Алматы қаласы жасыл шыршамен безендірілді.
Жаңа жыл қарсаңында қаланың әр жерінде әсем етіп безендірілген шыршалар шаһар жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Шырша – қала шырайын ашады
Қыстаубай ҚАЗАҚБАЕВ,
зейнеткер:– Өздеріңіз білетіндей, Алатаудың бөктерінде арша, шырша ағашы көп өседі. Қысы-жазы жап жасыл болып, оттегі бөледі. Сонысымен де бұл ағаштың маңызы зор.
Қаламыздың әр жерінде қойылып жатқан шырша жаңа жылға, соның ішінде алматылықтарға арналған тарту деп ұғамыз.
Алматыда тұрып келе жатқанымызға 40 жылдан асты. Әрине Жаңа жылды тойлау, мерекеге дайындалу, Аяз ата мен Ақшақар бейнесі әбден санаға сіңіп кетті. Отбасымызбен ауданымыздағы шыршаға келіп суретке түсіп, естелік жасауды әдетке айналдырғанбыз. Айтарым, әр атқан таңымыз берекелі, күніміз сәтті өтсін демекпіз.
Бәрі ел игілігі үшін
Дархан ҚАРАБАЕВ,
шырша әрлеуші:– Біздер Наталья Сац атындағы театр алдында шырша құрдық. Көптеген жарық шамдар, түрлі ойыншық безендірулер арқылы әрлеп қойдық.
Бұл – халықтың игілігі үшін жасалып жатқан дүние.
2025 жыл - Жылан жылын жақсы көңіл-күймен қарсы алуымыз керек. Сол үшін шырша құрып, ел-жұртқа жақсы көңіл-күй сыйлау қажет.
Шырша – шаһардың сәні
Еркебұлан СОВЕТХАНҰЛЫ,
шырша құрастырушы:Ұлттық кітапхана алдына шырша құрдық. Бұл шырша «Гирланды» жарық шамдарымен әрленген. Шыршаның биіктігі шамамен мөлшерлеп алғанда 8 метрді құрайды.
Аталған шырша қаламыздың ортасында орналасқан. Әртүрлі қала қонақтары мен тұрғындарына негізделіп жасалды. Бұған келіп фото-суреттерге түсіп, шат-шадыман күйге бөленуге болады.
Ең әуелі Қазақ елінің егемендік мерекесі құтты болсын! Алдымызда аттағалы тұрған Жаңа жыл тек жақсылығымен келсін.
Шырша – Жаңа жылдың шырайы
Қалдығайша ҚҰРМАНӘЛИЕВА,
қала тұрғыны:– Алматы ең әсем шаһар. Мұнда келуге бәрі құштар. Мұнарлы Алатаудың шыңдарын қар басты. Биыл ерекше қар жауып тұр. Нағыз қыстың белгісін білдіреді. Ал Жаңа жыл мерекесінің жақындап қалғанын шырша тігілгеннен білеміз.
Шырша – адамзат баласына шабыт, жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан қалада шырша құрылып, безендірілгені қуантады. "Шұғыла" мөлтек ауданында жаңа жылдық шырша безендіріліп, халыққа жақсы әсер беріп тұр.
Алдағы жыл бәрімізге құт-берекесін ала келсін!
«Халық арена» алаңында шырша орнатылды
Дәулет ДҮЙСЕНҚҰЛОВ,
мердігер:Аталған шырша қажетті әрлеуші аспалы ойыншықтар, сарғыш түстес жарық шамдармен көмкерілген. Бұл жаңа жылдық шыршаның биіктігі – 21, 5 метрді құрайды.
Біздің жігіттер 2-3 күн бойы бар күш-жігерін, бойындағы өнерін қолданып, жұмыс істеді.
Қала тұрғындарын алдымызғы жаңа 2025 жылмен құттықтаймыз!
Жаңа жыл символы – шырша
Дәурен КҮМІСБАЕВ,
Түрксіб ауданының тұрғыны:Бала-шағамды алып келіп, жаңа жылдық көңіл-күйді сезініп қайтып жүрміз. Ауданымызда орталық шырша орнатылғаны қуантады.
Кез келген адам үшін шырша жаңа жылдың символы деп түсінеміз.
Шыршаның жанында шағын мұз айдыны халыққа қызмет етіп, әдемі үйлесім беріп тұр. Балалар ойнап, сырғанап мәз-мейрам болады.
Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!