Шегіртке, құшақ-құшақ гүл, гендер пати: Алматыдағы Джей Лоның концерті қалай өтті?

  • 15:56, 11 тамыз 2025
Шегіртке, құшақ-құшақ гүл, гендер пати: Алматыдағы Джей Лоның концерті қалай өтті? Сурет: aqshamnews.kz коллажы

10 тамызда 56 жастағы америкалық поп-дива Дженнифер Лопес Алматыда алғаш рет өнер көрсетті. Әлемдік Up All Night туры аясында өткен шоу қаладағы Орталық стадионда өтті. Қауіпсіздікті екі мыңнан астам полиция және алты жүз әскери қадағалады, ал 300-ге жуық ерікті қонақтарға орындарын табуға көмектесті. Ал бейресми жайттардан не есте қалды? Аqshamnews.kz материалынан біліңіз. 

"Көптен күткен ұлы той"

Мамырдан бастап жұрт асыға күткен кешке көпшілік концерт күні таңмен таласа жетті. Келушілердің қатарында Орталық стадион маңына таңғы 9-да барғандар да болған екен. Ал еріктілер мен ұйымдастырушылар ертерек келіп, дайындыққа кірісті. 

Дженнифер Лопестің Up All Night атты әлемдік туры аясындағы көптен күткен концерті үшін қалаға 8 мыңнан аса турист арнайы келді. Алдын ала мәліметке сүйенсек, көрермендердің үштен бірі – әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар. 

Концерт билеттері түгелдей сатылып кеткен. Оларды 35-тен аса елдің тұрғындары сатып алған. Ең көп қызығушылық танытқандар: ТМД елдері, Еуропа, АҚШ, БАӘ, сондай-ақ Канада, Түркия, Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея азаматтары.

сурет: Самат Құсайынов

Джей Ло сахнада
Дженнифер Лопес сахнаға шамамен кешкі 9-ға қарай шықты. Оған дейін әнші Садраддин көрермендердің көңілін аулап әндерін шырқады. 

Стадионға жиылған жұрт Джей Лоны көргенде бірнеше сағат бойы күткен төзімдерін де, шаршаған сезімдерін де ұмытты. 20 мыңнан астам халықты көрген Лопес те қуанышын жасырмай, көзіне жас алды. 

сурет: Самат Құсайынов

Гүлге толған құшақ

Астанада Дженнифер Лопеске жанкүйерлер 3 тал раушан гүлін сыйласа, Алматыда оны үлкен гүл шоқтарымен қарсы алды. Әр қаладағы бұл жылы сыйлықтар әлемдік жұлдызды қуантты, ал жанкүйерлердің шынайы ықыласы кештің ерекше көріністерінің біріне айналды.

Лопес жасаған гендер пати

Концерт барысында ерекше сәттердің бірі — жас жұп әншіге конверт беріп, болашақ баласының жынысын жариялауды өтінді. Лопес микрофоннан: "It’s a girl" деп жариялап, стадионды шаттыққа бөледі.

Желідегі көпшілік "енді бұлар қызының атын Джениифер деп қоятын шығар" деп әзілдеп жатты. 

"Бақытты шегіртке"

Концерт кезінде Джей Лоның үстіне шегіртке шығып алды. Мойнына қонған шегірткені Дженнифер сабырмен қабылдап, қолымен қағып жіберіп, күлімсіреп, өнер көрсетуін жалғастыра берді.

Кейін бұл жәндікті Айсұлтан есімді қазақстандық ұстап, әлеуметтік желіде әзілдеп "сатылымға" қойып, оны Астанадан пәтерге айырбастауды ұсынды. Шегірткеге ол символдық түрде "Марк Энтони" деген ат берді.

Джей Ло командасындағы вокалист қазақстандық шоколадға "ғашық болды"

Америкалық әнші, Лопестің командасындағы вокалист Шэрон әлеуметтік желіде "Kazakhstan" қара шоколадының суретін жариялап, оны "өміріндегі ең дәмді шоколад" деп атады. Жазба желіде тез тарап, көп ұзамай қонақ үй қызметкерлері оған отандық өндірушіден бір қорап шоколад сыйға тартты. 

Ол қазақстандықтардың қонақжайлығы мен ақ пейіліне риза екенін жеткізді. 

Алматылық отбасының дастарханынан дәм татқан бас гитарист 

Джей Лоның келуімен есте қалған тағы бір қызық оқиға: алматылық отбасы Лопестің бас гитарисін үйінде қонақ етіп, сарқыт салып жіберген. Бота есімді қала тұрғынының айтуынша, оған інісі 15 минут бұрын телефон шалып, үйіне қонақпен келе жатқанын айтқан. Қонақтың кім екенін сұрағанда, ол Джей Лоның бас гитарисі екенін жеткізген. Інісі гитариспен баскетбол алаңында кездейсоқ танысып, үйге қонаққа шақырған. 

Айта кетейік, Астанада Дженнифер Лопестің концертін ұйымдастырған продюсер Мәлік Хасеновтің айтуынша, қазіргі уақытта әйгілі әнші Шакирамен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Алдағу уақытта Қазақстанда енді Шакира концерт беруі мүмкін. Сондай-ақ, 19 қыркүйекте Орталық стадионда Backstreet Boys өнер көрсетеді. Екі күннен кейін 21 қыркүйекте топ елордадағы "Астана Аренада" концерт өткізеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:44

17:23

17:20

17:02

16:39

16:34

16:25

15:56

15:45

14:41

13:15

12:45

12:25

11:48

11:41

11:31

11:26

11:06

10:58

10:52

10:45

23:31

23:04

20:46

20:44