Өткен жылы Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен өзара сауда көлемі $32,8 млрд құрады
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Тәуелсіз мемлекеттер достастығының Үкімет басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хаарлай ды Almaty-akshamy.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Бейнеконференция байланысы режиміндегі отырысқа Әзербайжан Үкіметінің басшысы Али Асадов, Беларусь Үкіметінің басшысы Роман Головченко, Қырғызстан Үкіметінің басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин, Тәжікстан Үкіметінің басшысы Кохир Расулзода, Өзбекстан Үкіметінің басшысы Абдулла Арипов, сондай-ақ Армения вице-премьері Мгер Григорян, Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Мухамметгулы Мухаммедов және ТМД атқарушы комитетінің төрағасы Сергей Лебедев қатысты.
Әлихан Смайылов Қазақстан Республикасы үшін осы жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына төрағалық ету үлкен құрмет екенін атап өтті.
«Былтыр біз Ұйымның 30 жылдығын атап өттік. ТМД қызметіне оң баға берілді, Ұйымның саяси диалогты қолдау, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейту бойынша аймақтық алаң ретінде лайықты беделге ие болғаны айтылды. Бүгінде ТМД елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты қолдауда маңызды рөл атқарып келеді», — деді ҚР Премьер-министрі.
Отырыс барысында Үкімет басшылары ТМД аясындағы экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Әлихан Смайылов өз сөзінде Қазақстанның төрағалық ету аясындағы басым міндеттерінің бірі өзара сауда көлемін ұлғайту және оны әртараптандыру екенін атап өтті.
«Бұған біздің мүмкіндіктеріміз жетеді. Өткен жылы Қазақстанның ТМД мемлекеттерімен өзара сауда көлемі $32,8 млрд құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 30,2%-ға артық. Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен ТМД елдері арасындағы тауар айналымы шамамен $7,5 млрд құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,3%-ға артық», — деді Әлихан Смайылов.
Өнеркәсіп кооперациясын одан әрі дамыту туралы айтқан ҚР Үкіметінің басшысы ТМД елдерінің бәсекелі артықшылықтарын толық іске асыру қажет екеніне назар аударды.
«Біз өнеркәсіп кооперациясының маңызды бағыттарының тізбесін айқындадық. Жаңа кооперациялық байланыстарды құру және қолданыстағыларын дамыту мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Атқарылып жатқан жұмыс ТМД-ға мүше мемлекеттердің экономикаларының тұрақтылығын арттыруға жол ашады», — деді ҚР Премьер-министрі.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов ТМД-ның 2030 жылға дейінгі Экономикалық ынтымақтастық стратегиясының міндеттерінің бірі шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері арасында іскерлік байланыстар орнату мен дамытуға жәрдемдесу екенін еске салды.
Осыған байланысты, ҚР Үкіметі басшысының айтуынша, 1998 жылы қабылданған ТМД мемлекеттеріндегі шағын кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бағдарламасының ережелерін өзектендіру қажет.
Бұған қоса ҚР Премьер-министрі әлемдегі дағдарыс жағдайлары азық-түлік нарығына теріс әсер етіп отырғанын атап өтті.
Мәселен, БҰҰ ФАО деректеріне сәйкес әлемдегі азық-түлік бағасының индексі былтырғы сәуірмен салыстырғанда, биыл сәуір айында 30%-ға жоғарылаған.
Азық-түлік қауіпсіздігі проблемаларын шешу үшін Әлихан Смайылов кезең-кезеңімен кешенді экономикалық ұйымдастыру шараларын іске асыруға, атап айтқанда: аграрлық нарықтарда, оның ішінде бірлескен азық-түлік теңгерімін әзірлеу және жүргізу арқылы негізсіз мемлекетаралық бәсекелестікті төмендетуге; ауыл шаруашылығында инвестициялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекетаралық бірлестіктерді немесе бірлескен кәсіпорындарды құруға; өтпелі тауар өткізу жүйесін дамытуға шақырды.
Сондай-ақ өз сөзінде ҚР Премьер-министрі климаттың өзгеруі және киберқауіпсіздік қаупі мәселелеріне тоқталды.
«Қазіргі сын-тегеуріндер оларды еңсеру жолында үйлестірілген және бірлескен шараларды қабылдаудың маңыздылығын көрсетті. Бұл орайда Достастықтың экономикалық және басқару құралдарының әлеуеті ең ауқымды міндеттерді табысты шешуге мүмкіндік беретінін атап өткім келеді», — деді Әлихан Смайылов.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа, соның ішінде Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімге, 1995 жылғы 3 қарашадағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ортақ ғылыми-технологиялық кеңістігін құру туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға, Жүзім шаруашылығы мен шарап жасауды одан әрі дамыту жөніндегі ТМД-ға қатысушы мемлекеттер ынтымақтастығының тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар жоспары туралы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ауыл шаруашылығы жануарларын молайту кезінде генетикалық материалдың биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2026 жылға дейінгі бірлескен іс-қимыл кешені туралы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясын іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспары туралы, «ТМД жастар астанасы» халықаралық жобасы туралы, Перспективалы ғылыми жобалардың тізбесі туралы шешімдерге және т. б. қол қойылды.
Үкімет басшылары кеңесінің келесі отырысы 2022 жылғы қарашада Нұр-Сұлтан қаласында өтеді.