Алматыдағы «Қазақстан» ұлттық арнасының жаңа ғимаратында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биыл «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойы жыл басынан бері атап өтілуде. Мерейтойлық шаралар аясында қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланған болатын.
Байқаудың демеушісі – көрнекті жазушы «Ғабиден Құлахмет» қоры. Байқауға қатысқан 17 мен 35 жас аралығындағы үміткерлер жазушы Ғабиден Құлахмет шығармаларынан екі минуттық мәтінді оқып, аудио файлмен бірге өзінің қысқаша өмірбаянын жолдаған болатын. Байқауда мектептің 11-сынып оқушыларынан бастап, колледж және ЖОО студенттері және әр түрлі саланың мамандары өзінің бағын сынады.
Жазушы шығармашылығына терең бойлап, өзі таңдап алған бөлімді тыңдаушыға шебер жеткізу және дауыс көркемдігі мен тіл анықтығын қазылар алқасы жіті бақылады. Нәтижесінде байқауға қырыққа жуық жұмыс келіп түсті. Байқау шарты бойынша жасы сәйкес келмей, жұмысы қабылданбаған қатысушылар да, Ә.Байжанбаев атындағы байқаудың жеңімпазы ретінде қатыса алмағандар да болды. Қалған қатысушылардың ішінен: Бір - Бас жүлде, екі 1-орын, екі 2-орын, үш 3-орын және бес ынталандыру сыйлығының жүлдегерлері анықталды.
«Шалқар» радиосы - қазақтың күретамыры, ұлттың үнжариясы. Ғасырлар қойнауынан келе жатқан төл мұрамызды насихаттауда өлшеусіз еңбек етіп келе жатқан ұлттық радио әлі де тың жаңалықтарымен тыңдарманын қуанта бермек.
Радио ұжымы Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауына демеушілік жасаған жазушы Ғабиден Құлахмет қорына алғыс білдірді.