Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шаралар оқу орындарында бастау алды
Алматы мектептері мен жоғары оқу орындарында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған ашық сабақтар өткізіле бастады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Бір ай бойы республиканың барлық мектептерінде Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған сынып сағаттары мен ашық сабақтар өткізіледі. Ұрпақ санасына қастерлі тәуелсіздік жылдарының қасиетін ұғындыратын жоба Алматы қаласындағы мектептер мен ЖОО-да да бастау алды.
Бостандық ауданына қарасты М.Мақатаев атындағы №140-мектеп-гимназиясында «Тәуелсіздік жетістіктері» атты сынып сағаты өтті. Ашық тәрбие сағатының мақсаты – білім мен тәрбие беру, оқушыларға 30 жылда еліміз жеткен 30 жетістікті насихаттау.
Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы Бақытбек Бостандықұлының айтуынша, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты мұндай іс-шаралар қаладағы әр мектеп пен балабақшада оқу жылының аяғына дейін ұйымдастырылады.
«Жылдың соңына дейін өтетін іс-шараның М.Мақатаев атындағы мектеп-гимназиясында басталуының өзі тегіннен-тегін емес. Биыл ақиық ақын М.Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр әрі бұл мектеп – қаладағы ең үздік мектептердің бірі. Соған байланысты тағылымды шараларды біз осы мектептен бастағанды жөн көрдік», – деді Бақытбек Бостандықұлы.
Жоғары оқу орындары студенттерінің арасында да Тәуелсіздік ұғымы насихатталып, оның тарихи алғышарттары мен саяси көрінісі түсіндірілді. Мысалы, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қабырғасында «Тәуелсіздік жылдарындағы егеменді еліміздің және С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың тұғырлы жетістіктері» атты мерекелік шара өтті.
«Бұл шараны Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырып отырмыз. Отыз жыл тарих кеңістігінде аз ба, көп пе деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, мәселе уақыттың ұзақтығында емес, осы жыл ішінде атқарылған жұмыстардың нәтижелілігінде. Отыз жылда елімізде елеулі тарихи өзгерістер орын алды. Саяси аренада болсын, экономикалық тұрғыдан болсын Қазақстан өз атын шығарып, өмірлік маңызы бар барлық салаларда дамыды. Соның ішінде білім саласында талай реформалар жүргізіліп, жоғары оқу орындарында білім берудің жаңа жүйелері енгізілді. Оған біздің университеттегі өзгерістер дәлел. Қазір біз еліміздегі медициналық университеттер арасында QS рейтингіне енген жалғыз оқу орнымыз», - деді С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры Убайдулла Махамбетұлы.
Жалпы, жыл бойы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы республика бойынша барлық мектептер мен жоғары оқу орындарында кеңінен аталып өтпек.