Almaty Gallery суретші-мүсінші, дизайнер, фотожурналист, ұстаз-ғалым Дәурен Мақсұтханұлының «Бейнеленген дүние» деп аталатын жеке көрмесін ұсынды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы әкімдігі мен ҚР Дизайнерлер одағының қолдауымен Алматы қаласының Музейлер бірлестігі мен «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, фотография өнерінің пайда болғанына 200 жыл толу құрметіне арналды. Іс-шараға шығармашыл тұлғалар, өнер қайраткерлері, жас буын қатысты.
Алматы қаласы музейлер бірлестігінің өкілі Алтынжан Қожамұратова құттықтау сөз сөйлеп, Дәурен Мақсұтханұлының шығармашылығына жоғары баға беріп, жаңа табыстар тіледі.
Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев, танымал фотографтар Нұрманбет Қизатұлы, Асылхан Әбдірайымұлы және өзге де тілектес жандар Дәурен Мақсұтханұлының кәсіби деңгейі мен шығармашылық дарынын ерекше атап өтті.
«Бейнеленген дүние» көрмесінде ағаш, қола және өзге де материалдардан жасалған мүсіндік туындылар, майлы бояумен салынған кескіндеме жұмыстары, түрлі жобаларға арналған дизайнерлік әзірлемелер, АҚШ, Түркия, Өзбекстан және Қазақстанда түсірілген сәулеттік фотосуреттер, сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми мұрасына арналған деректі фильмдер топтамасы ұсынылған. Жалпы экспозиция 80-нен астам авторлық шығарманы қамтиды.
Көрменің дәл ортасында бірден көзге түсетін «Арғымақ және Алматы» картинасы екені сөзсіз.
– Өзім жылқы жылы туғанмын. Бұл картинаны салуыма күнтізбедегі Жылқы жылы себепші болды. Өзім осы жылы дүние келгенмен. Сондықтан бұл тақырып мен үшін ерекше мәнге ие. Картинаның тұтас бейнесін, жарығы мен композициясын алдын ала мұқият ойластырып алдым. Шамамен екі ай жаздым, – дейді Дәурен Мақсұтханұлы.
Айта кетейік, Дәурен Мұхамеджанов «Болашақ» бағдарламасының түлегі (NYFA, АҚШ), ҚР Дизайнерлер одағының, Еуразиялық Дизайнерлер одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Өнер саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысады.
– Дәурен ініміздің әр туындысынан терең ой мен ұлттық болмыс айқын сезіледі. Өнер арқылы қоғамға ой салу, жастарға бағыт беру – үлкен жауапкершілік. Міне, Дәурен Мақсұтханұлының картиналарынан осыны байқадым. Әсіресе, фотоаппаратына сәтті ілінген кадрлардан боямасыз өмірді көре алдым. Әр еңбегінде туған елге, жерге деген құрмет сезімі жатыр, – дейді белгілі ардагер-фотограф Нұрманбет Қизатұлы.
Нұржамал ӘЛІШ