Атлант мұхитында құрдымға кеткен сүңгуір қайықтың бөлшектері табылды.
Бортында болған туристер қаза тапқан. АҚШ жағалау күзеті осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. Олардың денесін табу қиынға соғады. Су түбіндегі қолайсыз орта мұндай операция жүргізуге кедергі туғызды. «Титанның» күйреуіне байланысты түрлі пікір бар. «Титаник» жатқан тереңге 33 мәрте сүңгіген Джеймс Кэмерон турды ұйымдастырған компанияға бұған дейін саяхаттың қауіпті екенін ескерткенін мәлімдеді, деп жазды qazaqstan.tv.
«Титанмен» тереңге сүңгіген туристер тірі табылар деген үміт үзілді. Сүңгуір қайықты іздеуге бірнеше елдің құтқарушылары қатысқан еді. Олар батискафты ондағы оттегі қоры бітпей тұрып табу үшін 5 күн бойы 30 мың шаршы шақырымдай аумақты сүзіп шыққан.
Бүгін қашықтан басқарылатын ROV аппараты Титаник жатқан жерден шамамен 488 метр қашықтықта шағын сүңгүр қайығының артқы қақпасын тапты, -деді АҚШ жағалау күзетінің контр-адмиралы Джон Маугер.
Батискаф апатынан француз ғалымы, ұлыбританиялық миллиардер, пәкістандық бизнесмен мен оның ұлы, сондай-ақ мұхит асты саяхатын ұйымдастырған компания басшысы қаза тапты. Осы «ОушенГейттің» негізін қалаушы марқұм Стоктон Раштың жұбайы 1912 жылы «Титаник» кемесі апатында қаза тапқан ерлі-зайыптының шөпшегі екен. Аттас фильмде Джеймс Кэмерон екеуінің махаббат хикаясын баяндаған еді.
Қайғылы оқиға. «Титаник» тағы 5 адамның өмірін жалмады,-дейді Нью-Йорк тұрғыныРэй Гай.
Батискаф миссиясы басталғаннан кейін 1 сағат 45 минут өткенде онымен байланыс үзілді. Аппарат мұхиттағы қысымға шыдас бермей, бірден жарылып кетсе керек.
Бір секунтта жоқ болды. Менің ойымша, ешкім не болғанын түсінбей де қалды, -дейді Теңіз технологиясы сүңгуір көліктер комитетінің төрағасы Уилл Конен.
Сүңгуір көліктің титаннан жасалған корпусы берік емес әрі су өткізуі мүмкін екені бұған дейін ескертілген. «Титаник» фильмінің режиссері Джеймс Кэмеронның айтуынша, аппарат сертификаттаудан өтпеген.
Сынақтан өтіп жатқан көлікті туристерді тасуға пайдаланған дұрыс емес. «Титаник» пен «Титан» трагедиялары ескертулерге құлақ аспаудан болды,-деген пікірін білдірді кинорежиссер Джеймс Кэмерон.
Алайда Марқұм Стоктон Рашпен бірге «Оушенгейт» компаниясының негізін қалаған адам мұны жоққа шығарды.
Өзгелер Титан 14 жыл бойы құрастырылғанын ескермейді. НАСА, Боингпен жұмыс істедік. Соңғы жылдары ғылыми экспедицияларда қолданылды, деді Oceangate компаниясының негізін қалаушыГильермо Сонлейн.
Бірақ Сонлейн тереңге сүңгитін аппараттарға арналған ережелер жеткіліксіз екенін мойындады. Оның сөзінше, мұхит туризмін дұрыс дамыту үшін алдымен бұл саланы тереңірек зерттеп, сертификаттау талаптарын күшейту маңызды.