ffin.kz

Шалқар сезімді, терең ойлы ақық жырлар

Шалқар сезімді,  терең ойлы ақық жырлар almaty-akshamy.kz

Ақын Қазыбек Исаның «СЫРТОЛҒАУ» жыр кітабы  Мемлекеттік сыйлыққа лайықты дүние

Аспан мен Жердің арасында бірде шілденің аптабындай ысып, бірде қаңтардың қаһарындай мұздап, дамылсыз аласұрған ақынның бейкүнә жанындай беймаза болмыс бар ма екен? Бірде кернеусіз тәтті қиялдың қанатына жармасып шыңға, құс жолынан биікке өрлесе, енді бірде батпандай ауыр, ащы мұңның салмағынан шыңыруға құлап, парша- парша болып жылап жататын ақынның жаны – жарық дүниенің бір тылсым құбылысы.

Осынау ғаламдық урбанизация дәуірінде сақиналы ойдың, сақи сөздің сәулесін ұста­ған қиялилау пақырдың дала кезген дәруіш­тей даналық қалпын, нақлиқаты әулиелікке барабар жанкешті мұңын ұғатын жұмырбас­ты пенделер де сиреп бар жатқандай ма, қа­лай? Қалай десек те, өзге адамдардың көр­мейтінін көріп, сезбейтінін сезе алатын, космогониялық гипотезаларды қиялмен ше­шуге тырысатын, жаратылыстың эволюция­лық қозғалысын ерекше түйсікпен түйсі­нетін, Жер бетіндегі биосфераның бедерлерін өзіндік таныммен талдап, аңмен де, құспен де, жапырақпен де, шөппен де, қайыңмен де, қарағаймен де сөйлесе алатын ақынның Құ­дай берген арда қасиеті қастерлеуге тұрар­лық. Қазақ халқының шынайы ақындарды ерекше құрметтейтіндігі де сондықтан. 

Нағыз ақын – елдің құрметтісі, нағыз ақынның жауһар туындылары – елдің алтын қазынасы. Бүгінде мұқым қазаққа танымал талантты ақын Қазыбек Исаның Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып жат­қан «Сыртолғау» атты өлеңдер жинағын оқығанда бергені де мол, берері де көп қа­ламдоз досымның жүрегіне шындап үңіліп, жан сырына терең бойлағандай болдым. Са­ғыныштан басталып, шалқар сезіммен өріліп, салиқалы терең ойлармен түйінделетін ақық жырлар кітаптың өне бойында маржандай тізіліпті. Әр өлеңнің тереңіне бойлаған сайын ғажайып күй кешесің. Ақынның тәтті мұңы­на ілесіп, тамаша музыка тыңдағандай көңілің толқиды. Жүрегің шымырлап, терең ойға батасың. Тебіренесің.

Мен бұл мақаламда Қазыбек ақынның туған жер, өскен ауыл туралы жазылған бір­неше өлеңі туралы ғана сөз етпекпін.

Шаңыраққа баладық Күндi биiк,

Бiр Құдайға ден қойдық бiрлiк ұйып.

Топырағыңды басқанда жалаңаяқ,

Тұла бойға туған жер нұрды құйып,

Алтын жұққан табаным тұрды күйiп..,

деп толғанады ақын туған жер жайында. Тө­беңде Күн – шаңырақ. Жүрегіңде Ұлы Алла. Туған жердің төсі – алтын. Көкірегіңе алтын нұр құйылады. Өзің өскен өңірдің әр тасы, әр шағылы ыстық. Қызылқұм – алтын аймақ. Сағындырады. Табындырады. Тоқсан тарау тірліктің бар қайғысын ұмытып, сенің де Қазыбек өскен Шардара маңайына тартып кеткің келеді.

Тек туған жер жазады жүрек емін,

Текті ақынның қадірін біледі елім.

Төрт бұрышын дүниенің шарлап келіп,

Төрт қақпаңа мен сенің тірелемін!..

Немесе:

Тірлікті айтып бітпейтін нетейін тек,

Ауыл-анам,

Кінәмді өтейін көп...

Шаршаған соң, сағынып келіп тұрмын,

Басымнан бір сипатып кетейін деп...

Бәріміз де туған жерден қуат аламыз. Италиялықтардың: «Барлық жол Римге апа­рады» дейтініндей, біздің Риміміз – туған ауыл. Дүниенің қай бұрышында жүрсек те ауылды сағынамыз. Ауылды аңсаймыз. Ауыл біз үшін Қағбадан да қастерлі. Дейтұрсақ та, ауылды әр ақын әртүрлі жырлайды. Ол әр ақынның парасат деңгейі мен қалам қарымы­на, сағыныш мөлшеріне байланысты болса керек. Қазыбектің ауыл жайлы жырлары тым ерекше. Осы өлеңді ол:

Қой баққанмен қиялы астанада,

Қызықтым сол бейкүнә жас балаға…

Құмды ауылда қалдырып балалығын,

Тартады ол да күні ертең тас қалаға.

Тастап елді кетеді,

Мен де кеткем…

Әлінше әркім шаруасын дөңгелеткен…

Қазына іздеп қалаға ұмтыламыз,

Құм ішінде жатса да көмбе көптен, –

деп түйіндейді. Тас қаладан қандай қазына тапсаң да туған жердің қасиетіне жетпейді дегенге меңзейді. Бұл ақиқатты ауылда өскен әрбір қазақ мойындайды. Жанымызға жақын шындық.

Қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек Қазыбек Исаның поэзиясы туралы кезінде көркем де, көлемді мақала жазғанын жақсы білеміз.

«Қазыбек Иса Қызылқұмда туып-өскен ақын. Оның өлеңдерінің жыңғылдай тара­мыс, сексеуілдей сіңірлі, құмдай ыстық бо­лып келетіні содан болса керек. Ол өзінің кі­таптарының аттарын «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл» деп атауы да сол таби­ғи болмыстан. Ми қайнатып аңқа кептіріп жіберердей аптап астында өскен, ылғи да тұла бойын шөл буып тұратын ақынның ту­ған жерге деген махаббаты да соншалықты ыстық. ...Ал оның махаббат тақырыбындағы өлеңдеріндегі аласұрып тұрған сезім арпа­лыстарының жалынына шарпылып қалған­дай болдым десем, тіпті де артық айтқандық емес. Ол жырларды бүгінгі заманның ғашық­тық ғазалдары десе де болғандай», – деп ту­ған жер мен махаббат жырларының айрықша ажарын атап өтті.

Ауыл – ұлттық салт-дәстүрдің алтын ұясы. Салт-дәстүр – қазақы қасиеттер мен ұғымдарды қанға сіңдіріп тәрбиелейтін ха­лықтық педагогиканың қайнар көзі. Ауыл баласының елсүйгіш, ұлтшыл болып өсетіні, елім деп, жерім деп еміреніп тұратындығы сол мөлдір бастаулардың арқасы. Ауылда өскен бала ешқашан космополит болмайды. Өз халқынан, өз салтынан безбейді. Қай кезде де ұлттық мүдде тұрғысынан ойлай алатын азамат болып қалыптасады. Данышпан ақын Қадыр Мырза-Әлінің: «Нағыз қазақтың бала­сы ауылда өсуі керек» дейтіні бекер емес. Асфальтта өскен ұрпақтың қандай болатыны­на мысал тізіп қажеті жоқ. Күнде көріп жүрміз. Олардың басым көпшілігінің таны­мы да, психологиясы да, өмірге көзқарасы да бөлек. Орыстанып, мәңгүрттеніп болған көп қазақтың баласы сәлем-сауқатты да ұқпай­тын халге жеткен. Жаһандану деген жалған теорияның жетегіне еріп, ұлттық болмысы­нан безіп, қара басының қамын ойлаудан арыға бармайтын бозөкпелер ертең елдің сөзін сөйлей ала ма? Бірдеңе деу қиын.

Қазақ жұрты тіл жанашыры деп танитын Қазыбек Иса қайраткерлік деңгейге кө­теріліп, Парламент төрінде отырса да, осы өзекті мәселені бір сәтке ұмытқан емес. Ол ауылды махаббатпен жырлау арқылы талай адамның көзқарасы мен пікірін өзгертті. Әлі де өзгерте алады. Сол жолда жан аямай тер төгіп келеді.

Ақынның жүрегіндегі ұлы сағыныш ең әуелі қимастық сезімнен басталады. Қай кез­де, қай тарапқа жол тартса да туған жер, өс­кен ауылды қимай, артына қарайлай-қарай­лай аттанатын талант иесі мұңдана отырып мөлдір өлең өреді.

Шабыт алып шаңыңнан, шағылыңнан,

Дауа таптым дамылсыз дауылыңнан.

Ұлы дүбiр ұлыңа ұйқы бермей,

Ұзап кетiп барамын ауылымнан...

...Сағымымен қоштастым сар даланың,

Сағынумен сан өлең арнағамын.

Көз жетпейтiн көкжиек көңiл тартып,

Шағаласы шарқ ұрды Шардараның.., –

деп толғанады «Аттанарда» атты жырында.

«Ұйқы бермес ұлы дүбір». «Көз жет­пейтін көкжиек...». Алыстан қол бұлғаған ұлы мақсаттар. Бала көңілде ерте бүр жарған асқақ армандар. Қарын тойдырудың қамын ғана ойламай, елдік мақсаттарға қызмет ететін, елдің сөзін айта білетін шайыр дең­гейіне көтерілу миссиясы ақынның жанына тыным бермейді. Оның ұлы мұраты – елдің сөзін сөйлеу. Ол бар ғұмырын сол жолда сарп етуге дайын.

Қазыбек Исаның «Сыртолғау» өлеңдер жинағы Мемлекеттік сыйлыққа лайықты дү­ние деп толық сеніммен айтуға болады.

 

 

Мұхтар ШАХАНОВ,  Қазақстанның Еңбек Ері,  Қазақстанның Халық жазушысы:

НАҒЫЗ ШЫН АҚЫНДАРДЫҢ БІРЕГЕЙІ – ҚАЗЫБЕК ИСА

Қазақта ақын көп. Ақынмын деп жүргендер одан да көп. Талантты деп жүргендерiмiздiң барлығы бiрдей шын ақын емес. Егер ол елiнiң жоғын жоқтай алмаса, мұңын мұңдай алмаса, ұлтының ұлттық құндылықтарын сақтап қалуда батыл қадамға бара алмаса, оның несi ақын?!

Әдебиет пен мәдениеттi көкке көтеру үшiн, тiл мен дiлдi сақтап қалу үшiн күрес­пеген ақынның тiрлiгi – сөзi мен iсi қабыспаған зиянды жанның тiрлiгi. Ел дегенде, жер дегенде, намыс дегенде өзiндiк ұстанымы бар, қалыптасқан, айнымас көзқарасы бар ақын – шын ақын. Сондай шын ақындардың бірі десек те, бірегейі десек те, лайықты тұлға – Қазыбек Иса.

Мен оны тек ақын ғана емес, ел дегенде еңiреген, жер дегенде жүрегiн жұлып бере алатын азаматтығы үшiн, қайсар қайраткерлігі үшін сыйлаймын... Қазыбек Исаның Мем­лекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сыртолғау» жыр кітабында ойы терең, тілі бай, көр­кемдігі күшті үздік өлеңдер молынан жетіп-артылады. Афоризмге айналар айшықты жолдар жадыңда жатталып қалады. Мысалы:

«Бақытсыздар көп ойлайды

Бақытын,

Бақыт деген – БАҚЫТ

жайлы ойламау!», –

деген өлеңі маған ерекше қатты ұнады. Бұл – бұрын айтылмаған тың тұжырым, соны жаңалық.

Маңдайын күнге күйдірген,

Табанын жерге тілдірген,

Қайран ел, қазақ ақысын,

Қайтару үшін жүрмін мен! –

деген асқақ сөзді айту үшін де арыны мен дарыны келіскен өр ақын, шын ақын болу керек!.. Ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы Мемлекеттік сыйлыққа нағыз лайықты туынды деп білемін. Егер бүгінде біз аңсаған әділеттік орнаған болса, онда Қазыбектің аты аламанда алдымен келіп, ақ маңдайы жарқырауы керек деп сенеміз. Ақиқат үшін күрескен ақын бауырымды Алла қолдасын!

(Дереккөз:qazaqadebieti.kz).

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32