ffin.kz

Сәуле әлемі

Сәуле әлемі almaty-akshamy.kz

«Алтын адам» сыйлығының иегері Сәуле Айдарованың білім-ғылымға, елге сіңірген ілкімді істері хақында


Бүгінде болмысы нәзік әйел-аналар біз секілді зайырлы мемлекеттің барлық саласында да абыройлы еңбек етіп жүр. Соның ішінде ғылым – аса ауыр жол. Ауырлығы сонда, асқан табандылықты, жалықпай ізденуді, зор ықыласты, таусылмас күш-жігерді талап етеді. Ал осындай миссияны көтеріп жүру әйел затына тіпті де оңайға соға қоймас. Бірақ бір күнін де ғылымсыз елестете алмайтын «Бір белдеу, бір жол» мұнай-инженерлік институтының директоры, химия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі Сәуле Айдарова осындай жолды таңдағаны үшін тағдырына әрдайым риза.


«Бір белдеу, бір жол» мұнай-инженерлік институты Азия, Еуропа энергетикалық университеттерімен және мұнай компанияларымен серіктестікте ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың перспективалық жоспары аясында құрылған болатын. Миссиясы – жаһандық және ғылыми кеңістікте білім беру, ғылым және кәсіпкерлік саласындағы ынтымақтастықты дамыту үшін интернационаландыруға және тұрақты платформа құруға ықпал ету. Сондай-ақ, бүкіл әлемде танылған, энергетика саласындағы инжиниринг пен инновацияға құзыретті көрнекті таланттарды дайындау үшін университеттердің, ғылыми-зерттеу институттарының және өндірістік салалардың ғылыми-инновациялық әлеуетін шоғырландыру. Шетелдік озық технологиялар мен білімдердің трансфертін қамтамасыз ету, оларды мұнай өндіру, тазарту және өңдеу процестерінің сапасын жақсартуға бейімдеу, сонымен қатар жаңа буынға білікті инженерлік-техникалық кадрларды даярлау да кіреді.


«Құрмет» орденінің, ҚР Мұнай-газ және энергетика кешенін дамытуға сіңірген еңбегі үшін алған «KazEnergy» медалінің, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері Сәуле Байларқызы «Геология, минералдық және көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу, жаңа материалдар, технологиялар, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар» Ұлттық ғылыми кеңесінің (2012-2015 жж, 2019-2022 жж.), «Болашақ» (2021 ж.) халықаралық стипендиясын тағайындауда үміткерлерді іріктеу үшін Тәуелсіз сараптамалық комиссияның мүшесі болды. Сондай-ақ, Қазақстанның мұнай-газ саласының жаңа кәсіптері мен құзыреттерінің салалық атласын әзірлеу жөніндегі сарапшы және ҒЗТКЖ және кадрлар даярлау бөлігінде Қазақстанда мұнай-газ химиясын дамыту тұжырымдамасын әзірлеу жөніндегі комиссияның мүшесі болып табылады. Сонымен қатар, шетелдік белді жобаларда да бой көрсетіп жүрген белсенді ғалым. Атап айтсақ, UK Research and Innovation (UKRI) International Development Peer Review College шетелдік жобасын бағалау жөніндегі белді сарапшы.


Оның сараптамалық жұмысы GCRF жаһандық проблемаларды зерттеу қоры мен Ньютон NF қорының шешімдерін қабылдауда маңызды рөл атқаратын UK Research and Innovation (UKRI) халықаралық департаментінің директоры тарапынан жоғары бағаланып, Алғыс хатпен марапатталған.



Кейінгі бес жылда 177 еңбегі жарияланып, оның 80-нен астамы ағылшын тілінде жарық көрген. Профессор Сәуле Айдарова докторлық және кандидаттық диссертацияларын М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Жұқа химиялық технология институтында қорғады. Ол ғылым, білім және инновация саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың табысты дамуына үлкен үлес қосты. Ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру, дайындау және сараптау бойынша жұмыстары да табысты болды.



С.Айдарованың ғылым жолындағы мәртебесі «Interfaces Against Pollution» халықаралық қауымдастығының (Нидерланды) халықаралық ғылыми консультативтік комитетіне және көптеген халықаралық конференцияларды ұйымдастыру комитеттерінің (Испания, Жапония, ГФР, Голландия, Қытай және т.б.) мүшесі болып сайланғанда биіктей түскенін мойындайды әріптестері. Ол «Surfactants in Solution–2022» конференциясы аясында «Аdsorption layer dynamics at liquid interfaces» симпозиумын ұйымдастырып, тізгінін де өзі ұстап төрағалық етті. Технологиялық процестерді оңтайландыру және қарқындату, сондай-ақ экологиялық проблемаларды шешу үшін еліміздің әртүрлі индустриялық маңызды өңірлерінде жұмыс істейтін және коллоидтық-химиялық зерттеулермен айналысатын зерттеушілердің ғылыми тобын қалыптастырды.


Жалпы, Сәуле Байларқызының инновациялық және ғылыми қызметі еліміздің мүддесі үшін аса өзекті, стратегиялық маңызы бар және ғарыш, мұнай-газ және басқа салаларда қолданылатын жаңа нанотехнологиялар мен наноматериалдардың коллоидтық-химиялық дизайны, мұнай беруді қарқындату және технологияларды оңтайландыру, мұнайды дайындау және тасымалдау, мұнай өндіру мен өңдеудің химиялық-технологиялық және экологиялық аспектілері сынды бағыттарды қамтиды.


Біздің ғалым шетелдік жетекші ғалымдармен (Макс Планк институты, Лейбниц институты, Пекин және Циндао университеттерімен) тығыз ынтымақтастықта еңбек етіп жүр. Түрлі ғылыми зерттеулер АҚШ пен Норвегия грантын жеңіп алуға және «Азғыр полигонының радионуклидтермен ластанған топырақтарының бетін бекіту» жобасын сәтті аяқтауға мүмкіндік берді.



Жетістіктеріне тоқмейілсіп қарап отыруды білмейтін Сәуле Айдарова ҚБТУ-дың инновациялық жобалар жөніндегі басқарушы директор және ғылыми хатшысы бола отырып, мұнай кәсіпшілігі және коллоидтық химияның инновациялық зертханасын ашты. Сөйтіп өнеркәсіптің мұнай-газ секторына енгізу үшін мұнай беруді арттырудың, көмірсутек шикізатын тасымалдаудың және кешенді өңдеудің физика-химиялық және технологиялық негіздерін әзірлеуге арналған инновациялық жобаларды іске асыру, дайындау және сараптау бойынша ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізді. Ол Қазақстанда алғаш рет инновациялардың дамуын тікелей айқындайтын және нақты секторды сапалы қайта құрудың, демек, экономиканы одан әрі дамытудың маңызды факторы болып табылатын нанотехнология саласындағы озық ғылыми жетістіктермен алмасуға арналған «Индустриядағы коллоидтар мен нанотехнологиялар» халықаралық конференциялар сериясын ұйымдастырып, табысты өтуіне атсалысты.



Оның Швеция, Германия, Португалия, Англия, ҚХР және Ресей сынды ірі мемлекеттердің танымал ғалымдары қатысқан тренингтер мен шеберлік сабақтарын ұйымдастырғаны да біздің мемлекет үшін үлкен абырой, бедел болғаны анық.


Ғалымның Болон процесі шеңберінде іс-шараларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында магистрлік бағдарламаларды жаңғыртуға арналған Темпус жобасын басқарғаны да жетекші ғалымдар арасында жоғары бағаланды. Жоба аясында су ресурстарын басқару орталығы құрылды. Жаңа халықаралық магистрлік бағдарлама енгізілді. Енді бүгінде мүдделі мемлекеттік органдар, ҚР Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының жол картасына кіретін кәсіпорындар арасында сол тәжірибелер таратылуда.


Сәуле Айдарова инновациялық студенттік элитаны тәрбиелеумен белсенді түрде айналысып келеді. ҚБТУ-да «Химик-технологтардың студенттік клубын», «Orda Innovation» клубын ұйымдастырды. Оның жетекшілігімен әзірленген «Металл беттерінің коррозиясынан қорғау, лак-бояу материалдарының сапасын арттыру үшін ультрамикрогетерогенді наноэмульсиялар мен нанодисперсияларды алу мақсатындағы «ноу-хау» ғылыми негізделген әзірлеу технологиясы» деп аталған студенттік-инновациялық жобасы Алматы қаласының студент жастары арасында қала әкімдігінің инновациялық идеялар байқауында жеңіске жетті. Ол да біздің кейіпкеріміздің бағындырған бір белесі десек, артық айтқандық болмас.


Сәуле Айдарованың білім-ғылымға, елге сіңірген осындай ілкімді істерінің лайықты деп танылғаны болар, жуырда адал еңбегінің өтеуі ретінде Халықаралық «Алтын адам» сыйлығының «Жылдың ғылыми қайраткері» аталымының лауреаты атанды.


 


Блиц-сауал


– Cәуле Байларқызы, ғылым жолы табандылықты, шыдам, төзімді талап ететін сала. Осы тұрғыда әкеден не алдыңыз, анадан бойыңызға не дарыттыңыз?


– Әкем еңбексүйгіш кісі еді. Кітапты өте көп оқитын. Көзілдірігін киіп алып, қалың-қалың энциклопедияларды бас алмай оқып отыратын сәттеріне бала күнімде қатты қызығушы едім. Ал анам бізге «Батырлар жырын» оқып беретін. Алпамыс батыр, Қобыланды батыр жырларын жатқа білуші едік. Кітапсүйер қасиет екеуінен де дарыған болар деп ойлаймын. Мені әке-шешем бетімнен қақпай еркін өсірді. Әлі есімде, 5-сыныпта оқып жүргенімде «геолог боламын» дедім бір күні. Анам «далада, тау-таста жүргенде сені қасқыр жеп қояды» деді. Қыз балаға ғылым жолы ауыр дегені ғой. Бірақ мен химия ғылымын таңдадым. Маған ғылым саласы үлкен ләззат сыйлайды.


– Осынау өмірдегі ең басты ұстанымыңыз?


– Адамгершілік, адалдық, тазалық, тектілік, сыйластық, еңбек. Адам бойында осы қасиеттер қатар өріліп жататын болса, онда жетістіктерге жету қиын болмайды.


– Жаныңызға жылдың қай мезгілі жақын?


– Өзім көктемде өмірге келіппін. Сондықтан болар, айнала жаңарып, жасарып, бәйшешектер бүр жарып жатқан шақ жаныма тыныштық, жүрегіме қуаныш сыйлайды.


– Байлықты немен өлшейсіз?


– Байлық деген жарқ-жұрқ еткен затпен немесе қымбат киімдермен өлшенбейді. Жастарға да айтарым сол, байлықты адамгершілікпен, қайырым, мейіріммен және білім, біліктілікпен және еңбекпен өлшеп жүрер болсақ, ештеңеден ұтылмаймыз.


 


Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04

11:51