Алматыда мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауында дауыс беру жалғасып жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Сайлауға қаланың құрылыс саласының өкілдері, соның ішінде BI Group, BAZIS, Kusto, Sensata, Hayat Construction және басқа да компаниялардың қызметкерлері белсенді қатысып жатыр.
Жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, мамандар сайлау учаскелеріне келіп, таңдау жасауға уақыт тапты. Олардың көбі құрылыс алаңынан бірден дауыс беруге келген.
«Атриум плюс» ЖШС техникалық директоры Исламбек Тұрғымбаев сайлаудың Алматының одан әрі дамуы үшін айрықша маңызы бар екенін, ал оған қатысу әр тұрғынның азаматтық жауапкершілігі екенін атап өтті.
«Бүгін – қаламыз үшін маңызды күн. Құрылыс саласы ел экономикасында елеулі орын алады. Осы саланың өкілдері қоғамдық-саяси өмірге әрдайым қызығушылық танытады. Қабылданатын шешімдердің Алматының болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Бүгін сайлау учаскелеріне кеңсе қызметкерлері де, құрылысшылар да келді», – деді ол.
Еске салайық, Алматыда 670 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Сайлаушылар тізіміне 1 млн 355 мыңнан астам адам енгізілген. Дауыс беруді ұйымдастыруға және өткізуге сайлау комиссияларының 4 826 мүшесі жұмылдырылған.
Сайлау барысы туралы қосымша ақпаратты бірыңғай 109 нөмірі арқылы алуға болады. Дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.