Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында медициналық мамандарды практикалық даярлауға және олардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге арналған заманауи білім беру алаңы - Симуляциялық орталық ашылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Ашылу салтанатында Директорлар кеңесінің төрағасы Жанат Қасымжанова жаңа орталықтың медициналық білім беруді дамытудағы және медициналық көмектің сапасын арттырудағы маңыздылығын атап өтті.
«Қазіргі денсаулық сақтау саласында терең теориялық білімге ие болу ғана емес, оны тәжірибеде қолдана білу, жедел шешім қабылдау және күрделі клиникалық жағдайларда үйлесімді әрекет ету аса маңызды. Сондықтан Симуляциялық орталықтың құрылуының мәні ерекше. Бұл - медицина кадрларының кәсібилігіне, медициналық көмектің сапасына және ең бастысы, адам өмірін сақтауға салынған инвестиция. Орталық резидент дәрігерлер мен мамандардың біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуына және медициналық көмек көрсетудің заманауи тәсілдерін меңгеруіне мүмкіндік беретін маңызды білім беру алаңына айналады деп сенемін», — деді Жанат Кәкімсейітқызы.
КІА ҒЗИ Басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев Орталықты құру кезеңдері, оның материалдық-техникалық жабдықталуы және негізгі жұмыс бағыттары туралы баяндады.
«Орталықты құру жұмыстары 2024 жылы басталды. Бүгінде біз бірлескен ауқымды еңбектің нәтижесін — медициналық білім практикалық дағдыларға айналатын, ал мамандар өздерінің кәсіби шеберлігін жетілдіруге мүмкіндік алатын заманауи алаңды ұсынып отырмыз. Симуляциялық оқытуды дамыту ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2026 жылғы 7 қыркүйектегі №107 бұйрығының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Аталған бұйрықта симуляциялық кабинеттер мен орталықтарды жабдықтаудың нормативтері бекітілген. Қазіргі уақытта Орталық негізгі бағыттар бойынша практикалық даярлық жүргізуге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта материалдық-техникалық базаны жетілдіріп, оның мүмкіндіктерін кеңейтуді жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті Рүстем Мұхтарұлы.
Симуляциялық орталықта кардиология, гастроэнтерология, терапия, кардиохирургия, анестезиология және қарқынды терапия, сондай-ақ базалық жүрек-өкпе реанимациясы (BLS) бағыттары бойынша оқыту ұйымдастырылған.
Орталық институттың резидент дәрігерлерін даярлауға, сондай-ақ білім беру бағдарламалары мен біліктілікті арттыру курстарынан өтуге келетін практикалық медицина мамандарын оқытуға арналған алаң ретінде жұмыс істейді. Мұнда медицина қызметкерлері практикалық дағдыларын шыңдап, күрделі клиникалық жағдайларды талдап, пациенттер үшін қауіпсіз, бірақ шынайы жағдайларға барынша жақын ортада командалық өзара іс-қимыл дағдыларын жетілдіре алады.
Базалық жүрек-өкпе реанимациясы (BLS) дағдыларын үйретуге ерекше назар аударылады. Орталықтың жаттықтырушыларының халықаралық сертификаттары бар. Қазіргі уақытта Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған емхананың және №12 қалалық клиникалық аурухананың қызметкерлері оқудан өтті. Келесі кезеңде Алматы онкологиялық орталығының 50 қызметкерін даярлау жоспарланып отыр.
Оқыту Симуляциялық орталықтың өз базасында да, медициналық ұйымдарға барып та жүргізіледі. Бұл медицина қызметкерлері үшін практикалық даярлықтың қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Симуляциялық орталықтың ашылуы - КІА ҒЗИ білім беру қызметін дамыту жолындағы маңызды қадам. Орталықтың жұмысы медицина мамандарының практикалық құзыреттерін жетілдіруге, оқытудың заманауи тәсілдерін енгізуге және медициналық командалардың күрделі клиникалық жағдайларда әрекет ету дайындығын арттыруға ықпал етеді.
Бұл жұмыстың негізінде денсаулық сақтаудың басты құндылығы — адамның өмірі мен денсаулығы жатыр.