Алматыда қауіпсіздікке қауіп төндіретін апатты ағаштарды кесу жалғасып жатыр
Алматыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында көгалдандыру және экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жұмыстар қызу жүргізілуде, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Қалада 4 миллионға жуық ағаш өседі, бірақ олардың едәуір бөлігі жаңартуды қажет етеді: 485 мың ағаш қураған, ал 84 мыңы апатты жағдайда деп саналады. Бұл ағаштар негізінен қаланың орталық бөлігінде шоғырланған және тұрғындар мен қоршаған ортаға қауіп төндіреді.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасыл қорды жақсарту мақсатында апатты жағдайдағы ағаштарды кесудің бесжылдық жоспары әзірленді (2022 жылы жасалған), оған сәйкес кесілетін ағаштардың көлемі біртіндеп көбейеді. Мысалы, 2022 жылы Алматы қаласында 6,7 мың ағаш кесілді, ал 2023-2025 жылдары жыл сайын 17 мың ағашты кесу жоспарланған. 2026 жылы апатты жағдайдағы 27 мың ағашты кесу жоспарланып отыр.
Жасыл қордың тепе-теңдігін сақтау мақсатында кесілген ағаштардың орнына он есе көп тал отырғызылады. Биыл 173 мың ағаш отырғызу жоспарланса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткіш 270 мыңға жетпек.
Сондай-ақ, аудандық әкімдіктер ағаштарды санитарлық мақсатта кесіп жатыр. Бұл шаралар қаланың эстетикалық әрі экологиялық сапасын арттырып қана қоймай, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және тұрғындарға қолайлы жағдай жасауда маңызды рөл атқарады.
Еске салайық, Қала күні қарсаңында Алматыда Тазалық апталығы өтіп жатыр. 9-13 қыркүйек аралығында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық науқаны мен республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көшелерді, аулаларды, субұрқақтарды, өзен жағалауын, саябақтар мен скверлерді, сондай-ақ тау бөктерін тазалау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып отыр.
Қала күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар almaty.kz (https://www.almaty.kz/almaty-alasy-k-ni/?lang=kz) сайтында, сондай-ақ әкімдіктің Instagram парақшасында, Алматы мәдениет басқармасы мен аудандық әкімдіктердің ресми парақшаларында жарияланған. Ескертейік, аздаған өзгерістер болуы мүмкін. Ақпаратты әкімдіктің ресми интернет-ресурстары арқылы бақылап отыруды сұраймыз.