Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына арнаулы мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды, - деп хабарлайды Аqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының инновацияға бағдарланған экономикасының орнықты өсуін ынталандыру, жоғары технологиялық салаларға инвестициялар тарту және Алматы агломерациясының жинақталған әлеуеті негізінде өңірде халықаралық маңызы бар іскерлік және инновациялық белсенділік орталығын қалыптастыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген арнаулы мәртебе (бұдан әрі – арнаулы мәртебе) берілсін.
2. Мыналар:
1) кәсіпкерліктің өсіп келе жатқан және жаңа салаларына инвестициялар тарту және әртүрлі қызмет салаларына инновациялар ендіру есебінен Алатау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуді қамтамасыз ететін ерекше институционалдық орта қалыптастыру;
2) Алатау қаласын дамытуға кез келген жекеше инвестицияларды тарту және қорғау үшін сапалық жаңа деңгейдегі институционалдық базаны қамтамасыз ету;
3) Алатау қаласын басқаруда, оның ішінде арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі жағдайларында жетекші халықаралық тәсілдер мен практикаларды қолдану арнаулы мәртебенің негізгі бағыты мен мазмұны болып айқындалсын.
3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес құрамда Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңес (бұдан әрі – Кеңес) құрылсын.
4. Мыналар:
1) Алатау қаласының инвестицияларды тарту, іскерлік белсенділік пен инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі құжаттарды, сондай-ақ оның арнаулы мәртебесіне байланысты өзге де құжаттарды келісу және бекіту;
2) Алатау қаласының инвестицияларды тарту, іскерлік белсенділік пен инновацияларды дамыту мәселелері бойынша, сондай-ақ оның арнаулы мәртебесіне байланысты өзге де мәселелер бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың орындауы үшін міндетті шешімдер қабылдау;
3) осы Жарлықтан және Қазақстан Республикасының заңнамасынан туындайтын өзге де мәселелерді шешу Кеңестің өкілеттіктері болып айқындалсын.
- Қазақстан Республикасының Үкіметі:
- 2025 жылғы 1 қарашаға дейін:
Кеңес туралы ережені бекіту;
жоғары басқару органы Кеңес болатын «Alatau City Authority» мемлекеттік қоры (бұдан әрі – АСА) нысанында заңды тұлға құру бойынша шаралар қабылдасын;
2) Алатау қаласының арнаулы мәртебе шеңберінде мемлекеттік бюджет қаражаты мен жеке көздер есебінен, оның ішінде:
қалалық кеңістікті, индустриялық және арнайы экономикалық аймақтарды басқарудың табысты халықаралық тәжірибесін ендіру;
жетекші халықаралық сарапшыларды, консультанттарды және жоғары білікті кадрларды тарту;
инвестициялар тарту мақсатында Алатау қаласын ілгерілетуге бағытталған іс-шаралар өткізуді ұйымдастыру;
Алатау қаласын дамытуға қатысты Кеңестің, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың барлық процестері мен шешімдерін іске асыру және үйлестіру арқылы жұмыс істеуін қамтамасыз ету АСА қызметінің мақсаты деп айқындасын;
3) 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына Алатау қаласының арнаулы мәртебесінің құқықтық негіздерін айқындауға бағытталған конституциялық заң жобасын енгізсін, онда мыналар көзделсін:
Алатау қаласында жергілікті мемлекеттік басқару органдарын ұйымдастырудың, олардың құрылымының, қызметін жүзеге асыруының және өкілеттіктерінің, оның ішінде олардың құқықтық актілер шығаруының, құқық нормаларын және/немесе инновациялық жобаларды, шешімдерді, сервистер мен технологияларды сынақтан өткізу мақсатында шығаруының ерекшеліктері;
климаттық бейтараптыққа көшуді ескере отырып, қалалық инфрақұрылым мен кеңістікті басқарудың ақпараттық-коммуникациялық технологияларын және Заттар интернетін (Smart City) әзірлеуді, ендіруді және пайдалануды реттеу ерекшеліктері;
объектілерді жобалау, қала құрылысы тұрғысынан жоспарлау және салу процестерін, сондай-ақ шетелдік заңды және жеке тұлғаларды қоса алғанда, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің көрсетілген салаларға инвестиция салуының құқықтық тетіктерін реттеу ерекшеліктері;
Алатау қаласының аумағында озық халықаралық және шетелдік стандарттарды, практикаларды, жіктеуіштерді, техникалық регламенттерді, сертификаттау рәсімдерін, техникалық және технологиялық нормаларды тану және қолдану процестерін реттеу ерекшеліктері;
тұрғын үй, көші-қон саласындағы қатынастарды, еңбек қатынастарын реттеу және шетелдік, оның ішінде жоғары білікті жұмыс күшін тарту ерекшеліктері;
халықаралық озық практикаларды ескере отырып, мемлекеттік сатып алу саласындағы қатынастарды реттеу ерекшеліктері;
тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге криптофиат арналары мен реттелетін стейблкоиндерді қолдана отырып, ақы төлеу мүмкіндіктерін қоса алғанда, цифрлық активтердің айналымын реттеу және олардың базасында цифрлық қаржы сервистерін ендіру ерекшеліктері;
токендеу технологияларын қолдануды, орталықтандырылмаған қаржының (DeFi) және интернет-технологиялардың (Web3) жұмыс істеуін реттеу ерекшеліктері;
жасанды интеллект және машиналық оқыту технологияларын қолдануды реттеу ерекшеліктері;
білім беру, денсаулық сақтау, биологиялық технологиялар, медициналық жабдықтарды шығару және пайдалану саласында технологиялық инновацияларды әзірлеуді, ендіруді және пайдалануды реттеу ерекшеліктері;
төмен биіктіктегі экономика саласын (LAE) және қалалық әуе ұтқырлығын (UAM) дамыту шеңберінде робот техникасы жүйелерін, пилотсыз аппараттарды, электр ұшу аппараттарын (eVTOL) шығарудың технологиялық инновацияларын әзірлеуді, ендіруді және пайдалануды реттеу ерекшеліктері;
жер қатынастарын, табиғи ресурстарды пайдалану және қоршаған ортаны қорғау саласындағы қатынастарды реттеу ерекшеліктері;
қала аумағында арнайы экономикалық аймақ құрудың, ұйымдастырудың және оның жұмыс істеуінің, креативті индустрия мен ойын қызметінің ерекшеліктері;
жауапкершілікті реттеу ерекшеліктері;
инвестициялау жағдайларының тұрақтылығына, инвестицияларды қорғауға және капитал қозғалысының ерекшеліктерін реттеуге кепілдік беру;
салық салудың және бюджеттік қатынастардың айрықша режимін қолдану;
Алматы агломерациясы шеңберінде Алатау қаласының, Алматы облысының және Алматы қаласының келісілген дамуы бойынша, оның ішінде көлік-логистика байланыстары, коммуналдық және энергетикалық инфрақұрылым, көші-қон саясаты мәселелеріндегі қатынастарды реттеу;
Алатау қаласының арнаулы мәртебе жағдайында жұмыс істеуі мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған өзге де ерекшеліктер;
4) 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимін «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметінің режимін кеңейту және инвестицияларды құқықтық қорғаудың институционалдық тиімділігін айтарлықтай арттыратын басқа да шаралар есебінен одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлесін және енгізсін;
5) Алатау қаласын дамытуға инвесторларды, жекеше және егеменді инвестициялық қорларды кеңінен тарту, оның ішінде жекелеген халықаралық шарттар жасасу шеңберінде тарту бойынша шаралар қабылдасын.
6. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкімен және Кеңеспен бірлесіп, 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің орындауы үшін міндетті болатын Алатау қаласының арнаулы мәртебесінің құқықтық режимінің жұмыс істеуі тұжырымдамасын бекітсін.
7. Алатау қаласының арнаулы мәртебе жағдайында дамуы процестерін үйлестіруді күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі және Алматы облысының әкімі:
1) «Alatau» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталына қатысу үлестерін иелену және пайдалану құқықтарын АСА-ға беру бойынша шаралар қабылдасын;
2) құрылатын АСА-мен «Alatau» арнайы экономикалық аймағында жоспарланатын жобалардың, Алатау қаласының шегінде жүзеге асырылатын индустриялық-инновациялық, инвестициялық жобалардың, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және құрылыс салу жобаларының Алатау қаласының стратегиялық және өзге де қала құрылысы құжаттарына сәйкестігі тұрғысынан келісілуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдасын;
3) Алатау қаласының құжаттарына инвестициялар тарту, іскерлік белсенділік пен инновацияларды дамыту мәселелері бойынша, сондай-ақ оның арнайы мәртебесіне байланысты өзге де құжаттарға Кеңеспен келісілместен өзгерістер мен толықтырулар енгізуді болғызбасын және жұмыс істеп тұрған әрі жаңадан орналастырылатын барлық объектілер жобалары бойынша Кеңес шешімдерінің қатаң сақталуын қамтамасыз етсін;
4) 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін құрылатын АСА-мен бірлесіп, Алатау қаласының бас жоспары шеңберінде 2025 – 2026 жылдары Алатау қаласының негізгі даму аймақтарында салынатын бірінші кезектегі инфрақұрылым объектілерін айқындасын және оларды қажетті қаржыландырумен, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік және «толық бітіріп берілетін» құрылыс объектілерін қаржыландыру тетіктері арқылы қамтамасыз етсін, ол үшін барлық қажетті құжаттар мен шешімдерді әзірлесін және бекітсін;
5) Алатау қаласындағы бірінші кезектегі объектілерді жобалау және салу процесінде заманауи халықаралық құрылыс нормаларын, қағидалары мен стандарттарын тікелей қолдану бойынша шаралар қабылдасын.
8. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мемлекеттік органдардың, мекемелердің, ұйымдардың, лауазымды және өзге де уәкілетті тұлғалардың осы Жарлықты және Қазақстан Республикасының Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы заңнамасын орындау бойынша актілерінің, әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) заңдылығын қадағалауды қамтамасыз етсін.
9. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар өз қызметінде Алатау қаласын дамытуға байланысты барлық мәселелер бойынша осы Жарлықты басшылыққа алсын және одан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
10. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
11. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.