесінің маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстан цифрлық теңгені қаржы саласындағы тәуелсіздік пен төлем инфрақұрылымын жаңғыртатын құрал ретінде қарастырып отыр. Мемлекет үшін бұл бюджет шығысын ашық ету, салықты автоматтандыру мен көлеңкелі экономиканы қысқартуға мүмкіндік. Цифрлық валюта бизнестегілердің шығынын азайтып, мемлекетпен байланысын жеңілдетуі мүмкін, қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қаржылық қызметтерге, соның ішінде офлайн-төлемдерге қолжетімділікті де арттыра түспекші.
«Цифрлық теңгені енгізудің негізгі қиындығы технологияға ғана тіреліп тұрған жоқ, сонымен қатар нарық қатысушыларының дайындығына да тәуелді. Қазіргі таңда халық пен бизнес арасында ақпараттану деңгейі төмен, сондай-ақ бұл банктер тарапынан елеулі инвестицияны да қажет етеді. Сонымен бірге цифрлық теңгенің сынақ кезеңінен өтіп нақты құралға айналуы үшін қалай қолданылатынын да айқындап алуымыз керек», — дейді Цифрлық теңге жүйесі департаментінің бас қызметкері Руслан Қоңырбаев.
Цифрлық теңгені ҚҚС қайтаруды автоматтандырып, бюджет ақшасының тиімді жұмсалуын бақылап, субсидия мен әлеуметтік төлемді жүзеге асыруға пайдаланып қалуы бек мүмкін. Сонымен қатар смарт-келісімшарттарды қолданып, мемлекеттік келісімшарттар бойынша міндеттеменің орындалуын растау арқылы есеп айырысу жағы да қарастырылып жатыр екен.
«Біз цифрлық теңгені болашақ цифрлық экономиканың инфрақұрылымының негізі ретінде қарастырамыз. Ол қаржы ағынының ашық ете түсіп, мемлекеттің, бизнес пен азаматтардың арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетеді. Қазіргі міндет — барлығы өзінің рөлі мен артықшылығын түсінетін тұрақты экожүйе қалыптастыру болып отыр», — деп атап өтті Цифрлық теңге жүйесі департаментінің бас сарапшысы Анар Талқамбаева.
Жоба екі деңгейлі модель бойынша іске асырылады: Ұлттық Банк эмиссия мен бақылауға жауап береді, банктер мен финтех-компаниялар пайдаланушыларға арналған сервистерді қамтамасыз етеді. Қазір цифрлық теңге сынақтан өтіп жатыр, оған ҚҚС бойынша есеп айырысу, бюджет қаржысын таңбалау, төлемді холдтау мен аграрлық сектор да кірген.
«Орталық банктердің цифрлық валюталары қазірдің өзінде жаһандық қаржылық трансформацияның бір бөлігіне айналып келеді. Қазақстан үшін бұл технологиялық шешім ғана емес, сонымен қатар жаңа қаржы сервистерін құрып, экономиканың ашықтығын арттыруға мүмкіндік беретін стратегиялық қадам. Жобаны халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып кезең-кезеңімен дамытамыз», — деп түсіндірді Axellect компаниясының жоба жетекшісі Юлия Можаева.
Зерттеу авторлары цифрлық теңгені сәтті енгізу мемлекет, банктер, бизнес пен пайдаланушылар арасындағы тығыз байланыс болған жағдайда ғана мүмкін екенін атап өтті. Мұндай тәсіл жаңа ақшаны енгізіп қана қоймай, елдің толыққанды цифрлық қаржы экожүйесін қалыптастыруға сеп болмақ.