Бостандық ауданының тұрғындарының ұсынған бұл жоба – жаяу жүргіншілерге басымдық беріп, жайлы да қауіпсіз орта құруды көздейтін қазіргі урбанистиканың талаптарын негізге алып жасалмақ, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Аудан әкімдігі мен Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры барысында аудан әкімі Санжар Әлин бұл аумақ абаттанған аймақ қана емес, барлық жастағыларға арналған қолайлы әрі қауіпсіз қоғамдық кеңістік боларын атап өтті.
Абаттандыру идеясының авторы - аудан тұрғыны Айман Бекбергенова. Ол 2024 жылы осы аумақты «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қосуды ұсынған. Бұған дейін бұл жердің инфрақұрылымы әбден ескіріп, заман талабына сай келмейтін. Жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары қиылысып жатты, тротуарлары тар, қолайсыз болды, аялдамада да адам айналып жүре алмайтын. Мұның бәрі қолайсыздық тудырып, серуендеуге, демалып, қауіпсіз қатынауға кедергі келтірді. Көршілердің қолдауының арқасында жоба қаржыландырылып, ақыры осындай жоба дүниеге келіпті.
«Адамдар веложолмен жүретін, тротуар тар, аялдамада ешқандай жағдай жасалмаған. Біз мұны өзгерту керек дедік. Көршілермен бірігіп, өтініш бердік сосын. Енді көшенің қалай өзгеріп жатқанын көріп отырмыз», – дейді жобаның бастамашысы Айман Бекбергенова.
Жаяу жүргіншілер аймағы «адамдарға арналған қалалық көше» қағидаттарына сай жасалып, тротуарды кең етіп, веложолақ салып, демалыс орындары мен көгалдандыру да көзделген. Аумақ толық тазартылып, ескі құрылымдар бұзылды, инженерлік жұмыстар жүргізіліп, жаңа жабын төселіп жатыр. Шешім қабылдауға тұрғындардың өзі қатысып, олардың өтініші түгел ескерілді.
«Біз бұл жерде көп жылдан бері тұрамыз. Торайғыров көшесі ыңғайлы әрі әдемі болғанын армандап келдік. Енді мұнда орындық, көлеңкелі шатыр қойып, көгалдандырып, әткеншек, жарық қойып, камера да орнатты. Бұл енді жай тротуар емес, уақыт өткізіп, демалатын жер де болады», – дейді Айман Бекбергенова.
Жобада мына элементтер қолға алынған:
• тактильді плиткалармен жабдықталған кең тротуарлар,
• ағаш перголалары бар демалыс аймақтары,
• балалардың ойын алаңы,
• жастарға арналған воркаут алаңы,
• автоматты суару жүйесі,
• 1500-ден астам бұта мен 500-ге жуық ағаш егу,
• «қауіпсіз көше» тұжырымдамасы аясында жарықтандырып, камера орнату.
Веложолақтар салу да жоспарланғанымен, жаяу жүргіншілерге басымдық беріледі.
«Жаяу жүргіншілер аймағы 4,2 гектардан астам аумақты қамтиды. Бұрын бұл аумақ қала тұрғындарына жайсыздау болатын: демалуға арналған орындықтары, балалар алаңы болған жоқ, тротуарлары тар әрі ыңғайсыз, көгал да жоқтың қасы еді», - деп қосты аудан әкімі.
Негізгі жұмыстарды 2025 жылдың қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұл жаяу жүргіншілер аймағы жайлы бағыт қана емес, тұрғындарды тартып тұратын жер болып, қалалық ортаны тұрғындар өз күшімен қалай өзгерете алатынына жарқын мысал болып қалмақ.