ffin.kz

Сән әлеміндегі ұлттық нақыш

Сән әлеміндегі ұлттық нақыш Almaty-akshamy.kz

Алматылық жас дизайнерлер Қырғызстанда өтетін сән апталығына қатысады 

Еліміздегі сән индустриясын әлемдік деңгейге шығарған Kazakhstan Fashion Week жобасы уақыт өткен сайын қарқынды дамып келеді.

Жақында Алматыда шығармашыл жастардың басын қосып, олардың фешн индустрия әлеміндегі қолтаңбаларын паш етуге бағытталған Kazakhstan Fashion Week (KFW) ұлттық сән апталығының кезекті 34-маусымы өтті. Mercedes-Benz диллерлік орталығында ұйымдастырылған сәнгерлер салтанатына отандық және шетелдік дизайнерлер өздерінің 30-ға жуық брендін ұсынды. Ал керемет кешті сән әлемінің серкелерімен қатар, шетелдік қонақтар, кәсіпкерлер, шоу-бизнес өкілдері, блогерлер мен талғампаз көрермендер тамашалады.    

Апталықтың шымылдығы есімі Қазақстанда ғана емес, шетелдерге де кеңінен танымал, табысты дизайнер Аида Кәуменованың топтамасымен ашылды. Бірнеше жылдан бері өзінің жеке маркасында (Aida KaumeNOVA) брендті киімдер шығаратын отандық сәнгердің бұл жолғы коллекциясындағы түсі қанық реңктер мен табиғи матаның мінсіз үйлесімі көпшілікке ерекше шабыт сыйлады. Оның әр топтамасынан ұлтының салт-дәстүрін құрметтейтін және өзінің ерекше стилін сақтай отырып, заманауи табысты әйелдің даралығын көрсететін бейнелерді көрдік.

Жаңа дизайнерлік топтамалардың фэшн-көрсетілімін одан кейін Иссенкель және Велла Ахтимер, Алексей Чжен, Адиля Ботабаева, Леонид Жеребцов сынды бренд иелері мен жас дизайнерлердің киім үлгілері жалғастырды.  Жылына екі мәрте, яғни көктем-жаз, күз-қыс коллекцияларын ұсынатын жоба биыл да жастар шығармашылығына басымдық беріпті.  

Апталықтың алғашқы күнінен ерекше көзге түсіп, көрермен көзайымына айналған жас дизайнерлердің қатарында алматылық НҮСІП Тоғжан Мұратқызы да бар.

Тоғжан НҮСІП – New Generation Open Way 2023 байқауында 300-ге жуық киім эскиздері мен өтініштерін ұсынған үміткердің арасынан 22 финалистің тізіміне енген жеңімпаздың бірі. Қазіргі таңда Т.Жүргенев атындағы Ұлттық академияның «Театр және кино сахналық костюмі» мамандығының бітіруші студенті, Сәндік қолданбалы өнер саласының текстиль суретшісі. Өткен жылы «Мatai» брендімен көпшілікке танылған Тоғжан биыл сәнсүйер қауымның назарына этникалық стильдегі KIVAZ брендімен BAYAN топтамасын ұсынып отыр.

Ұлттық нақыштың сән әлемінде бірнеше бағыттары бар екеніне ерекше көңіл бөлген жас сәнгердің BAYAN коллекциясы көшпенділердің дәстүрлі мәдениетін бейнелейді. Киім үлгілерінде өзіндік стиль, идеялар мен өткір философиялық мән жатқан талантты бойжеткеннің туындыларында қазақтың ою-өрнектері мен әшекейлері өте әдемі үйлестірілген. Дәстүрлі элементтерді де заманауи трендтермен байланыстырып шебер қолдана білген.

Жетістікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздықпен қоса білім қажет деген жас дизайнер сән әлеміне басқан қадамы жайында былай дейді: 

– KFW ұлттық сән апталығының биылғы маусымында KIVAZ брендімен Bayan деп аталатын алғашқы, дебюттік топтамамды ұсындым. Бұл менің сән әлеміне дизайнер ретінде аттаған алғашқы қадамым десем де болады. KIVAZ  – сақ тілінен аударғанда «қорғаныс», «күш», «батылдық» және «төзімділік» секілді бірнеше мағынаны білдіреді, – дейді ол.

Тоғжанның туындыларында ұлттық бояу бар. Ол қазіргі жастардың этностильге қызығушылығы артып келе жатқанын ескеріп, туындыларының барлығын сұранысқа бейімдеп әзірлегенін айтады. 

– Киім үлгілерімнің дизайны жастардың талғамына сай болуы үшін оған қазақ халқының ғасырлар талғамынан өткен  таңбалы өрнектерін, байырғы заманнан бастау алатын сәндік қолданбалы өнерді – кестелеу, батик, дымқыл және құрғақ киіз басу, сырып тігу, құрақ құрау техникаларын пайдаландым. Әрбір образда маталар фактурасы, түстер жиынтығы мен силуэттің сан алуандығын ойната отырып, ежелгі көшпенді халықтың рухани негізі мен тұрмыс тіршілігін көрсетуге тырыстым. Арманым – алдыңғы толқын аға-апаларымыз секілді әдемілік әлемінде қолтаңбамды қалдырып, өз брендімді қалыптастыру, – дейді Тоғжан. 

Иә, сәнгер жұмысының басты мақсаты – ерекше образ жасау арқылы адамның стилінің даралығын айқын көрсету. Бұл ретте Тоғжанның алға қойған  жоспары да көп. Ал оларды жүзеге асыру үшін табандылық пен шеберліктің қажет екені сөзсіз. Мәселен, Тоғжан  биылғы топтамаларының эскиздерін 2023 жылдың күз айында бастаған. Жалпы дайындық пен тігу жұмыстарына үш айға жуық уақыт жұмсапты.

Еңбегінің нәтижесі сол, жақында Тоғжан Нүсіптің KIVAZ бренді мен Ая Нүркенованың Na MI Lab бренді Kazakhstan Fashion Week сән апталығы ұйымдастырушыларының қолдауымен Қырғызстанның Бішкек қаласында өтетін Dordoi Plaza Fashion Show 2024 сән апталығына Қазақстан атынан қатысады. Жастар үшін бұл үлкен жетістік! Біз жас дизайнерлерге сән әлеміндегі жұлдызды сәттері көп болсын деп тілек айтамыз!    

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

08:05

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58