Театр – тәрбие мен талғам мектебі

Театр – тәрбие мен талғам мектебі Сурет: aqshamnews.kz

2025 жылғы 20 мамырда Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы «Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің жоспарына және Алматы қаласы Білім басқармасының мемлекеттік тапсырысына сәйкес «Театрдың ғажайып әлемі» атты республикалық театр өнері фестиваль-байқауының қалалық кезеңі өтті.

Биыл бұл шығармашылық доданың сегізінші рет өткізілуі – оның тұрақты дәстүрге айналып, өскелең ұрпақ үшін маңызын арттыра түскенін көрсетеді.

Аталған театр фестивалі — жас таланттардың шығармашылық әлеуетін танытып қана қоймай, көрермен жүрегіне жол тапқан ерекше мәдени оқиға болды. Театр — сахнадағы шынайылық пен жан айқайының өнері. Ал оны мектеп оқушыларының жүрекпен жеткізуі — шын мәнінде мақтауға тұрарлық.

Қалалық кезеңге Алматының сегіз ауданынан іріктеуден өткен 17 үздік театр ұжымы қатысты. Олар: №79, №15, №91, №181, №104, №6, №125, №145, №143, №87, №43, №53, №19, №206, №176, №162, №198 мектептер. Қатысушылардың жасы 8 бен 17 жас аралығында. Байқау төрт бағыт бойынша өтті: драмалық спектакль, музыкалық спектакль, әдеби-музыкалық композиция және қуыршақ театры.

Қазылар алқасының құрамына театр саласының кәсіби өкілдері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жомарт Зейнәбіл, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Елдар Отарбаев, кино және театр актері Олжас Сақ, режиссер, сценарист Мұратжан Шомбалов және орталық директоры Айнұр Даулбаева енді.

Биылғы театр фестивалі – жас таланттардың шығармашылығын, сахналық шеберлігін паш еткен әсерлі өнер мерекесіне айналды. Қойылымдардың әрқайсысы өзіндік айтары, мазмұны, көркемдік ерекшелігімен дараланып, көрерменге сан түрлі эмоция мен ой қалдырды.

Фестиваль шымылдығын ашқан №198 мектеп-гимназиясының «Сахна Like» театры «Болмаған балалық шақ» қойылымы арқылы көрерменді терең сезімге бөледі. Ақберен Елгезектің шығармасына негізделген бұл спектакльде оқушылардың сахна тілі мен сезімін жеткізу шеберлігі айқын көрінді. Ақош рөлін сомдаған оқушының әкеге арналған монологы – көрермен көз жасын тыя алмаған сәттердің бірі болды.

Соғыс тақырыбына ерекше ден қойған ұжымдардың бірі – №87 жалпы білім беретін мектептің «РостОК» театры. «Дети, война…» қойылымы арқылы олар жүрек тебірентерлік монологтармен, майдан хаттарынан үзінділермен көрерменнің жанын тербеді. №162 мектеп-гимназиясының «Жасын» театр ұжымы «Біз соғысты көрген жоқпыз» қойылымы арқылы тарихи жады мен қазіргі ұрпақ санасының байланысын көрсете білді. Әсіресе бас кейіпкердің рөлінде ойнап, автор сөзін жеткізген оқушының дауыс ырғағы, актерлік шеберлігі, сахнадағы еркін қозғалысы мен шынайы эмоциясы – толыққанды кәсіби спектакль деңгейінде әсер қалдырды.

Сайын Мұратбектің «Жусан иісі» әңгімесі екі театр ұжымы – №176 мектеп-гимназиясының «THEAR» және №181 жалпы білім беретін мектептің «Жас сахна» театр ұжымымен сахналанып, әрқайсысы өз ерекшелігімен көрінді. «THEAR» театр ұжымының тазалық пен сағынышқа толы қойылымда сахналық киім, декорация, музыка мен сахна тілі бір-бірін толықтырып, көркем тұтастық жасалды. Бұл қойылым – үйлесімділіктің үлгісі болса, «Жас сахна» театр ұжымы Аян бейнесі арқылы балалықтың аңғалдығы мен сағынышын нәзік суреттеді.

Ал №104 мектептің «Жас сахна» театры отбасылық мәселеге терең үңілген «Бір түп алма ағашы» қойылымымен ауыр тақырыпты сенімді көтеріп, балалардың актерлік шеберлігімен тәнті етті.

Фестивальге лирикалық һәм трагедиялық бағыттағы қойылымдармен қатар, поэтикалық және пластикалық формалардағы ізденістер де енді. Мәселен, №145 мектеп-гимназиясының «Фараби» театр ұжымы «Аққулар ұйықтағанда» поэтикалық қойылымында нәзіктік пен аналық мейірімді образдық тұрғыдан жеткізіп, аққулардың ақ костюмдері мен ана рөліндегі оқушының сахналық шеберлігі арқылы қойылым көркемдігін арттырса, №206 мектеп-гимназиясының «Бағым» театры «Көк бөрі» пластикалық драмасы арқылы бидің тілімен ұлттық рухты оятты.

Балалар ертегі қойылымдары арқылы да көрерменнің көңілін жаулап, сахнада өздерін еркін ұстаумен ерекшеленді. №79 мектеп-гимназиясының «Бәйтерек» театры музыкалық ертегі арқылы көркем костюмдері мен үйлесімділігімен есте қалса, №125 мектептің «Светлячок» театр ұжымы балаларды ертегі әлеміне жетеледі. Ал №43 мектеп-лицейінің «Алақай» театр ұжымы қуыршақ театры жанрына серпін беріп, сахналық техниканы ұтымды пайдаланды.

Фестивальде қыз тәрбиесі, ата-ананың үміті мен баланың мейірімі секілді әлеуметтік мәселелер де көтерілді. №19 мектептің «ХХІ ғасыр» театр ұжымының «Курорт» спектаклі – осы тақырыпты шынайы жеткізген мазмұнды қойылымдардың бірі болды. Жас актерлер өмірдің шындығын сахнаға алып шыға білді.

Драматургиялық тереңдік пен стилистикалық ізденісті №15 мектеп-гимназиясының «Лицедеи» театр ұжымы «Демон Онегина» қойылымы арқылы көрсетті. Жанды дауыс, пластикалық би, стильді костюмдер – қойылым көркемдігін күшейтті. Демон рөліндегі оқушының психологиялық тереңдігі мен эмоционалдық шеберлігі ерекше бағаланды. Бұл қойылым трагедия жанрына тән ауырлық пен көркемдікті қатар алып шықты.

Ал №91 мектептің «Мәңгілік жастар» театр ұжымы Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» шығармасы арқылы Семей полигонындағы жарылыс трагедиясы мен балалық арманның тоғысқан тұсын жүрекпен жеткізді. Ләйләнің айға мұңын шағатын монологы – көрерменнің жүрегін қозғаған сахналық шешімдердің бірі болды.

Әлеуметтік-психологиялық тақырыпты №53 мектеп-гимназиясының «Шамшырақ» театр ұжымы ұсынды. «Шетелге сатылған қазақ баласы» драмасы арқылы шетелдік отбасы асырап алған қазақ баласының өмір жолы мен күрделі тағдыры туралы баяндайтын бұл қойылым терең әлеуметтік мәселелерді қозғады. Балалар тағдыры, ұлттық тамырынан ажырау, ішкі күйзелістер көрерменнің жүрегіне жетіп, әр жанды ойландырды.

№143 мектеп-лицейінің «Шамшырақ» театр ұжымы Дулат Исабековтің «Әпке» шығармасы арқылы нәзік сезім мен жан дүниенің терең иірімдерін көрсетті. Әсіресе Қамажай рөліндегі оқушының сахнада өзін еркін ұстауы мен табиғи тартымдылығы, мінездің нәзіктігін көрсетуі қойылымның әсерлі шығуына сеп болды. Жас актриса сахнада өте көркем көрінді. Ал №6 мектеп-гимназиясының «GAUDEAMUS» театр ұжымы «Война и любовь» қойылымы арқылы соғыс пен махаббатты аллегориялық бейнелер арқылы жеткізді. Бұл қойылым Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған. Балалар сахна тілін толық меңгерген, сахналық мәдениеті жоғары деңгейде екендігін аңғартты.

№87 жалпы білім беретін мектептің «РостОК» театр ұжымы «Дети, война…» атты қойылымды ұсынды. Соғыс тақырыбындағы қойылымда сахнада он шақты бала кезек-кезек өз монологтарын оқыды. Майдан даласына жолданған хаттардан үзінділер айту арқылы көрерменді соғыс трагедиясымен терең ұштастырды. Балалардың шынайы ойыны мен мәтінді жүрекпен жеткізуі залдағы тыныштықты орнатып, ерекше эмоциялық әсер қалдырды.

Барлық қойылымдар жас сахнагерлердің театр өнеріне деген қызығушылығы мен әлеуетін паш етті. Әр ұжым өзіне тән мәнермен ой салып, көрерменнің жүрегіне жол таба білді. Биылғы фестиваль – жас өнерпаздардың болашағына сенім ұялатқан шығармашылық алаңға айналды.

Фестиваль қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен театр ұжымдары мен актерлер түрлі номинациялар бойынша марапатталды:

·        БАС ЖҮЛДЕ – «Лицедеи» театр ұжымы (№15 МГ)

                 I орын – «THEART» театр ұжымы (№176 МГ)

                 II орын – «Жасын» театр ұжымы (№162 МГ) және «Үздік жас актриса» – Алия Ержанова

                 II орын – «Светлячок» театр ұжымы (№125 ЖББМ)

                 III орын – «Бәйтерек» театр ұжымы (№79 МГ), сондай-ақ «Көрермен көзайымы» – Зарина Сатенова

                 III орын – «Жас сахна» театр ұжымы (№181 ЖББМ)

                 III орын және «Үздік жас актер» – Алинұр Алимкиса, «Сахна Likе» театры (№198 МГ)

Арнайы номинациялар:

                 «Үздік сахналық костюм» – «Бағым» театры (№206 МГ)

                 «Үздік көркемсөз орындаушы» – «Алақай» театры (№43 МЛ)

                 «Үздік сахналық костюм» және «Көрермен көзайымы» – Аяжан Дәулетбекқызы («Фараби» театры, №145 МГ)

                 «Үздік көркемсөз орындаушы» – «GAUDEAMUS» театры (№6 МГ)

                 «Үздік жас актер» – Рамазан Манасбай («Жас сахна», №104 ЖББМ)

                 «Үздік жас актриса» – Ақнұр Рахыш («Мәңгілік жастар», №91 ЖББМ)

Қалалық кезеңнің «Бас жүлде» иегері атанған №15 Мектеп гимназиясының «Лицедеи» театр ұжымы республикалық байқауға жолдама алды.

Бұл фестиваль — оқушылардың шығармашылыққа деген құлшынысы мен әлеуетін танытқан, өнерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті арттырған тамаша алаң болды. Жас актерлердің сахнадағы сенімді ойыны, тақырыптардың тереңдігі мен сахналық мәдениеттің деңгейі — ұстаз еңбегінің нәтижесі мен болашақ театр өнерінің үміті екені анық.

«Театрдың ғажайып әлемі» фестивалі – жас өнерпаздардың кәсіби сахнаға алғашқы қадамын жасайтын алаңы ғана емес, оларды өмірлік маңызды құндылықтарға баулитын рухани мектеп. Қатысушылардың театрға деген махаббаты мен еңбегі, ұстаздарының шеберлігі мен шыдамдылығы осы фестивальді шын мәнінде жарқын өнер мерекесіне айналдырды.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

20:34

17:56

17:42

17:38

17:25

17:23

17:15

17:05

16:46

16:31

16:15

16:08

16:01

15:51

15:31

15:27

15:00

14:44

14:42

14:05

12:21

12:17

12:13

12:04

11:37