Роботтар адамның орнын басып, оларды жұмыссыз қалдыра ма?

Роботтар адамның орнын басып, оларды жұмыссыз қалдыра ма? Сурет: автор

Қазақстанда робототехника мен жасанды интеллект саласы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы өзгерістер мен негізгі мәселелер Айгерім Есімханның «AI Ғылым» бағдарламасының кезекті шығарылымында кеңінен талқыланды. Бағдарламаға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Механика-математика факультетінің аға оқытушысы, робототехника пәнінің дәріскері Балжан Ибрагимқызы мен «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығының аға ғылыми қызметкері Талғат Сүндетов қатысып, саланың бүгінгі ахуалы мен болашағына қатысты пікірлерін ортаға салды.

Робототехника елде қалай дамып жатыр?

Балжан Ибрагимқызы ҚазҰУ-да робототехника мамандығының ашылғанына алты жыл ғана болса да, алғашқы нәтижелер байқалып отырғанын айтты. Осы уақыт ішінде студенттер халықаралық жарыстарға қатысып, ғалымдар зерттеу институттары мен шеберханаларда түрлі жобалар әзірлеуге кіріскен. Университетте жаңа зертханалар ашылып, практикалық жұмыстарға басымдық беріліп жатыр. Оның сөзінше, алдағы уақытта бұл бағытта жаңалықтар көп болмақ.

Бағдарлама барысында робототехниканың Қазақстанда қалай қалыптасқан да сөз болды. Талғат Сүндетовтің айтуынша, ҚазҰУ алғашқылардың бірі болып робототехника зертханасын ашқан. Бастапқы кезеңде микроэлектроника саласында зерттеу жүргізіліп, компьютерлік чиптерді бағдарламалау бағытында жұмыс істеген. Кейін бұл қызығушылық Қазақстанда алғаш рет наноспутник моделін жасауға алып келген. Осы тәжірибенің негізінде елдегі алғашқы робототехника сыныбы ашылып, сала білім беру жүйесінде дами бастаған.

Алғашқы жылдары робототехника мектептерде дамыды. Кейін түрлі жарыстар ұйымдастырылып, бұл бағытқа жастардың қызығушылығы күрт артқан. Талғат Сүндетовтің пікірінше, жарыс пен бәсекелестік қазақ жастарына ерекше әсер етеді.

«Дәл осы жарыстар робототехниканың дамуына серпін берді. Соның нәтижесінде Қазақстан соңғы төрт жыл бойы робототехника саласы бойынша әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда тұр. Бұл еліміздің әлеуеті жоғары екенін және жетекші елдердің қатарына қосылуға мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Енді бұл бағытты университет деңгейінде жүйелі түрде қолдап, дамту керек», – деді ол.

Робототехникаға жастардың қызығушылығы артып келе жатыр
Балжан Ибрагимқызы робототехникаға деген қызығушылықтың жыл сайын артып келе жатқанын айтады. Оның сөзінше, көп адам робототехника десе адам кейпіндегі роботты елестетеді. Алайда бұл – ең алдымен инженерлік мамандық. Өндірісте, көлік жасауда, тұрмыстық техникада қолданылатын автоматтандырылған жүйелердің барлығы робототехникаға жатады. Биыл ҚазҰУ-да дәл осы мамандыққа 32 студент оқуға қабылданған. Ал былтыр бұл көрсеткіш небәрі алты адамды құраған еді. Магистратура мен докторантураға түсіп жатқан жастар да көбейген.

«Мемлекет жастарды өте жақсы қолдап, жағдайын жасап жатыр. Гранттардың санын көбейтіп, оқуға түсуге арналған шекті балды да төмендетіп қойды. Оқимын, осы саланы дамытамын деген студенттерге  көмектесуге біз де дайынбыз», – деді Балжан Ибрагимқызы.

Бағдарлама барысында саладағы негізгі мәселе де айтылды. Талғат Сүндетовтің сөзінше, робототехника мамандары үшін жұмыс орындары әлі де жеткіліксіз.

«Қазіргі таңда оқуын аяқтаған жас мамандар көбіне білім беру саласына немесе стартап жобаларға кетуге мәжбүр. Өндірістік робототехника толық дамымағандықтан, жұмыс нарығында сұраныс шектеулі», – дейді ол.

Роботтар адамның орнын басып, оларды жұмыссыз қалдыра ма?

Ал Балжан Ибрагимқызы Қазақстанда стартап жобаларға қаржыландыру бар екенін, жаңа идеяларды  мемлекет  қолдап жатқанын айта кетті. Сондай-ақ, қоғамда «роботтар адамдарды жұмыссыз қалдырады» деген үрей бар екенін де жасырмады. Оның айтуынша, робот – адамның бәсекелесі емес, керісінше көмекші құрал.

«Роботтандыру адамдарды жұмыссыз қалдырмайды, керісінше жаңа мамандықтардың пайда болуына жол ашады. Ауыр, қауіпті жұмыстарды роботтарға жүктеу арқылы адамның өмірін жеңілдетуге болады. Сондықтан, адамның орнын басып алады деп қорықудың қажеті жоқ» – дейді ол.

Сұхбатта робототехника мен жасанды интеллекттің байланысы туралы да әңгіме болды. Балжан Ибрагимқызы роботты механикалық құрылғыға, ал жасанды интеллектті оның «миына» теңеді. Робот алдын ала жазылған алгоритм арқылы немесе жасанды интеллект көмегімен іс-әрекет жасайды. Жасанды интеллект кей жағдайда шешім қабылдай алады. Мысалы, үй жинайтын роботтар өз бағытын анықтап, кеңістікті бағдарлай алады. Алайда олар адамның орнын толық алмастыра алмайды, тек берілген тапсырманы ғана орындай алады.
Бұл пікірді Талғат Сүндетов те қолдады. Ол халық арасында жасанды интеллект адамға бағынбай кетеді деген түсінік бар екенін атап өтті.

«Бірақ қазір технология әлі мұндай деңгейге жеткен жоқ. Жасанды интеллект берілген ақпаратты өңдеп, қайта ұсынады. Ал шығармашылық ойлау тек адамға тән», – деді ол.

Қазақстан мен Қытай арасында ашылған инситут бізге қандай пайда әкеліп жатыр?

Бағдарлама барысында Қазақстан мен Қытай арасында ашылған Цифрлық технологиялар және робототехника халықаралық институтының жұмысы туралы да айтылды. Балжан Ибрагимқызының сөзінше, бұл орталық Қытайдың үздік компанияларының бірімен бірлесіп ашылған. Институтта робототехникалық жүйелер мамандығы бойынша бакалавр, магистрант және докторанттар білім алып жатыр.

«Бұрын студенттер тек теория жүзінде білім алатын еді. Ал қазір осы инситуттың арқасында роботтарды көзбен көріп, құрылғылармен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап жүр», – дейді Балжан

Орталықта стартап жобалар әзірлеу де қолға алынған. Алдағы уақытта отандық роботтарды жасау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қытаймен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасын іске қосу көзделген. Бұл бағдарлама аясында студенттер білімінің бір бөлігін Қытайда алып, екі дипломмен оқуын аяқтай алады. Бұдан бөлек, қазақстандық студенттер мен оқытушыларға, мектеп мұғалімдері мен оқушыларына арналған практикалық курстар ашу жоспарда бар.
Робототехниканы дамытудың ең тиімді жолы – бәсекелестік

Сұхбат соңында робототехниканы қалай дамытуға болатыны талқыланды. Талғат Сүндетовтің пікірінше, бұл салаға бәсекелестік қажет. Мектептер арасында жарыстар бар, енді оны университет деңгейіне көтеру керек. Университетаралық жарыстар студенттерді нақты жобаларға, стартаптарға, инвестор тартуға жетелейді.

Ал Балжан Ибрагимқызы конкурстарда жеңіске жеткен жастарға грант пен қаржылай қолдау көрсету мотивацияны күшейтетінін атап өтті.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:52

17:50

17:33

17:25

17:10

17:00

16:50

16:24

16:16

16:03

15:43

15:38

15:27

15:16

15:15

14:58

14:44

14:29

14:25

14:11

13:46

12:51

12:35

12:17

12:09