Алматы қаласының іргесіндегі Қараой елді мекенінде шекарашы кинологтардың халықаралық жарысы өтті. Аламанды өткізудегі мақсат, есірткі, жарылғыш заттарды табуға машықтандырылған иттердің иісшілдігін сарапқа салу. Кинологтардың бір-бірімен тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасау.
Сонымен, ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасында өткен сайыстың бірінші күні жарысқа қатысуға ниет білдірген елдерден келген командаларды таныстырудан басталды. Айту керек, бүгінгі сайыс «BOMCA» – Орталық Азияда шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында осымен екінші мәрте ұйымдастырылып жатыр екен. Оның бірінші кезеңі биылғы жылдың сәуір айында Қырғыз елінде өткізіліпті. Ол кезде Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінің кинолог мамандары есірткі заттарын іздеудің қыры мен сырларын көрсетуге тиіс болатын. Ал, біздің елімізде ұйымдастырылған сайыста командалар жарылғыш заттарды табумен бірге әділқазылар алқасының назарына өздеріне бекітілген қызмет иттерінің «тәртібін» паш етеді. Сондай-ақ, бүгінгі сайысқа біздің елден Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «А» қызметі және Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агентігінің командалары да қатысуға ниет білдірген болатын.
...Ашылу салтанатынан кейін командалар «жүксалғыштар» мен ғимараттарға жасырылған нағыз жарылғыш заттарды іздеуге кірісті. Ал екінші күні автосынаққа кезек берілді. Бұл жерде қаз-қатар етіп қойылған көліктер де «осал» емес, шулы қаланың газы мен шаңына, жанар-жағармайдың иісіне әбден бөккен. Сондықтан, иттерге темір тұлпарлардың ең қиын әрі көзден таса жерлеріне жасырылған жарылғыш заттарды табу оңай бола қоймайды. Есесіне, өздерінің арам ойларын іштеріне бүккен қылмыскерлер де дәл осыған үміт артады – жасыратын заттарын өткір иістердің астына жасырып қалуға тырысады. Не істемейді десеңізші?! Шекарадан алып өтуге қатаң тыйым салынған заттарды кейде кофе немесе аяқ киім кремдерінің арасына тығып жібереді, кейде үстіне иіссу немесе басқа да иісі күшті заттарды сеуіп тастайды. Бірақ иісшілдігі керемет дамыған қызмет иттерін мұнымен алдау мүмкін емес.
– Бүгін халықаралық жарыс ережелеріне сәйкес, нағыз жарылғыш заттар пайдаланылады. Тек, мөлшері аздау, бұл да командаларға берілген тапсырманы қиындата түседі, – дейді ҰҚК Шекара қызметі Қызметтік кинология басқармасы бастығының орынбасары – штаб бастығы подполковник Қуаныш Түменбаев. Бес елдің ең мықты деген кинологтары мен олардың қызметтік иттері бұл қиындықты да еңсереді деген ойдамын.
Жалпы, «BOMCA» – Орталық Азияда шекараларды басқаруға жәрдемдесу бағдарламасы аясында ұйымдастырылған турнирдің жоғары деңгейде өтуіне біз жауапты болғандықтан, оқу материалдарын дайындаудан бастап, барлығын қамтуға тырыстық. Шекара қызметінің атынан түскелі тұрған командаға да тек қана «сен тұр, мен атайын» дейтіндер іріктелді. Сондықтан жеңіске қалай да жететінімізге сенімдіміз.
Айтпақшы, өзі де солай болғанын, үш күнге созылған жарыстың өзі де дәлелдеп берген. Ә-дегеннен-ақ, біздің команда мен ҰҚК «А» қызметі суырылып алға шыққан. Сосын Тәжік еліндегі әріптес шекарашылар мықтылық танытқан.
Осылайша, менің «Время» газетіндегі әріптесім Юлия Зенг: «Эстрасенстер сайысы» деп баға берген тартыстан тек мықтылардың мықтысы ғана жеңіске жеткен. Тіпті, үшінші күнге белгіленген номинация кезінде де кейбір иттердің қожайыны берген бұйрыққа қалтқысыз бағынбай, төмен баға қойылғанының куәсіне айналдық. Есесіне, ҰҚК Шекара қызмсетінің атынан өнер көрсеткен команда мүшелерінің бірі Ерқабыл Құсайынов пен оның төрт аяқты досы Сурфат қай жағынан да жаңылған жоқ еді. Сондықтан, біздің шекарашы халықаралық жарыстың абсолюттік чемпионы атанып, өзі қызмет ететін басқарманың атын аспанға бір-ақ шығарған.
Сөйтіп, 1-ші орын – ҚР ҰҚК ШҚ Қызметтік кинология басқармасының, 2-ші орын – ҚР ҰҚК «А» қызметі, 3-ші орын – Тәжікстан елінен келген команданың қанжығасына байланды. Әр номинация бойынша жеңімпаз болып танылғандар – ұйымдастырушылардың сертификаты және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.