“Музей түні” мәдени акциясы Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде де өтіп жатыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биылғы іс-шара музейдің 45 жылдығымен тұспа-тұс келіп, кеш қонақтарына ауқымды мәдени-танымдық бағдарлама ұсынды.
Театрландырылған экскурсиялар ұйымдастырылып, Қорқыт, Құрманғазы, Біржан сал образдарын сомдаған актерлер күй тартып, ән шырқады. Музей сыртында аспап жасау, сурет салу бойынша шеберлік сабақтары өтті. Ал сахнада этно-фольклорлық “Сазген сазы”, “Ақжауын”, “Парасат”, “Арқайым” ансамбльдері, сондай-ақ Жанар Айжанова, Ерболат Құдайбергенов, Еркін Құдайбергенов және “Алатау серілері” тобы өнер көрсетті. Тіпті, музейге келушілер жасанды интеллект көмегімен әзірленген арнайы фотозонада этнографиялық және әлемдік стильдегі бейнелермен естелік суретке түсу мүмкіндігіне ие болды.
Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің бөлім жетекшісі Данияр Жанқабаевтың сөзінше, биылғы акцияның маңызды жаңалығы – музей қорына Роза Бағланова мен Секен Тұрысбековтың домбырасының қабылдануы. Құнды жәдігер Музей түні алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Сондай-ақ, музейдің 45 жылдығына арналған архивтік фотосуреттер мен құжаттардан құралған арнайы көрме ұйымдастырылды.
“Кейінгі жылдары музей қорында құнды жәдігерлер саны артып келеді. Жыл басында Димаш Құдайберген ұстаған домбыра қабылданса, алдағы уақытта Португалияның ұлттық музыкалық аспаптарын қорға алу жоспарланған. Қазіргі таңда музей қорында әлемнің 50-ге жуық ұлттың мыңнан астам музыкалық аспабы сақтаулы тұр. Жалпы қордағы жәдігерлер саны 1330-дан асады. Олардың қатарында музыкалық аспаптардан бөлек сирек кітаптар, ноталар мен пластинкалар да бар”, - деді бөлім жетекшісі.
Мәдени кеш түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасады. Ал сағат 23:00-де музей алдында ашық аспан астында қазақ музей ісінің негізін қалаушылардың бірі - Өзбекәлі Жәнібеков туралы «Дара» биографиялық фильмі көрсетіледі.
* Тақырыпқа орай
Махмут УЙГУН, Түркиядан келген қонақ:
Ұлттық әуен жетелеп әкелді
Қазақстанның ең әдемі мегаполистерінің бірі – Алматыға достарымызбен екі күн бұрын келдік. Бірақ бүгін қалада “Музей түні” өтіп жатқанынан бейхабармыз. Осы маңнан өтіп бара жатып, кенет қазақтың ұлттық аспаптарымен сүйемелденген ерекше әуенді естідік те, бұл жерге соқпай кете алмадық. Ұлттық киім киген адамдарды, ансамбльдердің орындауындағы ән-күйлерді көріп, ерекше әсер алдық. Музейдің ішіне кіргенде түркі халықтарына ортақ дүниелерді байқап, өзімізді бөтен емес екенімізді тағы бір сезіндік. Музейдің сыртқы келбеті де өте ерекше екен. Осындай әдемі мәдени кештің үстінен түскенімізге қуаныштымыз.
Гүлжанат Сембаева