Сенатор Б. Жексенбай Токиода Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаттарымен кездесті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жапонияға жасаған жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, 2024 жылдың желтоқсан айында ядролық қаруды жоюға бағытталған көпжылдық ауқымды қызметі үшін Нобель бейбітшілік сыйлығымен марапатталған Атом және сутегі бомбаларынан зардап шеккендер ұйымдарының жапондық конфедерациясының (Nihon Hidankyo) басшылығымен ресми кездесу өткізді.
Кездесуге ұйымның атомдық бомбалаудан аман қалған жетекшілері: Бас хатшы Джиро Хамасуми, сондай-ақ Бас хатшының орынбасарлары Тошико Хаманака, Масако Вада және Мичико Кодама қатысты.
Сенатор жапон тарапына Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атынан құттықтауын жеткізіп, бұл мәртебелі халықаралық марапат бүкіл хибакуся ұрпағының адамгершілік күш-жігерін мойындау және күллі адамзатқа жасалған ескерту екенін атап өтті.
Ортақ қасірет, мемлекеттік міндет және заңнамалық тәжірибе
Сенатор, Жапон халқы Хиросима мен Нагасакидің қасіретін бастан өткерсе, қазақ халқы Семей ядролық полигонының зардабын тартқанын, сондықтан бұл миссия Қазақстан үшін өте жақын әрі түсінікті екенін жеткізді. Биыл Семей полигонының жабылғанына 35 жыл толады. Бұл — Қазақстанның жаһандық қауіпсіздікке қосқан тарихи үлесі, алайда зардаптарды жою мен оңалту мәселелері әлі де мемлекеттің тұрақты назарында.
«Азаматтарды қабылдау кезінде де, өңірлерге сапарлар барысында да Семей полигонына қатысты өтініштер жиі түседі. Кездесулерде тұрғындарды әлеуметтік қорғау, медициналық қолдау, кейінгі ұрпақтың денсаулығы, сондай-ақ кезінде полигонды жабу операциясына қатысқан әскери қызметшілердің әлеуметтік мәртебесін жетілдіру мәселелері тұрақты түрде көтеріледі. Сондықтан алдымызда тұрған ұзақмерзімді міндеттерді шешуде біз Нобель сыйлығының лауреаты атанған ұйымның бірегей заңнамалық тәжірибелеріңізді — хибакусяларды әлеуметтік қорғау, өтемақы төлеу және радиация салдарын ғылыми зерттеу тетіктерін мұқият зерделеп жатырмыз», — деді депутат.
Сенатор «Nihon Hidankyo» ұйымының басты жетістігі — адам тағдырын жаһандық моральдық күшке айналдырып, ауыр трагедияны өшпенділікке емес, бейбітшілікке шақырудың құралына айналдыра білуі екенін ерекше атап өтті.
«Балалар бейбітшілікті бейнелейді» халықаралық акциясы
Кездесу барысында антиядролық және бейбітшілік мәдениетін халықаралық деңгейде ілгерілету мақсатында жаңа бастама ұсынылды. Сенатор Семей полигонының жабылуының 35 жылдығына орай Қазақстанда бастау алған және қоғам қайраткері Майра Әбенованың жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан «Балалар бейбітшілікті бейнелейді» халықаралық акциясы туралы айтып берді.
«Бұл акцияда әр елдің балалары сурет тілімен бейбітшілікке, ядролық қарусыз әлемге өз үндерін қосады. Біз «Nihon Hidankyo» ұйымының басшылығына осы жобаны Жапониядағы жастар мен білім беру ұйымдары арасында қолдау жөнінде ұсыныс білдірдік. Бейбітшілік туралы әңгімені тек саясаткерлер ғана емес, болашақ ұрпақ та жалғастыруы тиіс. Хиросима, Нагасаки және Семей тарихы балалардың шығармашылығы арқылы әлемге жетсе, бұл жаңа буынның санасында бейбітшілік мәдениетін қалыптастыруға қосылған маңызды үлес болмақ», — деп атап өтті сенатор.
Ұйым басшысы, 94 жастағы Джиро Хамасуми Қазақстанның бастамаларына қолдау білдіре отырып, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды:
«Куәгерлер азайып бара жатқан заманда тарихи жадыны сақтау — бүкіл адамзаттың ортақ міндеті. Өйткені ядролық қарудың зардабы туралы ұмытылған күні оның қаупі қайтадан күшейеді. Қазақстан мен Жапонияны ортақ қасірет қана емес, ортақ жауапкершілік те байланыстырады», — деді Джиро Хамасуми.
Ынтымақтастықтың жаңа бағыттары
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар ядролық қауіпсіздік саласындағы екіжақты іс-қимылды жаңа практикалық деңгейге шығару қажеттігіне тоқталды.
«Бүгінгі әлемге тек жаңа технологиялар мен қуатты экономикалар ғана емес, сіздер сияқты рухани бағдарлар да қажет. Біз Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықты: парламенттер, ғылыми орталықтар, медициналық мекемелер, қоғамдық ұйымдар мен жастар платформалары деңгейінде белсенді дамытқымыз келеді. Біз үшін ядролық қаруы жоқ әлем — утопия емес, адамзаттың аман қалуының басты шарты», — деп түйіндеді Б. Жексенбай.