Алматыда 21-24 қазан аралығында «Almaty Puppet Festival – 2026» IV халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры ұйымдастырған фестивальге 11 елден 14 театр ұжымы, 150-ден қуыршақ шебері қатысты.
2023 жылдан басталған фестиваль биыл төртінші рет ұйымдастырылды. Оған Түркия, Ресей, Италия, Франция, Иран, Молдова, Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан театрлары қатысты. Елімізден Астана, Қостанай және Жетісай қалаларының ұжымдары өнер көрсетті.
Төрт күн бойы көрермендер ұлттық театр дәстүрімен, қуыршақтарды жүргізу тәсілдерімен және режиссерлік шешімдерімен танысты. Кәсіби қауымдастық үшін фестиваль тәжірибе алмасуға және ұсынылған қойылымдардың көркемдік ерекшелігін талқылауға арналған алаңға айналды.
Фестиваль бағдарламасына Тегеран қаласындағы (Иран) «Deemak» театрының «Маршмэллоу», Ыстанбұлдағы (Түркия) «Карагез» театрының «Әлем жұлдыздарының шоуы», Ферғана облыстық қуыршақ театрының (Өзбекстан) «Чемодан» және Гәнжә мемлекеттік қуыршақ театрының (Әзірбайжан) «Етік киген мысық» қойылымдары енді.
Мұса Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры (Бішкек) «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» спектаклін, Татар мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театры (Ресей, Татарстан Республикасы, Қазан) «Адәмнәр» қойылымын, Астана қаласы әкімдігінің қуыршақ театры «Қағаз жаңбыр» спектаклін ұсынды.
Кишинев қаласындағы (Молдова) «Izvorașul Vesel» қуыршақ театры «Ханшайым Крапинка» қойылымын, Александр Цуцунава атындағы Озургети мемлекеттік кәсіби драма театры (Грузия) «The Dog» спектаклін, Екатеринбург қаласындағы (Ресей) «Тохот» театры «Аңдар детективі» қойылымын сахналады.
Ашылу салтанатында Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры робот-қуыршақты таныстырды. Сахналық бағдарламаға қатысқан ерекше кейіпкер дәстүрлі қуыршақ өнері мен заманауи технологияны ұштастыруға бағытталған тәжірибе болды. Қуыршақты басқарудың жаңа мүмкіндіктерін көркемдік мақсатта қолдану театрдың шығармашылық ізденістерінің бірі ретінде ұсынылды.
Байқауды кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар алқасына театртанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек төрағалық етті. Қазылар алқасының құрамына театртанушы, өнертану кандидаты, профессор, Қазақстан халықаралық театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Меруерт Жақсылықова; театртанушы, театр сыншысы, өнертану кандидаты, доцент, Заһир Исмәғилев атындағы Уфа мемлекеттік өнер институтының өнер тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі Айсұлу Сағитова; Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, режиссер, актер Қуанычбек Адылов кірді.
Қазылар алқасының шешімімен «Үздік спектакль» аталымындағы Гран-при Мұса Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театрына берілді. «Үздік режиссер» номинациясы Татар мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театрына; «Үздік актерлік ансамбль» аталымы Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрына»; «Үздік қуыршақ жүргізуші» аталымы «Izvorașul Vesel» қуыршақ театрына; «Үздік суретші» аталымы Александр Цуцунава атындағы кәсіби мемлекеттік драма театрына; «Жаңашыл көзқарас» аталымы «Тохот» театрына табысталды.
«Almaty Puppet Festival – 2026» IV халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі көрермендерді заманауи қуыршақ өнерінің сан алуан түрімен және әртүрлі театр мектептерінің шығармашылық жетістіктерімен таныстырды. Фестиваль театр ұжымдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, режиссура, сценография және қуыршақтарды басқару салаларында тәжірибе алмасуға ықпал етті.