Бүгінде адамзат бұрын-соңды болмаған ақпараттық дәуірде өмір сүріп жатыр. Қолымыздағы смартфон тек байланыс құралы емес, ол – жұмыс орнымыз, кітапхана, жаңалықтар агенттігі, заманауи демалыс кешені және әлеуметтік орта. Бір ғана экран арқылы біз әлемнің кез келген нүктесімен байланысып, сансыз ақпаратқа қол жеткізе аламыз. Алайда технологиялардың өмірімізге дендеп енуі бізді бұрын байқалмаған жаңа тәуелділікке алып келді. Сол тәуелділіктің ең айқын көрінісі – мессенджерлер.
Егер күтпеген жерден Telegram, WhatsApp және басқа да хабар алмасу платформалары жұмысын тоқтатса не болар еді? Көпшілік мұны техникалық ақау ғана емес, үйреншікті өмір ырғағының бұзылуы ретінде қабылдар еді. Себебі қазіргі қоғамда байланыс құралдары жай ғана ақпарат жеткізу қызметін атқармайды. Олар адамдардың ойлау жүйесіне, қарым-қатынас мәдениетіне және күнделікті тыныс-тіршілігіне әсер ететін маңызды факторға айналды.
Соңғы онжылдықта адамзат технологиялық жылдамдықты құндылық ретінде қабылдап, соның есесіне ішкі тыныштық пен ойлану мүмкіндігінен айырыла бастады. Бұрын хат жазсақ, оның жауабын апталап, айлап күту қалыпты құбылыс болса, қазір бірнеше минут ішінде жауап келмесе, алаңдай бастаймыз. Біз үнемі онлайн болуды міндет деп қабылдайтын қоғам қалыптастырдық. Хабарламаға уақытылы жауап бермеу кей жағдайда жауапсыздық немесе адамды сыйламаушылық ретінде бағаланатын болғаны даусыз.
Мұның астарында терең әлеуметтік мәселе жатыр. Біз уақытты үнемдеуге мүмкіндік беретін технологияларға қол жеткіздік. Бірақ қарама-қайшылық мынада: сол үнемделген уақыттың өзін қайтадан сол цифрлық ортаға құрбан етіп отырмыз. Адамдар көп сөйлескенімен, бір-бірін бұрынғыдан аз тыңдайтын болды. Хабарламалар легі артқан сайын, шынайы әңгіме азайып, диалог өзінің тереңдігін жоғалта бастады.
Психологтердің айтуынша, адамның миы үздіксіз келіп түсетін ақпаратты өңдеуге бейімделмеген. Әрбір хабарлама, әрбір жаңалық адамның назарын аударып, ойлау қабілетіне әсер етеді. Сондықтан соңғы жылдары «цифрлық шаршау» ұғымы кең тарала бастады. Көптеген адамдар өздерінің физикалық емес, ақпараттық тұрғыдан қажып жүргенін сезінеді.
Мессенджерлердің уақытша жоғалуы қоғам үшін белгілі бір деңгейде пайдалы тәжірибе де болуы мүмкін. Өйткені ол өзіміз қол үзіп қалған кейбір құндылықтарды қайта еске түсіруге мүмкіндік береді. Мысалы, шынайы қарым-қатынастың маңызын ұғындырады. Бүгінде адамдар бір үстел басында отырып та бір-біріне емес, телефон экранына қарайды. Отбасылық кештерде үнсіздік орнайды, бірақ бұл – рухани тыныштық емес, әркім өз цифрлық әлеміне бойлап кеткенінің айғағы.
Тағы бір маңызды мәселе – эмоцияның жұтаңдауы. Мәтіндік хабарламада адамның көңіл күйі, дауыс ырғағы, ішкі сезімі толық көрінбейді. Эмодзи мен стикерлер қанша жерден дамығанымен, олар тірі адамның көзқарасын, күлкісін немесе үнсіздігін алмастыра алмайды. Сондықтан цифрлық коммуникацияның кеңеюі адамдар арасындағы эмоционалдық байланыстың әлсіреуіне де әсер етуде.
Әрине, технологиядан бас тарту мүмкін емес әрі қажет те емес. Қазіргі экономика, білім беру, медицина және мемлекеттік басқару жүйелері цифрлық инфрақұрылымға сүйенеді. Мәселе – технологияның өзінде емес, оған деген тәуелділіктің күшеюінде. Қоғам байланыс құралдарын пайдалануы керек, бірақ олардың тұтқынына айналмауы тиіс.
Мессенджерлердің жоғалуы туралы ойдың өзі адамзатты маңызды сұрақтарға жетелейді: алда-жалда технологиясыз қалған жағдайда біз адами қарым-қатынастың шынайы мәнін сақтап қала аламыз ба? Егер экран үнсіз қалса, өз ойымызбен жалғыз қалуға шыдай аламыз ба? Бұл сұрақтардың жауабы қазіргі қоғамның рухани және мәдени деңгейін көрсетеді.
Жалпы, цифрлық технологиялар жағдайды жеңілдеткенімен, адами қарым-қатынастың орнын баса алмайды. Нағыз түсіністік пен сенім экранның ар жағында емес, жанды диалог, нақты қарым-қатынас арқылы қалыптасады. Сондықтан технологиялық прогресті қолдаумен қатар, адами құндылықтарды сақтап қалуды ұмытпауымыз керек. Өйткені болашақтың ең үлкен жетістігі – технология мен адамгершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтай білу.
Роза РАҚЫМҚЫЗЫ